Қазақстан • 10 Қазан, 2018

Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VI съезі басталды

1758 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін Астанада Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының кеңесінің үшінші отырысы басталды. «Діни лидерлер қауіпсіз әлем үшін» тақырыбында өтетін съезге саяси қайраткерлер мен халықаралық ұйым өкілдерінен құралған 46 елден 82 делегация қатысады. 

Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VI съезі басталды

Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының кеңесінің үшінші отырысы жұмысын бастады.

«Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының Астана съезінің идеялары мен бастамаларына тұрақты қолдау көрсетіп, оның жоғарғы басқарушы органдары діни көшбасшыларының кеңесінің жұмысына қатысып отырғандарыңыз үшін баршаңызға алғысымды білдіремін. Кеңесіміздің жоғары және беделді құрамы өркениет аралық және дінаралық ынтымақтастықтың жаңа идеяларын ілгерілетіп, түпкі мақсаты қоғамдар мен мемлекеттердегі бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайтуды көздейтін іс-шараларды іске асыру бағдарламаларын әзірлеуі қажет.

Қ. Тоқаев дінаралық қатынастардың қарқынды дамуы съезд және оның кеңесі қызметінің басты жетістігі деп айтты.

Атап айтқанда форум дінаралық саммиттің негізгі қатысушыларының өзара пікір алмасудағы ерік-жігерін олардың бір-біріне деген сенімімен бірлесіп, іс-қимыл жасау кезінде орын алатын мәселелерге қатысты ортақ көзқарасын қалыптастырады. Сіздердің қоғам алдындағы игзі қызметтеріңіздің арқасында рухани әлем мен діни дәстүрлер қалың жұртшылыққа кеңінен таратуда», деді Сенат Төрағасы.

Жер жаһанда болып жатқан шиеленістерді шешуге мүдделі VI съезд төрт негізгі бағыт бойынша өтеді:

  • «Әлем. ХХІ ғасыр манифесі» жаһандық қауіпсіздік тұжырымдамасы ретінде»;
  • «Құбылмалы геосаясат жағдайындағы діндер: адамзатты біріктіруге арналған жаңа мүмкіндіктер»;
  • «Дін және жаһандану: сын-тегеуріндер мен жауаптар»;
  • «Дін көшбасшылары мен саяси қайраткерлер экстремизм мен терроризмді еңсеру жолында»

Съезд хронологиясы:

2003, 2006, 2009, 2012 және 2015 жылдары Астана қаласында өткен әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының төрт съезіне ислам, христиан, иудаизм, буддизм, синтоизм, даосизм және өзге де дәстүрлі діндердің басшылары мен көрнекті өкілдері қатысты.

Ақмарал АҒЗАМҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»