Аймақтар • 08 Қазан, 2018

Мұғалімдер көптен күткен мәртебе

546 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ұстаз атаулы бүгінде қуануда. Елбасы мұғалімдер мен мектепке дейінгі мекемелер қызметкерлері үшін барлық игілікті істерді қарастырып, жүктемені азайтуға, жөнсіз тексерістер мен міндеттен тыс функциялардан арашалайтын «Педагог мәртебесі туралы» заңды әзірлеуге тапсырма берді. «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты жаңа Жолдаудың жағымды жаңалықтары осылай басталады.

Мұғалімдер көптен күткен мәртебе

Мұғалімнің абырой беделінің төмендеп бара жатқаны жөніндегі жанайқайымыздың осындай нәтиже бергеніне қалайша қуанбаймыз?! Еліміздегі білім, денсаулық саласы­ның жағдайынан және ондағы өзекті мәселелерден жақсы хабардар Елбасы заң әзірлеу жөнінде тапсырма беріп отыр. Жасыратыны жоқ, соңғы кездері қолға алынып жатқан реформаларды жүзеге асырады деген мұғалімдеріміздің арасында дау-дамаймен басы қатып, сотқа жүгінетіндері көбейе түскен болатын.

Мұғалімдерді балағаттау аздай, таяқ жеп жатқандары жөнінде де ақпарат құралдарында жарияланып жатты. Көше сыпыртатыны, сайлау, санақ деген науқандарға жүгіртетіні де аз айтылған жоқ. Мектеп директоры мен қарапайым мұғалімнің соттасып жатқаны жөнінде көптеген дерек келтіруге болады. Заң қабылданса, мұғалім тек негізгі міндетін атқаратын, басқа жұмысқа алаңдамайтын болады. Бұл орайда айтар ұсыныс-тілектеріміз де жоқ емес. Ең алдымен, аталған заң жобасы БАҚ беттерінде ашық талқыға түскенін, оны дайындауға қатардағы мұғалімдердің тартылғанын қалар едік. Сондай-ақ заңда білім басқармаларын жергілікті әкімшіліктен Білім және ғылым министрлігінің құзыретіне өткізу мәселесі қамтылса деген ұсыныс бар. Бұл – мұғалімдерді өз міндетіне жатпайтын жұмыстардан құтқаратын бірден-бір жол.

Мұғалімге қол жұмсаған адамға қатаң жаза тағайындалуы тиіс. Бюджеттен мектеп­терді жөндеуге бөлінген қаражат БАҚ бетінде жариялануы қажет. Сон­да мұғалімдер мен ата-аналардан мектепті жөндеуге ақша жинауға тоқ­сауыл қойылады. Міне, осындай мәселелердің заңда қамтылғанын қалаймыз. Жолдауда айтылған бүкіл мектептер мен балабақшаларды бейнебақылау жүйесімен қамтамасыз ету, мектеп психологтерінің жұмысын күшейту де бүгінде өте өзекті. Бұл бала­­лар­­дың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.

Мұғалімдер ғана емес, бүкіл ата-аналар үш ауысымды мектептер мәселесінің шешімін табатынына қуанулы. Бұл орайда Елбасы Жолдауында 2019-2021 жылдары қосымша 50 млрд теңге бөлінетіні айтылды. Яғни, нақты мерзім мен бөлінетін қаражат көлемі аталды. Қарапайым халық Жолдауда жүктелген негізгі міндеттердің мер­зімінде орындалатынына сенімді.

 Өмір ШЫНЫБЕКҰЛЫ,

№41 мектеп-лицейі тарих пәнінің мұғалімі

ШЫМКЕНТ