Өнер • 06 Қазан, 2018

Электр генераторларын қазақша «қаңғалақ» деп атауға бола ма?

929 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Электр генераторларын қазақша «қаңғалақ» деп атауға бола ма?

Суретшінің саяжайында соң­ғы кездері салған бірнеше карти­налары тұр екен. Солардың бірі көзіме оттай басылды. Иә, иә… Бұл өте таныс көрініс қой. Оң­тү­с­­тікке қарай сапар шегіп бара жат­қанда талай рет тама­ша­лағанмын.

Бір басталса, бір ай бойы толастамайтын Қордайдың желі соқса шыркөбелек айналатын алып электр генераторлары – біз­дің елімізге ХХІ ғасырда кел­­ген ірі жаңалықтардың бірі. Олар қазір біраз өңірлерге электр қуа­тын береді. Ұзақтан қарасаң, кә­дімгі әлем әдебиетінен жақсы таныс әпенді кейіпкер Дон Ки­­хот мырза шайқасатын сол бая­ғы жел диірмендерге ұқсайды.

Бірақ оларға әлі күнге дейін қазақша бір ат тауып қоя алмай келе жатқанымыз анық. Осыған байланысты менің есіме бір қызық оқиға оралады.
...1998 жылдың көктемінде Шымкент қаласына қырғыз әдебиетінің классигі, есімі әлемге әйгілі жазушы Шыңғыс Айт­матов келді. Ол кезде оң­түстікте электр қуаты өте тапшы еді. Жарық бір сөніп, бір жанып тұратын. Сон­дықтан да қол шамның жары­ғымен өткен әңгіме үстінде ұлы жазушы Еуропада жел қуаты арқылы электр энергиясын тарататын генераторлардың көп екендігін айта отырып: «Құдай қаласа, ондай аппараттар біздің жаққа да жетіп қалар. Сондықтан оларды қазақша қалай атау керек екенін сіздер, қаламгер бауыр­лар, осы бастан ойластыра бер­ген­деріңіз абзал», деген-ді жымиып.

Бұл сөзді, біз әрине, жадымызда сақтап қалдық. Кейін, расында да, Қордай асуына әлгіндей алып гене­раторлардың бір емес, бір­не­шеуі орнатылған кезде олар­ды қалай атайтыны­мызды біл­мей іштей қысыл­ғанымыз да рас.

Ал өткен жылы… жо-жоқ, ал­дыңғы жылы екен-ау, Аты­рау­ға іссапармен бара қалға­ны­мызда сол генераторларды ор­натуға қатысқан бір топ бі­лікті мамандармен жолығып, әң­гі­­мелесудің сәті түсе кеткені. Сон­да олар: «Әй, бауырларым-ай, сендер біздің қаңғалақтарға қа­зақ­­ша ат таба алмай қиналып жүр екен­сіңдер-ау!»  деп әзілдеп еді.

Сол сәтте, шынымды айтсам, жел екпінін электр қуатына айнал­дыратын алып генераторларды тап осылайша қызық та қарапайым тілмен «Қаңғалақ» деп атай салу көңілге қона кеткендей, қуанғанымнан күліп  жібергенмін.

Енді міне, Қордайдағы қаң­ға­­лақтарды суретшінің картина­сынан көріп, қызықтап тұрмын.

Расында да, оларды осылай Қаңғалақ деп атасақ қалай болар екен, ә?!.

Нұрғали ОРАЗ,

«Егемен Қазақстан»