Қоғам • 05 Қазан, 2018

Зайырлылық ұстанымы – заман талабы

1261 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Орал қаласында «Зайырлы қоғам: құқық пен діннің өзара байланысы» атты халықаралық форум өтті. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Серікбай қажы Ораз қатысқан жиынға Өзбекстан, Украина және Ресей Федерациясынан мәртебелі меймандар келді. 

Зайырлылық ұстанымы – заман талабы

Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов форумға қатысушыларды құттықтап, «Бү­гінгі халықаралық форумның тақырыбы қоғамдағы өзекті мәселелерді талқылау және пікір алмасудың шынайы қа­жеттілігінен туындап отыр. Біз қазіргі таңда мәдени, рухани ақпараттың және саяси-философиялық құндылықтардың белсенді өзгеріп жатқан кезеңінде өмір сүріп келеміз. Уақыттың талабына сай, біз де жас мемлекет ретінде сол өзгерістер мен үрдістерге уақытылы жауап қа­тып, мемлекеттілігіміз бен тәуел­­сіздігімізге кереғар дү­ние­лерге дер кезінде зейін қоюы­мыз заңды. Ол үшін құ­қықтық талап­тағы бағыт-бағ­дарымызды қайта қарауымыз да қажет болады. Сондықтан бүгінгі форум барысында зайыр­лы қоғам, ондағы дін мен құ­қықтың өзара байланысы, дін саласындағы заңнаманы жетілд­іру тетіктерін жан-жақты талқыға салып, өзара пікір алмасатын боламыз», деді.

Еліміздің Бас мүфтиі Серік­бай қажы Ораз өз баяндамасында Ақжайық өңірінде қазақтан шыққан тұңғыш мүфти, қази Ғұмар Қараш, ақын Кердері Әбубәкір сынды даңқты тұлғалар туғандығын айтып өтті.

– Халқымызда: «Отан үшін күрес – ерге тиген үлес», – де­ген нақыл сөз бар. ХХІ ғасырдағы Отан үшін күрес ең әуелі терең білім алып, сол білім мен тәжірибені елдің игілігі мен өркендеуіне сарп етуден басталады. Білім – баға жетпес олжа, үлкен қару. Білімсіз өркениет жоқ. Бүгінгі таңда күш те, қуат та – білім мен бірлікте. Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Білім мен хикмет мұсылмандардың жоғалтқан қазынасы, қай жерден тапса да иемденіп алсын», – деген. Оқу орындарында оқып жүрген ұл-қыздарымыз, бауырларымыз ел-жұртқа пайда әкелер білім ізденсе, жаһанның ең озық технологияларын үйреніп, оны өзгеге үйретсе – елге қосқан үлес осы болмақ. Ұлттық тәрбие мен көркем мінез болмаған жерде асқан білімнен пайда аз. Алла Елшісі «Дін деген не?» деген сауалға: «Дін – көркем мінез», – деп үш қайтара жауап берген. Өзі де бұл ғаламға «Көркем мінезді кемеліне жеткізу үшін жіберілдім» дейді. Қазір заманауи ғылымның оқымыстылары жетістікке жетудің төте жолы – көркем мінез, – деді Қазақ­стан мұсылмандары діни бас­қар­масының төрағасы, Бас мүфти. 

Бас мүфти сонымен бірге зайырлылық пен атеизмнің арасы өте алшақ екенін айта келіп, еліміздегі зайырлылық ұстанымын кешегі коммунистік кезеңдегі атеизммен салыстыру өрескел қате екенін ескертті. 

– Кешегі кеңестік идеология атеизмге негізделген секуляризм болды. Ол кезде кез келген таным, ғылым, өнер, әдебиет пен тарих, философия сол идеологияға қызмет етті. Сондықтан кешегі коммунизм зайырлы ел емес, ол атеистік мемлекет болды деп айтылады. Ислам әлеміне танымал ойшыл бабамыз Әбу Насыр әл-Фараби «Қайырымды ел көзқарастарының төркіні», «Азаматтық қоғам» және «Дін кітабы» деп аталатын рисалаларында мемлекеттік институттың діни емес негізде басқарылуы туралы жазып қалдырған. Бүгінгі таңда бізде қолданылып отырған зайырлылық ұғымы «дінді жоққа шығару емес», керісінше – адам­ның ар-ождан бостандығын, діни сенім еркіндігіне кепілдік беру деген түсінікті қамтиды. Яғни, зайырлылық ұғымы «ар-ождан бостандығы» және «төзімділік», «толеранттылық» сынды ұғым­дармен және түсініктермен тығыз байланысты, – деді Серікбай қажы Ораз. 

Пленарлық мәжіліспен бас­талып, түстен кейін секция­лық мәжілістермен жалғас­қан форумға Өзбекстан мұсыл­ман­дары діни басқармасының халықаралық қатынастар бөлімі басшысы Мухаммад-Акмалхан Шакиров, Украина елінің Ұлт­тық педагогика уни­вер­ситетінің доценті Денис Брилев, Башқұртстандағы Ресей ислам университетінің про­ректоры Мурсаль Ахметов, Қазақстан Республикасы Қоғам­дық даму министрлігі Дінтану сарап­тамасы және діни білім беру ұйымдарымен байланыс басқармасының басшысы Мейрам Иманбаев, «Нұр-Мү­барак» Қазақстан-Мысыр ислам мәдениеті университетінің проректоры Қайрат Құрманбаев, Батыс Қазақстан облысы про­курорының міндетін атқарушы Жандос Өмірәлиев, тарихшы және дінтанушы ғалымдар, теологтар, имамдар, медресе шәкірттері, ішкі істер және ұлттық қауіпсіздік комитеті мамандары, аудан әкімдері мен ішкі саясат бөлімдері мамандары, БАҚ өкілдері қатысты.

Халықаралық форумға қаты­сушылардың арасында Баш­құртстандағы Ресей ислам уни­верситетінің проректоры Мурсаль Ахметов те болды. Бүгінгі Ресей Ислам университеті Уфа қаласындағы тарихи ғимаратта, 1906-1919 жылдары әйгілі «Ғалия» медресесі болған жерде орналасқан. Осы тари­хи ғимарат қабырғасына «Ғалия» медресесінде оқыған қазақ қаламгерлері Мағжан Жұмабайұлы мен Бейімбет Майлинге ескерткіш тақта орна­туға Мурсаль Альбертұлы қолдау білдіріп, көп көмек көрсеткен еді. Ресей ислам университетінің проректорының осы еңбегін жақсы білетін оралдық жас­тар Мурсаль Ахметовке үлкен құрмет көрсетті.

Дәл осы күні Орал қаласының іргесіндегі Серебряков ауылында жаңадан мешіт ашылды. Жергілікті мұсылмандар көп­тен күткен салтанатты оқи­ғаға Бас мүфти Серікбай қажы Ораз бен Орал қаласының әкімі Мұрат Мұқаев қатысты. Бас мүф­ти мешіт салудың сауабы қасиетті Құран мен Пайғамбар (с.ғ.с) хадистерінде ерекше баға­ланғанын айтып, құлшылық үйін салған кәсіпкер Жұмабай Айтуев ақсақалға алғыс айтты.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»

Батыс Қазақстан облысы