Ол өзінің өнер жолында қазақтың небір күміс көмей, жезтаңдай әншілерімен әріптес болды. 1936 жылы Қазақ өнері мен әдебиетінің Мәскеуде өткен онкүндігіне қатысып, үкімет адамдарының назарына ілікті. Жабайдың репертуарында жалпы тоқсанға жуық ән болған екен. Оның көпшілігі Біржанның, Ақан серінің, Жарылғапбердінің, Жаяу Мұсаның әндері еді.
Жабайдың жастық шағы өте ауыр жағдайда өтті. Әке-шешеден үш жасқа жетпей жетім қалған жас, бесіктен белі шықпай жатып күнкөріс қамымен байдың қозысын бақты. Он бес жасқа толғанда бойы екі жарым кез, екі иығына екі кісі мінгендей жиырма бес жастағы жігіт тәрізді көрінді. Ержете келе ерен күш атасы Жабай сан рет күреске түсіп жүлделі орындарды иеленді. Екібастұз, Қарағанды қалаларындағы шахталарда жұмыс істеді. Кемеде жүкші болды. Оның:
Бір кезде тұрмыс мені билегенді,
Жоқшылық, мүшкіл өмір илегенді.
Жүргенде параходта қап арқалап,
Қабырғам ауыр жүктен күйрегенді.
Талай жыл жүк көтеріп жүрдім қажып,
Отырдым табыс жетпей жүдеп, азып.
Жұбатқан оңашада жан серігім,
Домбырам, өлеңіммен болған азық, – деген өлең жолдары мұны айғақтай түскендей. Содан 1916 жылы майданның қара жұмысына алынып Рига қаласының түбінен бір-ақ шықты. Аштық, ауыр жұмыс ер жігітті мойыта алмады. Ол аман-есен елге оралып көздеген мақсатына жетті. Үкімет оның еңбегін жоғары бағалап республикалық дәрежедегі зейнетақы тағайындады. Әндерін жеке диск етіп шығартты. Әнші, композитор Жабай Нұржанұлы тоқсанға қараған шағында 1978 жылы Баянауыл ауданының Жаңатілек елді мекенінде дүниеден озды. Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Жабай Нұржанұлының туғанына келер жылы 130 жыл. Оның соңында өшпес өнері қалды.
Мұхамет-Қайыр ШӘРІПОВ
Павлодар облысы,
Баянауыл ауданы