Қазақстан • 09 Қазан, 2018

Таразда халықаралық сән апталығы басталды

583 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Екі мың жылдық тарихы бар Тараз топырағында «Taraz – Aspara fashion week» халықаралық сән апталығы басталды. Қазақстандағы Өзбекстан жылы аясында Жамбыл облысы әкімдігінің және «Асыл Дизайн» сән үйінің бірлесе ұйымдастыруымен «Арай Плаза» кешенінде өткен салтанатты шараға Мемлекеттік хатшы, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық демографиялық саясат жөніндегі комиссияның төрайымы Гүлшара Әбдіқалықова қатысты.  

Таразда халықаралық сән апталығы басталды

Гүлшара Наушақызы әлемнің Италия, Үндістан, Голландия, Қытай, Франция, Ресей секілді 19 мемлекетінен келген қонақтарды салтанатты шараның ашылуы­мен құттықтап, олардың жұ­мыс­тарына сәттілік тіледі. Тари­хы­мыздың темірқазығы болып саналатын Тараз қаласында осындай шараның өтіп отырғанына қуанышты екенін жеткізді. Бұдан кейін Өзбекстан Республикасы Әйелдер комитеті төрағасының орынбасары Мукаррам Нурматова әуелі тараздықтарға өзбек халқының ыстық сәлемін жеткізді. Қазақ елінде өтіп жатқан сән апталығының маңыздылығына тоқталып, бүгінгі таңда қазақ пен өзбек халықтары арасындағы достық байланыстың жоғары деңгейде екенін атап өтті. Ал өз сөзінде Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов ежелден Тараз тарихи қала екенін айта келіп, бай мәдениетіміз бен тарихымызды тамашалауға келген шетелдік азаматтарға алғысын білдірді. Сонымен қатар тараздық дизайнерлердің қазақ еліне ғана емес, бірқатар шетелдерге де танымал екенін, сондықтан да бүгінгі салтанатты шараның жоғары деңгейде өтетіндігіне сенетіндігін жеткізді. 

Бұдан кейін жуырда ғана Италия мемлекетінің Милан қаласында өнер көрсетіп, қазақ сән үлгісін әлемге танытып қайтқан жергілікті дизайнер Айдархан Қалиевтің «Тараз періштелері» сән үлгілері көпшілікке көрсе­тілді. Шығыстық үлгіде сахна­ланған бұл көріністі әлемнің көп­теген елінен келген сәнгерлер қызыға тамашалады. Сонымен қатар Тараз тарихына қатысты да мәліметтерге қанықты.

  Жалпы, Тараз өңірінде алғаш рет ұйымдастырылып отырған «Taraz – Aspara fashion week» халықаралық сән апталығы қазан айының 8-12-сі аралығында Жамбыл облысының аумағында өтеді. Бұл орайда әлемнің 19 мем­ле­кетінен келген 30 сән дизай­нері Әулиеата өңірінде өз шебер­ліктерін ортаға салады. Соны­мен қатар жамбылдық 55 қолөнер шеберінің еңбектері де шетелден келген қонақтардың назарына ұсынылады. Бұл көрмеде әулиеаталықтар әлемдік деңгейдегі сән үлгісінен хабардар болып қана қоймай, өздерінің қолдан жасаған түрлі бұйымдарын да шетелдіктерге жарнамалай алады. Бұдан бөлек, шетелдік туристер Тараз қаласындағы бірнеше нысанмен қатар, Ақыртас кешенінде және Айша бибі кесенесінде болады. Олар жалпы өңірдегі 11 тарихи орынды аралап, ұлт тарихымен де кеңінен танысады. Апталық барысында халықаралық деңгейдегі 7, республикалық деңгейдегі 5 меморандумға қол қойылады деп күтілуде.

Жамбыл облыстық туризм басқармасының басшысы Қарлығаш Аралбекованың айтуынша, осы уақыт аралығында шетелдік қонақтар Әулиеата өңірінің тарихи жерлеріне саяхат жасап қана қоймай, «Төрткүл» кешенінде қазақтың ұлттық тағамдарымен де танысады.

Аталған сән апталығының ашылу салтанаты жоғары дең­гейде өтті. Мұнда Өзбекстан мем­ле­кетінен келген дизайнерлердің үлгілері көпшілік назарына ұсынылды. Бұл орайда өзбек елінен келген дизайнер Сабина Абдуназарова Тараз топырағына келіп, осындай шараға қатыс­қанына қуанышты екенін жет­кізді. Сонымен қатар алдағы уақыт­тарда да сән апталығы қазақ жерінде өтіп тұрса деген ті­легін айтты. Айта кетейік, Тараз қаласында тұңғыш рет ұйым­дастырылып отырған салтанатты шара енді жыл сайын жалғасын табатын болады. 

Хамит Есаман,

«Егемен Қазақстан»

Жамбыл облысы