Қоғам • 09 Қазан, 2018

Сарыала күздің сыбағасы

354 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Көкшетау – Астана тас жолының Макинск қаласы маңынан өтер тұстың оң қапталында да, сол қап­талында да таби­ғаттың тамаша тартуы – жеміс-жидектерді қысы-жазы сататындар бар. Жол түс­кенде көріп жүретінбіз. Осы жолы әдейілеп ат басын іріктік.

Сарыала күздің сыбағасы

Сөрелері сыңсып тұр екен. Не жоқ дейсіз. Алуан түрлі жидек тосабы. Таңқурай, қарақат, шие, жидек, бүлдірген... Саңырауқұлақтың түр-түрі. Сан алуан бал. Алтайдікі, өзіміздікі. Иттің, борсықтың, суыр­дың, қасқырдың майлары. Тіпті мон­шаға қажетті қайың жапырағына дейін бар. Шелек-шелек картоп, сәбіз, қырыққабат. 

Жомарт табиғаттың жақсылығын көріп жүргендермен аз-кем тілдестік. Айтуларына қарағанда, негізінен өздері дайындайды екен. 

– Жаздың күні жеміс-жидек піскен кезде ұйқы-күлкіден айырыламыз,–дейді Оксана Осипова. – Маса-сонаға жем болып, күн сайын жиырма-жиырма бес шақырым жол жүріп, орман ішін кеземіз. Мәселен, екі шелек жидек теріп әкелдің дейік, күнімен жұмыс істегендіктен екі қолың салдырап қалады. Әлгі жидекті қабығынан, шөп-шаламынан тазалаудың өзі бір қиямет. Сосын оны уақытында қайнатып алу керек. Қаншама қант қажет, оңай еңбек емес.

Сөрелердің жанында тұрған сату­­шы­лардың айтуына қарағанда, дәру­мені мол, сұранысқа ие аң-құстың майын ресейліктер әкеліп көтерме баға­мен өткізеді екен. Ал жеміс-жи­дек пен саңырауқұлақтың дені береке тұнған Бұландының қалың орман­дары­ның ішінде жатқан иен тегін несібе. 

– Негізінде өз жұмысым бар, – дейді Анна Петрова. – Бос уақытымда осымен айналысамын. Несі бар, адал еңбек, салығын төлейміз. Күніне төрт-бес мың теңге тапсам да олжа емес пе? Қазір онша өтпей тұр. Жазда Бурабайға туристер ағылған кезде алушылар көп болады. Биыл жолаушы көп болды. Шамасы туристердің қарасы бұрынғыға қарағанда молай­ған тәрізді. 

Шағын базар болса да, тіршіліктің барометрі тәрізді. Сарыала күздің сыбағасын молынан қарпып тұрған, адал еңбекті нәсіп еткен сатушылар табиғаттың аужайын ғана емес, тәмам елдің назарын аударып отырған туризмнің тынысын да тамыршыдай сезініп отыр. 

Бір айта кетерлігі, сатушылардың барлығы өзге ұлт өкілдері. Ал алушылар – кілең қазақтар. 

Байқал БАЙӘДІЛ,

«Егемен Қазақстан»