Кәсіпқой бокс • 08 Қазан, 2018

Хабиб Нурмагомедов пен Конор Макгрегор бәсекесінің соңы төбелеске ұласты

523 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Кеше АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында бүкіл әлем жұртшылығы тағатсыздана күткен ресейлік Хабиб Нурмагомедов пен ирландиялық Конор Макгрегор арасындағы жыл жекпе-жегіне баланған UFC 229 турнирі өтті.

Хабиб Нурмагомедов пен  Конор Макгрегор бәсекесінің соңы төбелеске ұласты

Мамандар тарапынан жыл жекпе-жегі деп бағаланған UFC ке­шінде ресейлік Хабиб Нурмагомедовтің мерейі үстем болды. Бес раундқа созылған кез­­десу­дің 4-раундында Хабиб қар­сыласын қылқындыру әдісімен жеңді. Бір қызығы, Макгрегор Нур­магомедовтің күрес әдісіне салып айқасатынын біле тұра, оған қарсы ешқандай айла ойлап таба алмады. Тіпті ара қашықтықты да сақтаған жоқ. Және ол Нур­магомедовтен ауыр соққы аламын деп еш ойламаған сыңайлы. Конор дәл осы әдіске айла таба алмағанының салдарынан жеңіліп қалды деуге толық негіз бар. Хабиб болса бар мүмкіндікті тиімді пайдалана білді.

UFC 229 спортынан Хабиб пен Конор арасында чемпиондық жекпе-жек өтеді деген сәттен бастап жанкүйерлер бұл кездесуді тағатсыздана күтті. Тіпті ир­лан­диялық файтер баспасөз мәс­лихатында қарсыласына түрлі сөз айтып, балағаттап баяғы әдетіне басты. Бұл оның көрер­мендердің делебесін қозды­рып, жекпе-жекке деген қызығу­шылығын шама келгенше одан әрі ояту болатын. 

Жекпе-жектің қы­зығы кездесу алдында емес, кездесу уақытында емес, айқастың соңында болды. Қазақта «Той­дың болғанынан боладысы қызық» деген сөзді UFC спортына орайластырып, «бұл жекпе-жектің болғанынан біткеннен кейінгісі қызық» болды деп айтсақ еш сөкеттігі жоқ шығар. Хабиб Нурмагомедов жеңісінен кейін сабыр сақтай алмай, октагон сыртында отырған Конордың командасындағы бір өкілмен де аз-кем айқасып қал­ды. Ал октагонның ішінде Нур­магомедов командасының өкілдері Макгрегорге бір-екі соқ­қы жасап үлгерді.

Осындай тәртіпсіздіктен соң UFC президенті Дана Уайт екі спортшыны да октагоннан шығарып жіберді. Нурмагомедов «мен жеңіске жеттім, маған чемпиондық белдігімді беріңдер» деп уәж айтқанымен, Уайт оған сегіз бұрыштан белдіксіз шығатынын мықтап түсіндірген соң ғана ресейлік спортшы алаңды босатуға мәжбүр болды. Жыл жекпе-жегіне баланған айқас төбелеспен аяқталды. Мамандардың айтуынша, бұл кездесу мұнымен біткен жоқ, жанкүйерлерді алда екінші жекпе-жек күтіп тұрғанын айтады.

Әли БИТӨРЕ,

«Егемен Қазақстан»