Бағдарламалар • 06 Қазан, 2018

Рауан Кенжеханұлы: Болашаққа салынған инвестиция

634 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Рауан Кенжеханұлы: Болашаққа салынған инвестиция

Кеше Елбасы Қазақстан халқына Жолдауында мемлекеттің беделі ішкі жалпы өнімнен, экономикалық қуат­тан, сапалы тұрмыстан көріну керек деді. Бүгінге дейін әр салада қордалан­ған мә­селелерді жан-жақты айтып, олардың әрқайсысының шешу жолдарын да көр­сет­ті. Тиімді жұмыс істеудің тетік­те­рін бүге-шігесіне дейін талқылап, тоқта­лып айтып беруі меніңше, үкімет­тің, әкім­діктердің, құқық қорғау органда­ры­ның жұмыстарын одан әрі жетілдіре түседі.

Сапалы білім берудің алғашқы қада­мы балабақшадан басталу керектігін айтқан Елбасының сөзінде үлкен мақсат-мұраттар бар. Білім мен ғылымға бөлінетін ақша ішкі жалпы өнімнің он процентіне дейін өсіруді тапсыру бо­лашақ ғылымда екенін көрсетіп берді. 

Сонымен қатар келесі жылды «Жас­тар жылы» деп жариялауы Жол­даудағы бастамалармен тікелей байланысты. Жолдауда айтылған мәселелер толығымен шешіліп, жүзеге асса, ол мемлекет үшін үлкен табыс болады. Келесі жылы жастарға байланысты шаралар тек бір рет қана өтіп, ұмыт болатын жиындар емес, кешенді жобалар болуы керек. Елбасы өзі ұсынған жаңа гуманитарлық бағыт сияқты ұзақ мерзімді жобалар жалғасын тапса деп ойлаймын. Бұл жастардың біліктілігін арттыруда ерекше пайдалы болар еді. Білім-ғылымға қызығушылығы үлкен жастарды қолдау қазір маңызды. Өйткені медицина, экономика, руханият, техника салаларының басты жетістіктерін ғалымдар жасайды. Ал халық соны пайдаланады. Сондықтан келер жылы жастарға арналған жемісті жобалар бас­талады деген ниеттемін.

Рауан КЕНЖЕХАНҰЛЫ, 

«Ұлттық аударма бюросы қоғамдық қорының» атқарушы директоры