Қазақстан • 05 Қазан, 2018

Байланыс саласы қызметкерлері арасында байқау өтті

557 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

«Қызылжар-Ақпарат» ЖШС-тің бас­шылығы облыстық «Солтүстік Қа­зақстан» және қалалық «Қызылжар нұры» газеттері оқырмандарының қа­тарын селдіретпеудің жолдарын тынбай іздестіріп келеді. Соның біріне «Қаз­пошта» АҚ жергілікті филиалы­мен тұрақты әріптестік қарым-қатынас қалыптасқанын айтуға болады. 

 

Байланыс саласы қызметкерлері арасында байқау өтті

Суретті түсірген Ерлан ОМАР

Жуырда қос мекеменің бірлесіп ұйымдастыруымен байланыс саласы қызметкерлері арасында өткі­­зілген байқау жария етіліп, «өзі – бір күндік, сөзі – мың күндік» басылымдардың таралуына белсене атсалысқан жеңімпаздар марапатталды. Серіктестік директоры Жарасбай Сүлейменов жаһандану үрдістеріне сай озық технологиялар енгізіліп, әлеуметтік желілер арқылы ақпараттарды жедел жеткізудің түрлі әдіс-тәсілдері қанша қолданылса да, Ахмет Ба­йтұрсынов «халықтың көзі, құлағы hәм тілі» деп баға берген баспасөздің бір саласы газет өміршеңдігін жоғалт­пайтынын, қуатты үні, мән-маңызы төмендемейтінін, бұл орайда Елбасы саясатын, Үкімет тапсырмаларын, өңір жаңалықтарын қалың жұртшылыққа жеткізу басты бағдар болып қала беретінін жеткізді.

Байланыс бөлімшесі арасында Есіл аудандық торабы, ауылдар бойынша Ива­новка елді мекені бірінші орынға лайық деп табылды. Тимирязев ауданында пош­ташы болып жұмыс істейтін Роза Құ­сайынованың 118 адамды газетке жаздырған жанкешті еңбегі жоғары бағаланды. Жеңім­паздарға бағалы сыйлықтар тарту етілді.

«Қазпошта»АҚ облыстық филиа­лының басшысы Бекжігіт Бекбердиев газет-жур­налдарға жазылу науқаны бас­талғанын, олар­дың тиражын кө­бейтуге септігін тигі­зетін мұндай бай­қаулардың дәстүрге айналатынын мәлімдеді.

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Солтүстік Қазақстан облысы