Әлем • 06 Қазан, 2018

Нобель сыйлығының кітап саудасына әсері бар ма?

372 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Осы аптада ғылым, экономика, бейбітшілік салалары бо­йынша Нобель сыйлығының лауреаттары анықталды. Екінші дүниежүзілік соғыстан бері биыл бірінші рет әдебиет саласы бойынша Нобель сыйлығы берілмейді. 

Нобель сыйлығының кітап саудасына әсері бар ма?

Швед академиясының мүшесі Катарина Фростенсонның күйеуі Жан-Клод Арноға байланыс­ты былтыр бұқаралық ақпарат құралдарын жайлаған дау-дамайдың кесірі академияға да тимей қоймады.  Бұл тартысқа байланысты бірнеше академик кеңестен шыққаны туралы да ақпарат тарады. (Ол ақпараттарда екі-үш жыл Нобель сыйлығының иегерлері туралы жасырын ақпарат Швед академиясының ресми мәлімдемелерінен бұрын шығып кеткені айтылған). Содан кейін академия биылша жеңімпаздың атын атамай, келесі жылға қалдырғанын мәлімдеген болатын. Келер жылы екі Нобель сыйлығы иесінің есімін естуіміз мүмкін.

Жан-Клод Арноны зорлық ісіне қатысты екі жылға соттап, бас бостандығынан айыр­ды. Ал оқырмандар биыл Но­бель сыйлығының жеңімпазы анық­талмағандықтан көп нәрсе жоғалтты. Quartzy басылымының сарапшылары керісінше кітап сау­дасына мұның ешқандай әсері болмайды деген пікірде.

Нобель сыйлығының иегерін соншалықты тез анықтаудың ешқандай қажеттілігі жоқ. Көбіне көзі тірі кезінде жеткен жетістіктерге берілетін сыйлық болғандықтан, асықпай ойланған да жөн. АҚШ-тың кітап палатасының сыйлығы, я Букер сияқты бір жылдағы үздік кітапқа берілмеген соң, аптығатын ештеңе жоқ. Жақсы кітапқа Нобель сыйлығы елу жылдан кейін де бұйыруы мүмкін деп есептейді сарапшылар.

2016 жылы Боб Дилан ең үлкен әдеби сыйлықты жеңіп алды. Бірақ бұл баспагерлер үшін бас қатыратын шаруа болды. Өйткені кітапқа арналған сыйлық, сурет жапсырып тарататын дүние емес. Қазылар алқасы жиналып, қалың жұртшылық шулап қабылдайтын, скептикалық көзқараста болатын шығармаларды іздейді. Бұл күшті маркетингілік құрал болып тұр. Әдеби сыйлықтан гөрі, жарнамасынан түсетін қаржы көп. 

Сыйлық жазушыларға әрқалай әсер етеді. Ал оқырмандар, сыйлық иегері атақты болмаса, көп нәрсе ұтады. 2014, 2015 жылдары Патрик Модиано мен Светлана Алексиевич жеңімпаз атанғанда көп тілдерге аударылып, кітаптары мол сатылды. Әлем оқырмандары өздеріне әдебиеттің жаңа есігін ашқандай болды. Ал ендігі Нобель иелері дәл сондай әсер сыйлай ала ма?

Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»