Білім • 08 Қазан, 2018

Білім саласына бірегей бетбұрыс жасалмақ

496 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты кезекті Жолдауында негізінен әлеуметтің әлеуетін арттыру, білім саласын біріздендіру жайына ерекше тоқталды.

Білім саласына бірегей бетбұрыс жасалмақ

Бірыңғай стандарт керек

Ағартушылық салаға жасалған жаңаша бетбұрысты еліміздегі кішкентай балабақшалардан бастап, жоғары оқу орындарына дейінгі тұтас тетікті дұрыс жұмыс істету деп қабылдауымыз керек. Білім саласын жиі реформалауды тоқтатуға қатысты мәселе көтерген Мемлекет басшысы ең алдымен орта мектептерге жасалып жатқан шегі жоқ өзгерістердің кесірінен оқушылардың сапалы білім алуы тежеліп қалуы мүмкіндігін ескертті. Расымен де білім саласын жиі реформалау жүгенсіздік пен жүйесіздікке алып келуі ғажап емес. Ол ретте Президент Қазақстандағы барлық мемлекеттік орта білім ордаларына Назарбаев Зияткерлік мектебінің білім беру әдісін енгізу қажеттігін атап көрсетті. «Назарбаев Зияткерлік мектептерінің оқыту жүйесі мен әдістемесі мемлекеттік мектептер үшін бірыңғай стандарт болуы тиіс. Бұл мектеп білімін реформалаудың қорытынды кезеңі болады. Білім сапасын бағалау жүйесі халықаралық стандарттарға негізделуге тиіс. Орта мектептердің өзінде балаларды мейлінше сұранысқа ие мамандықтарға бейімдеп, кәсіби диагностика жүргізу маңызды», деді Елбасы. Аталған тапсырма шынымен де оқытудың жеке бағдарын жасауға және оқушы мен мұғалімнің оқу жүктемесін азайтуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ бұл қадам жасанды интеллект қалыптастыруға, оқушылардың жаңа теxнологияны меңгеруіне, инновациялық жобалар жасауына үлкен жол ашпақ. Бұл ретте Жолдауда айтылған жаңа бастамаларға білім саласының барша қызметкері оң ықылас танытып жатқандығын айта кеткеніміз жөн. «Жолдау барысында еліміздегі мектептердің білім беру сапасын арттырып, Назарбаев Зияткерлік мектептерімен теңестіру айтылды. Бұл да өте құптарлық жағдай, қазірдің өзінде ол мектептердің білім беру бағдарламаларын жалпы білім беру мектептеріне енгізу жүріп жатыр. Олардың әдістемесін, бағдарламаларын, соның ішінде білім мазмұнын енгізуде біраз жұмыстар атқарылды. Білім беру сапасын жоғары деңгейге көтеру бүгінгі күннің басты талабы», дейді Астана қаласы №59 мектеп-лицейінің қазақ тілі және әдебиет пәнінің мұғалімі Зәмзәгүл Кенжеахметова.

Білім ошақтарына бейнебақылау орнатылады

Келесі кезекте Мемлекет басшысы Қазақстандағы орта мектептер мен балабақшаларды толықтай бейнебақылау камераларымен жабдықтауды тапсырды. Елбасының аталған мәселеге ерекше тоқталуын соңғы кезде қоғамда жиі орын алып кеткен балабақшалардағы шетін жағдайлармен байланыстыруға болады. Айталық, Қарағанды облысының Теміртау қаласында болған өрескел оқиғада тәрбиеші жылаған баланы көрпемен тұншықтырған жағдай бейнебақылаудың жоқтығынан орын алды. Облыстық ішкі істер департаменті хабарлағандай, видеоны екінші тәрбиеші ұялы телефонына түсіріп, желіге жүктеген. Елу жастағы тәрбиеші кішкентай баланың тіл алмай қойып, төсекте секіргенін айтып ақталған болатын. Елбасы осындай әрекеттердің алдын алу мақсатында жоғарыдағы тапсырманы жүктеп отыр. Негізінен Білім және ғылым вице-министрі Асхат Аймағамбетов бұл мәселеге қатысты балабақшаларда қауіпсіздік шаралары қамтамасыз етіліп жатқанын айтқан болатын. Елбасы тапсырмасынан кейін аталған сақтық шаралары толықтай жүзеге асуы керек. «Шынымен де проблема бар. Біз балалардың қауіпсіздігіне әсер ететін шараларды ұсынып отырмыз. Білім беру ұйымдарын құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету нормативтеріне қатысты бұйрыққа өзгерістер енгізу мәселесін көтердік. Барлық балабақшаны, соның ішінде оқу бағдарламасы өтетін бөлмелерді міндетті түрде бейнебақылаумен қамтамасыз етуді көздеп отырмыз», деген болатын А.Аймағамбетов.

