Ақтөбе • 09 Қазан, 2018

Ақтөбеде өткен актив жиналысында нақты іс-қимыл жоспары бекітілді

358 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Ақтөбеде Жолдауда қойылған міндеттерді талқылауға арналған актив жиналысы жедел түрде өткізіліп, нақты іс-қимыл жоспары бекітілді. Екі сағатқа созылған жиында Жолдау талаптарын орындаудың кестесі мен мерзімі нақтыланды. 

Ақтөбеде өткен актив жиналысында нақты іс-қимыл жоспары бекітілді

– Біз ең алдымен бұл талап­тың үдесінен шығу арқылы әлеуметтік даму деңгейі мен халықтың әл-ауқатын одан әрі көтеру ісіне қол жеткізе аламыз. Өмір сүру сапасын көтеруде Елбасы Жолдауында айтылғандай жалақы мөлшерін өсірудің алатын орны жоғары. Өңірде оның өсімі биыл 109 процентке көтерілді. Бұл өңірлер арасындағы жоғары көрсеткіштің бірі, – деді активке төрағалық еткен облыс әкімі Бердібек Сапарбаев. 

Әлеуметтің көңіл күйге әсер ететін факторлардың бірі баға десек, өңірде оны қалыпты түрде ұстай білудің бірнеше тұтқалары қарастырылған. Соның ең бастысы – инфляцияның негізсіз өсуіне жол бермеу болып отыр.

Өңірде «Бизнестің жол картасы» бағдарламасының екінші тынысын ашу үшін 5 миллиард теңге жұмсалған. Алдағы кезде бұған қосымша 2,5 миллиард теңгені осы мақсатқа жұмсау көзделген. Басқосуда бәсекелестікті дамыту мен елге қажет өнімді көбірек өндіру жөнінде жаңа міндеттер қойылды. Бұл ретте тарифтердің тұрақтылығы мен оның негізсіз қымбаттамауының орны айырықша. Осы орайда тиісті инвестициялық міндеттерін орындаудан гөрі, тарифтерді өсіруге бүйрегі бұрып тұратын монополист кәсіпорындармен әңгіме ашық болуға тиіс.

Мемлекет басшысы өз Жо­л­дауында ел өңірлері экспорттық әлеуетті одан әрі көтеру керектігі жөнінде жаңа міндеттер қойды. Ақтөбе – көлік-логистика жүйесін құру мен орнықтыру үшін өте ыңғайлы әрі тиімді өңір. Әрі Ақтөбе Ресейдің еуропалық бөлігіне апаратын қақпа, ал Еуропа үшін Орталық Азия мен Қытайға ашылатын кілт іспеттес. Соның бір дәлелі Батыс Еуропа – Батыс Қытай халықаралық дәлізі. Бүгінде Ақтөбе – Ор тас жолы құрылысы аяқталып келеді. Қазіргі кезде Ақтөбе – Атырау тас жолы құрылысы жүргізілуде. Осы ендіктерде жол сервисін дамытудың үлкен перспективалары бар. Әйтсе де іздесең таптырмайтын осындай мүмкіндіктер мен әлеуеттер тиісті түрде пайдаланылмай келеді. Активке төрағалық еткен өңір басшысы мәселенің осындай түйінді тұстарын да айналып өткен жоқ.

Ақтөбе жайылымдық мал шаруашылығын өркендетуге өте ыңғайлы өңір. Облыс әкімі Б.Сапарбаев актив үстінде мәлімдегендей, мұнда 25 миллион гектар жайылымдық жер бар. Мұның өзі мал басын өсіру ісіне елеулі септігін тигізе алады. Сондай-ақ өңірде суармалы жерлерді игеру қарқыны да баяу деуге болады. Сондықтан да актив мәжілісінде оны таяудағы жылдарда 100 000 гектарға дейін жеткізу жөнінде мәселе қойылды. Жолдауда орталық және жергілікті атқарушы органдардың алдына қойған міндеттердің бірі – халық тұтынатын тауарлар өндірісін жолға қою болғаны белгілі. Бұл істе Ақтөбе аймағында да жаңа жобалар жүзеге асуға тиіс.

Республика Президентінің бұл жолғы Жолдауында да білім беру мен денсаулық сақтау және спорт салаларын дамытуға басымдық берілді. Осы орайда облыс активінде мемлекеттік қаражатты тиімді пайдалану тұрғысында нақты міндеттер белгіленді. Елбасы мәлімдегендей, жобалық қуаты бірдей құрылыстардың бағасы әртүрлі болу көріністері Ақтөбе облысында да кездесіп қалады. Ақтөбе секілді республикада баламасы жоқ медициналық кластер құрылған өңірде медициналық қызметтің сапасы жоғары болуының маңызы жоғары. Бұған заманауи технологиялар мен құрал-жабдықтарды енгізген жағдайда ғана қол жеткізілмек. Осы іспен өзектес тағы бір мәселе бар. Бұл дәрігерлердің біліктігі мен кәсіби шеберлігін одан әрі көтеруден туындайды. Актив кезінде 2020 жылға дейін өңір аумағындағы іргелі елдімекендерді медициналық қосынмен және дәрігерлік амбулаториялармен толық қамту және цифрландыру деңгейін өсіру жөнінде сөз қозғалды. 

Облыста соңғы үш жылда 48 мектеп ғимараты бой көтерген. Қазіргі күні сол нысандардағы спорт залдарының бәрі тиімді түрде пайдаланылып жүр ме? Олардың қажетті құрал-жабдықтармен қамтылу деңгейі қандай? Бұл істі облыстағы өкілетті орган жетекшілері жаңа сапалық деңгейге жеткізуі қажеттігі де активте ашық айтылды. Сапалы өмір сүрудің бас­ты бір қағидаты –тұрғындардың баспанамен қамтылуы десек, өңірдегі бұл істің жай-күйі қанағат тұтуға тұрарлықтай. Бұған «Нұрлы жол», «Нұрлы жер» және «7-20-25» бағдарламаларын іске асырудағы сергек көзқарас септігін тигізген. Дегенмен бұл істе түйткілді тұстар да жоқ емес. Мысалы облыс аумағында 4000-нан астам әскери қызметші бар екен. Олардың баспаналы болу тәртіптерін реттеу ісінде шешімін таппаған мәселелер бар. Сондай-ақ облыста жас педагогтер мен медицина қызметкерлеріне арналған жаңа жатақхана салу ісі де өз шешімін күтіп тұр. 

Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арналған Жолдауын қорытындылай келе, алдағы 2019 жылды елімізде «Жастар жылы» деп жариялады. Ақтөбе облысында биыл 2018 жылы «Бақытты бала» жобасы жүзеге асып, тұтастай алғанда облыста балалар жылы жарияланды. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың тұжырымдауынша, еліміз бо­йынша жарияланған жастар жылы нышандық түрде алғанда облыс­та өткізілген балалар жылының заңды жалғасы болмақ. 

Темір ҚҰСАЙЫН,

«Егемен Қазақстан»

АҚТӨБЕ