Аймақтар • 07 Қазан, 2018

Семейде «Рухани жаңғыру» орталығы ашылды

474 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Семейдегі Шәкәрім атындағы үш тілде оқытатын №5 көпсалалы гимназияда ұстаздар күні қарсаңында «Менің мектебім» жобасы аясында «Рухани жаңғыру» орталығы ашылды.

Семейде «Рухани жаңғыру» орталығы ашылды

Ғасырға жуық тарихы бар білім ордасының түлегі, облыстық мәслихаттың депутаты, «Ақшың» корпорациясының президенті Марат Құрманбайдың демеушілігімен жұмысын бастаған орталықтың ашылуына шаһардағы зиялы қауым өкілдері қатысты.

«Қазір ешкімді де ештеңемен таңғалдыра алмайсыз. Адамды еліктіретін бір дүние – нақты дәлел. Балаларға тәрбиені құр сөзбен емес, практика жүзінде берейік деген оймен мектебіздің түлегі, белгілі меценат Марат Серікжанұлына қолқа салдық. «Сіз халыққа көп көмек жасап жатырсыз. Халық қалаулысысыз. Атыңызды облыс, республика көлемінде таниды. Ел игілігі жолындағы еңбектеріңізді жас буын білсін, үлгі алсын. Сіздің кеше осы мектептің қабырғасынан шыққандығыңызды, бүгінде қаншама адамды жұмыспен қамтып отырғаныңызды көрсетейік. Сіз осыған қалай қарайсыз?» дегенімізде қарсылығын білдірген жоқ. Расында, мектепте оқып жатқан оқушылар осы кісіден үлгі алып, еліне қызмет етіп жатса қандай ғанибет. Бір қуаныштысы, орталықтың ашылуы Елбасымыздың Жолдауымен тұспа-тұс келіпті. Қуаныш құтты болсын», - деді орталықтың ашылуында сөз алған гимназия директоры Алма Әубәкірова.

Биыл 160 жылдығы аталып өтіп жатқан ақын, ойшыл Шәкәрім Құдайбердіұлының шағын бюсті қойылған орталық төрінен Мемлекет басшысының еңбектері орын алыпты. Орталық қабырғасындағы үлкен тақтаға кәсіпкердің өмір жолы, атқарған қызметтері, алған марапаттары жайындағы деректер топтастырылыпты. Меценаттың демеушілігімен жарық көрген кітаптар да орталыққа қойылыпты. «1931 жылы Шұбартауда, Абыралыда, Шыңғыстауда Совет үкіметіне қарсы көтерілістер болғаны белгілі. Осы көтерілістердің тарихына көп уақыт көңіл бөлмей келдік. Көңіл бөлмедік емес, айтуға қорықтық. Мараттардың ерлігі соны ғылыми тұрғыда негіздеп, архивтен шығартқызып, кітапқа енгізіп, тарихқа айналдырды. Боздақтарға керемет ескерткіш орнатты. Сондай ескерткіштердің бірі Қайнар ауылында тұр. Ұлтымыздың ең үлкен қасіреті – Семей полигоны. Кәсіпкер тарап кеткен бұрынғы Абыралы ауданының рухын қайта қалпына келтіру, қасиетті өңірдің атын ұмыттырмау жолында да аянбай тер төгіп жүр. Қарағандыда өткен Қаз дауысты Қазыбек бидің тойында таңғалдым. Аудан емес Абыралы өңірінің азаматтары ең биік қазақ үйді орнатты. Бұл киіз үй сол тойдың көркі болып, жүздеген киіз үйдің ішінде жарқырап тұрды. Мұның бәрі елге, жерге, тарихқа деген құрмет», - деді ақын, сазгер Құсмілия Нұрқасым.

Орталықтың ашылуына мұрындық болған азамат Марат Серікжанұлы шара барысында кезінде өздері осы мектепте оқығанда Семейде бар болғаны екі-ақ қазақ мектебі болғанын, қазақ балалары бұл білім ордасына алыс жерден келіп оқыған кездерін еске алды. «Бұл мектепте менің әкем де оқыған. Бүгінде азамат болып қалыптасып, ел кәдесіне жарап жүргенімізге осы мектептің, бізге тәлім берген ұстаздарымыздың еңбегі елеулі деп білемін. Мектепте оқып жүргенде Ілияс Жансүгіров, Сәкен Сейфуллин туралы сабақ өткенде бір ұстазымыздан: «Мұғалім, осындай жап-жас, білімді жігіттердің бәрі неге 38 жылы қайтыс болып кеткен» деп сұрағаным, сондағы мұғалімнің күмілжіп: «Ой Марат, сол кезде қазақтың даласында оба деген ауру болған. Барлығы содан қайтыс болып кетті» деген жауабы ойымда қалыпты. Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейхановтың кім екенін, айтылмаған көп шындықты кейін білдік қой. Бүгін орталық ашылып отырған мектепке де алаш қайраткерлерінің табаны тиген. Әйгілі балуан Дәулет Тұрлыхановтың атасы Тұрлыхан осы мектепте директор болған. Соның бәрін біз білуіміз керек. Бұл жерде алдағы уақытта жас ұрпаққа үлгі боларлық әртүрлі кездесулер, тағылымды шаралар өтеді деп ойлаймыз», - деді Марат Құрманбай.

Кәсіпкер шара барысында орталықтың ашылуына арнайы келген ұстаздары Жұмағазы Диярұлы мен Айтжан Шәкенқызын Ұстаздар мерекесімен құттықтап, сый-сияпатын тапсырды.

Азамат ҚАСЫМ,

«Егемен Қазақстан»

Шығыс Қазақстан облысы,

Семей қаласы