Кейбір балабақшаларда бұл жүйе бұрыннан бар екені белгілі. Ондай мекемелерде ата-аналар аудиторияда болып жатқан оқиғаны қашықтан бақылай алады. Елбасы осы үлгіні барлық орта мектептер мен балабақшаларға қолдану керегін айтып отыр.

Жауапкершілік кезеңі келді

Сондай-ақ Елбасы жаңа Жол­дауда жоғары білім беру ісінде оқу орындарының маман дайындау сапасына қатысты талаптар күшейтілетіндігін атап өтті. «Біз грант­тардың санын көбейттік, енді жауапкершіліктің кезеңі кел­ді. Жоғары оқу орнының табыс­ты­лығын бағалаудың бас­ты кри­терийі – оқу бітірген студент­тердің жұмыспен қамты­луы, жалақысы жоғары жұмыс­қа орналасуы. Жоғары оқу орын­дарын ірілендіру саясатын жүр­гізу қажет. Нарықта жоғары са­палы білім беруді қамтама­сыз ететіндері ғана қалуға тиіс. Назарбаев Универси­тет­тің тә­жі­рибесіне сүйеніп, үз­дік шетелдік топ-менеджерлер­ді жұ­мысқа тарту арқылы әлем­нің жетекші университеттері­мен әріптестік орнату маңызды. Қазіргі білім инфрақұры­лымының базасында Назарбаев Университетінің үлгісімен өңірлік жаңа жоғары оқу орнын құру қажет деп санаймын», деді Президент.

Шынымен де елімізде жо­ға­ры оқу орындарының саны тым көп. Елбасы өз сөзінде ай­тып өткендей, біршама универ­ситеттердің санын қысқарт­қанның өзінде қазірде елімізде 131 жоғары орны бар. Білім жә­не ғылым министрлігінің мәліметіне сүйенсек 131 ЖОО-ның 10-ы ұлттық, 31-і мем­ле­кеттік, 14-і азаматтық емес, 1-і халықаралық, 56-сы жекеменшік жоғары оқу орындары. Мәселе оқу ордаларының санында емес, мәселе сала бойынша маман сапасыздығы жайында сияқты. Бұл ретте ең алдымен, былтырғы мемлекеттік гранттардың санын 10 мыңға көбейтіп, биыл тағы 20 мың грант бөлінуінің өзіндік маңызы бар екенін ескеруіміз керек. Демек, онымен бірге жоғары оқу орындарына зор жауапкершілік жүктеледі. Бұдан былай жоғары оқу орындарының рейтінгісі жас мамандардың жұмысқа тұру деңгейі бойынша бағаланады. Егер аталған көрсеткіш төмен болса, онда сол мамандық бойынша лицензия кері қайтарылады. Бұған дейін де министр Ерлан Сағадиев айтқандай, биыл республика бо­йынша 17 мамандықтың лицензиясы кері қайтарылған. Бұдан былай жоғары оқу орындары нақты бір салаға мамандана бастайды. Сондай-ақ университет, академия және институт дәрежесін беру жұмысы қатаң бақыланады. Қазірдің өзінде кәсіби-тех­ни­калық білім саласында бірін-бірі қайталайтын, сондай-ақ ешбір сұранысқа ие емес 109 мамандық қыс­қар­тыл­ған. Нәтижесінде, 66 кол­ледж­дің салалық бағыты өзге­ріп, 20 оқу орны бір-біріне қосылды.

Мирас АСАН,

«Егемен Қазақстан»