05 Қазан, 2018

Аманат. Алма бақ

885 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Мұнайлы мекенде ауылшаруашылық саласын кәсіп пен нәсіп көзіне айналдыруға бола ма? Бұл сұрақ туған жердің тұрмыс-тіршілігіне жаны ашитын кез келген азаматты мазалайтыны анық.  

Аманат. Алма бақ

Алғашқы алма бағы

«Арай» шаруа қожалығының  иесі Мұрат Каликовтың айтуынша, осы­дан тура алпыс жыл бұрын сол кез­дегі «Гурьевавтотрест» кәсіпорны Сары­өзек­тен алма бағын өсіруді қолға алған болатын. Алғашқыда алма бес гектар аумаққа өсірілді. Содан өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарына дейін халықты асырады десе де болады. 

Кейін тұрмыстық қажеттілікке орай, тұрғындар алма ағаштарын отынға шауып алды. Сөйтіп, жайқалған бау-бақша бір сәтте көзден ғайып болды. Араға жылдар салып, кәсіпкер өткеннің өнегесін қайта тірілтуге күш салды. 

– Әлі есімде, – дейді ол, - алма бағын бүтін бір отбасы болып күтіп-баптадық. Бағбан болудың барлық қыр-сырын білген әкемнен көп нәрсені үйрендім. Қайнаған жұмыстың қақ ортасында жүрген украин мен армян ұлтының өкілдері, олардың есепсіз еңбекқорлығы бүгінге дейін көз алдымда. Он шақты жұмысшыға үкімет есебінен үй тұр­ғызылды. Әке-шешем де таңның атысы, күннің батысы сол бақта тыным таппады. Соның әсері болса керек, мен де бағбандыққа үйір болдым. Әттең, сол кездегі тұрмыстың қиындығына қарсы тұрар тұрғын табылғанда, ол бақ қазір де жайқалып тұрар ма еді, кім білген?

Мұратына жеткен Мұрат

Ол он бес жасында әкеден айырылса да, аманатынан көз жазбапты. «Ама­наты» деп отырғанымыз, бақта мото­рист болып қызмет қылып, суару жұ­мы­сымен айналысты. Кейін тракторист маман­дығын алды. Ақыры, көп кешік­пей агробиостанса меңгерушісі болып тағайындалды. 

Артынша, сексенінші жылдары алма бақ облыстық денсаулық сақтау басқар­масы­ның иелігіне (өкпе аурулары ауруханасына) өтеді. Мұндағы мақсат – нау­қас­тарды оңалту. Дәрігерлер бақшаның мән-жайын қайдан білсін, дереу Мұратты шақырып алып, суарып тұруды өтінеді. Бірақ кейін бақтың өз мақсатында пайдаланылмайтыны анықталып, оның аумағы ақ халаттыларға бөлініп беріледі. Осы­лайша бағбанға бұрынғыдай бақ суаруға рұқсат етілмейді. Амал қанша, білікті маман сүйікті ісінен қол үзеді. Бірақ ол еңсесін түсірмей, үй салып, шаңырақ көтеріп, ұрпақ тәрбиелейді. 

Бірде баяғы бағы не болғанын білгісі кел­ген бағбан алма ағаштарына қарай асы­ға жөнеледі. Келсе, өз көзіне өзі сен­бей, шошып кетеді. Кешегі күн­нен бір белгі де жоқ. Тұрған орны тақ­тай­­дай теп-тегіс. Содан бір сәт сәл ой­ла­нып алып: «Осы бақтың бағы жанбаса, «бағ­бан» деген атым өшсін» деп күбір­леді. Ондағысы Атыраудың алмасын хал­қы­на қалайда қайтарамын деп ант бер­гені. Міне, бүгінгі кәсіпкердің кеше­гі «ер­лігі» осылай басталған еді. Түсін­ген адамға осының өзінен мол өнеге алуға болады.

