Білім • 04 Қазан, 2018

Үздік мұғалімдер марапатталды

834 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«Қазақстан» орталық концерт залында «Қалдырған ізің мәңгілік» атты Мұғалімдер күніне арналған мерекелік іс-шара өтті.

Үздік мұғалімдер марапатталды

Фото: astana.gov.kz

Ұстаздарға арналған мерекелік шара өнер жұлдыздары мен елордалық қосымша білім беру мекемелерінің шығармашылық ұжымдарының өнер көрсетуімен басталды. Ең алдымен сөз алып, ұстаздарды кәсіби мерекесімен құттықтаған Білім және ғылым министрінің орынбасары Эльмира Суханбердиева «ҚР білім беру ісінің  құрметті қызметкері» және «Ы.Алтынсарин» төсбелгісі иегерлерін марапаттады.

«ҚР білім беру ісінің  құрметті қызметкері» төс белгісін №81 «Astana English School» мамандандырылған гимназия директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Зәуре Жылыбаева, Астана қаласы Дарынды ер балаларға арналған «Білім-инновация» лицей-интернатының тарих пәні оқытушысы Гүлнәр Рахимова, Техникалық шығармашылық орталығының директоры Қанат Әбдірашитов, «SOS Астана балалар ауылы» білім беру мекемесінің директоры Зәуреш Арыстанова, №3 мектеп-гимназияның француз пәні мұғалімі Инна Ахметова, «NURORDA» мектеп-лицейі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Меруерт Бегімбай алды.

«Ы.Алтынсарин» төсбелгісі №76 «Әдемі» балабақшасының меңгерушісі Марал Ахметова, Оқушылар сарайының әдіскері Қымбат Іргебаева, Балалар мен жасөспірімдердің туризм және өлкетану орталығы директорының орынбасары Галина Шаяхметова,  Экономикалық лицей директоры Бақытгүл Сыздықова, №66 мектеп-лицейінің бастауыш сынып мұғалімі Светлана Бастемова сияқты үздіктерге табысталды.

«Астана қаласында білім саласындағы жетістіктер өте көп. Елорда мектептері олимпиадалық жарыстарда 12 жылдан бері бірінші орынды ешкімге бермей келе жатыр. Осындай дарынды шәкірттерді тәрбиелеп жатқан әр біріңіз ерекше құрметке лайықсыздар. Қазіргі таңда елорданың білім ошақтарында 16 мыңнан астам ұстаз жұмыс істейді екен. Білім саласындағы ең үлкен, тың бастамалардың барлығы бас қаладағы мектептерден басталып жатады», деген Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев білім беру саласына еңбегі сіңген ұстаздарға пәтер кілтін табыстады.

Атап айтқанда, №1 «Бәйтерек» балабақшасының тәрбиешісі Нәбира Әбдірахманова, №45 «Құлпынай» балабақшасының тәрбиешісі Айгүл Ахмедиярова, №54 «Нұр-Ай» бала бақшасының әдіскері Шұға Хамитова, №74 «Дәурен» балабақшасының меңгерушісі Гауһар Мейірманова, №13 орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәндері мұғалімі Гүлнәзия Түсекова, №29 орта мектептің информатика пәні мұғалімі Еркін Хамитов, №49 орта мектептің биология пәні мұғалімі Бақытгүл Лекерова, №68 орта мектептің математика пәні мұғалімі Жадыра Дайрабай, Энергетика және байланыс колледжінің арнайы пәндер оқытушысы Айжан Райысова, №2 психологиялық-медициналық-педагогикалық кабинет меңгерушісі Гүлнара Әбелдинова жаңа баспанаға ие болды.   

Айта кетерлігі, бүгінгі таңда Астана қаласының оқу ордаларында 16 000-нан астам мұғалім жұмыс істейді, олардың 85,9 процентінің жоғары білімі болса, жоғары және бірінші санаттағы мұғалімдер саны 2007-2008 оқу жылында 3530-ды, 2017-2018 оқу жылында 7949-ды көрсеткен. Соңғы бес жыл ішінде 2000 педагог жұмыстағы жоғары көрсеткіші үшін марапатталған екен. Оның 130-ы төсбелгімен марапатталса, 137-сі мемлекеттік наградаларға қол жеткізген. Ал 250 ұстаз Білім және ғылым министрлігі атынан құрмет грамоталары мен алғыс хаттарға ие болған. Жыл сайын «Астана қаласы білім беру саласының алтын қоры» кітабына өнегелі ұстаздардың есімдері тіркеледі. Қазіргі уақытта кітапқа 86 мұғалімнің есімі енген.

Майгүл СҰЛТАН,

«Егемен Қазақстан»

Суреттер Астана әкімдігінің ресми сайтынан алынды