Атыраудың «Арайы»

Енді әңгіме тізгінін бизнесменнің бүгінгі тыныс-тіршілігіне бұрайық. Бұл жолда кәсіпкер өзінің ақ адал маңдай ақысын да аямағанын айтады. Бейнетсіз зейнет бола ма? Бір жылдары қар қалың жауып, ашыққан қояндар ағаштарды кеміріп тастады. Бірақ қиындықтан қашпауға үйренген Мұрат бұл жолы да бақтан бас тартпады. Өйткені алма бағы – оның шын мәніндегі бар байлығы. 

Қазір ісі оңға басқан. Бақшаның қы­зы­­ғына кенелетін күн туған. Алты жыл­дан бері «Арай» шаруа қожалығы тұ­р­ғын­дарға қолжетімді бағамен жергі­лікті өнімдерін ұсынып келеді. 

«Алманы өзім кептіріп, турап, кесіп, компотқа дайындаймын. Бәрі де маған бала кезден таныс жұмыстар. Алдағы уақытта үлкен цех ашқым келеді. Оған қажетті жерастынан орын да дайындап қойдым. Онда үш тоннаға дейін алма сақтауға болады. Атыраулық балаларға арнап алма езбесін шығару ойымда бар. Әр ағашқа 120 келі малдың көңі керек. Сол мақсатта 15 өгіз өсіруге бел буып, биыл оған азық болатын жоңышқа өсіру­ді қолға алдым. Екінші жағынан, халық­қа ет сатып, алған несиемді қайтарамын. Бес жылдан бері қажетті қора-қопсы құрылысын да жүргізіп жатырмын», дейді бизнесмен.

Бүгінде бақта 470 түп алма, алмұрт, өрік, шие және қарақат сынды жеміс ағаштары бар. Былтыр бағбан тағы бір аумаққа 200 алма ағаш егіпті. Айтуын­ша, жақында ерте пісетін алмадан мол өнім жиналған. Көбінесе, кеш пісетін жемістер жақсы сақталады екен. Олар ерте күзде пісе бастайды. Кейде, тіпті тапқан табыс түгелдей шаруадан ауыс­пайтын кездер де бастан өтіп тұрады. 

– Кәсіпкерлерге айтар кеңесім, бүгін­гі істі ертеңге қалдыруға болмайды. Қа­зір көптеген жастар жеке кәсіппен, со­ның ішінде, жеміс өсірумен ертең зейнет жасына жеткенде айналысамын деп ойлайды. Бұл – қате пікір. Мұны мен өз тәжі­ри­бемнен түйдім. Сөйтіп, шаруа­ға бі­л­ек сыбана кірісіп кеттім. Себебі ер­тең кеш болатынын түсіндім. Қол­дан кел­ген­ше кешегі аталар аманаты – алма ба­ғын кейінгі ұрпаққа тапсырғым келеді. Адам баласының жарық дүниеге келу­дегі мақ­сат-міндеті де сол емес пе? Білмес­ең – үйрену, білсең – үйрету, – дейді бағбан. 

Миллион кімге бұйырады?

Иә, айтса айтқандай, қазір бизнес бастаймын дейтін тұрғындарға мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау жеткілікті. Бірақ соған қол жеткізу жағы қиынға соғып тұрғаны болмаса...  

– Көктемде алғашқылардың бірі бо­лып аз-мұз тыңайтқыш алуға несие сұрап, өті­­ніш бердім. Оның бір тоннасы – 300 мың теңге тұрады. Бірақ әлі қолыма ти­ген жоқ. Астана қаласына қоңырау шал­ға­ным­да, «сізден ешқандай сұраныс түс­­кен жоқ» деп жауап берді. Осылай жүр­­ге­ні­мізде, «біз сұраған көмекті ертең өз­ге­лер иемденіп кетпей ме?» деген қор­қы­­ныш бар. Сонда әлгі бөлініп жатқан қар­­жы қайда? Биыл да мал азығын дайын­дайтын техника мен жылыжай үшін мем­ле­кет­тен несие сұрап отырмын, – дейді ол. 

Жасырып қайтеміз, бүгінде бұл – барлық ауыл кәсіпкерінің басындағы мәселе. Оны шешу үшін сол несиеге қолы жетпеген жандарды тауып, түсіндіру жұ­мыс­тарын жүргізу қажет. Қол­дан келген көмекті аямаған жөн-ақ. 

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

Атырау облысы