Бағдарламалар • 10 Қазан, 2018

Елді мекендер еңсе тіктеп келеді

930 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Елді мекендер еңсе тіктеп келеді

Ауыл – қашанда қазақтың алтын бесігі, ұлттың тозбас темірқазығы. Ал ауыл ахуалының жақсаруы тұрғындар үшін де жақсылықтың нышаны болмақ. Елбасы биылғы жылғы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын жақсарту» атты Қазақстан халқына Жолдауында ел экономикасын арттыру, сол арқылы халықтың тұрмыс сапасын жақсарту мәселесін айта келіп, келесі жылға «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасын қолға алуды тапсырды. Ауылдың әрбір мәселесі шешімін тауып, мұндағы елдің еңсесі көтеріңкі болса, болашақ та баянды. Ежелгі мекеннің мұңы тарқаса, бұл да егемендіктің ерен көрінісінің бірі.

Ауыл тұрғындары үшін ауызсу мәселесі бірінші орында. Жыл сайын мемлекет тарапынан ауылдарды көтеру мақсатында бағдарламалар дайындалып, тиісті қаражат көзі қарастырылуда. Мұндай игі жұмыстар бүгінде Жамбыл өңірінде де атқарылып, әкімдік тұрғындардың тілегін орындап келеді. Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметовтің қатысуымен өткен жиында өңірде ауызсумен қамтылған ауылдар санының көбейе беретіндігі айтылды. Су – ырыс көзі, тіршілік бұлағы болғандықтан да, ауыл тұрғындары үшін ауылды ауызсумен қамту мәселесінің қарқынды жүргені құптарлық. Басқосуда Асқар Мырзахметов өңірді ауызсумен және табиғи газбен қамтамасыз ету мәселелері тиісті деңгейде жүргізіліп келе жатқанын, бұл мәселенің өзінің тікелей бақылауында екенін айтқан болатын. 

Жамбыл облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашыл­ық басқармасының басшысы Нұрлан Алдам­жаров ауыз сумен қамту­дың жайын айта келіп, үстіміздегі жылдың 1 қаңтарында 4 қала бойынша орталықтандырылған ауыз­сумен қамту көрсеткіші 84,7 процентті құрағанын айтты. Оның сөзінше, қалалар бойынша саладағы көрсеткішті 2018 жылдың аяғына дейін 86 процентке жет­кізу көзделген екен. «Бұл көрсеткішке қол жеткізу мақсатында Тараз қаласының «Бурыл А, Б, В» тұрғын алқабындағы сер­вис­тік желілердің құрылысына үстіміздегі жылы республикалық және облыстық бюджеттен 334,6 миллион теңге бөлінді. Нәтижесінде ұзындығы 46,2 шақырым болатын құбыр жүйелері жүргізілу үстінде. Сонымен қатар аталған алқаптың 12,3 шақырым су құбыры желілерін кеңейтуге арналған жалпы құны 183,5 миллион теңге болатын жобаға облыстық бюджеттен қаржы қарастырылды», дейді басқарма басшысы. 

Қазіргі кезде аталған екі жобаны тиіс­ті мердігер компаниялар қолға алып, жұ­мысын бастап та кетіпті. Тағы бір айта ке­тер­лігі, «Тараз су» мекемесі облыс орта­лығындағы Қант зауыты аумағында құны 205,6 миллион теңге болатын жоба бо­йынша 8 көшеге 7,2 шақырым су құбырын тартып отыр. Аталған қаражат көзі Тараз қаласының бюджетінен бөлініп, бұл жұмыстар биылғы жылы аяқталатын болады. Мұның бәрі де әсіресе шалғайда тұратындарды ауызсумен қамтуда жақсы бастама болуда.

Бүгінгі таңда Жамбыл өңірінде об­лыстық маңызы бар үш қала бар. Қара­тау және Жаңатас қалаларында орталық­тан­дырылған ауызсу мәселесі толығымен ше­шілген. Нұрлан Алдамжаров бұл мәсе­ленің Шу қаласында да шешімін табуы үшін осы бағытта нақты жобалар әзірлену керектігін жеткізді. Ал нақты көрсеткіш бойынша айтсақ, облыстағы 373 елді мекеннің 189-ы немесе 50,7 проценті орталықтандырылған ауызсумен қамтылған. Болашақта бұл көрсеткіш өсіп, ауылдар ауызсумен әрі қарай қамтыла беретін болады.

Қазіргі кезде көпшілік үшін көгілдір отын мәселесі де өзекті. Әсіресе шал­ғай ауылдар үшін бұл басты мәселе. Дей тұр­ғанмен облыс әкімі Асқар Мырзах­ме­товтің тікелей тапсырмасы негізінде ауылдарды газдандыру жолға қойылған. Бүгінде өңірдегі 377 елді мекеннің ­181-і­ газбен қамтылған. Бұл бастама бұдан әрі жалғасын тауып, 2018-2025 жылдары қосымша 173 елді мекен көгілдір отынмен қамтылатын болады. Ал басқарма басшысы магистральды газ құбырынан 50-100 шақырым алшақ орналасқан және тұрғындар саны аз 23 елді мекеннің газдандырылмайтынын айтты. Себебі бұл экономикалық жағынан тиімсіз екен. 

Өңірдегі елді мекендерді газдандыру жұмыстарына өткен жылы 525 мил­лион теңге бөлініп, 8 жобалық-сме­талық құжаттама дайындалыпты. Оның ішінде облыстағы 6 ауданның 84 елді мекенін газдандырумен қатар, АГРС-1 және АГРС-2-ні қала сыртына шығару жоспарланған. Бұл жұмыс та Тараз қаласы тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. «Осы жобалар іске асқан кезде облыстағы газдандырылған елді мекендер саны 265-ті құрайды. Яғни, нәтиже 70 процентке көтеріледі. Ал газдан­дырылмаған 173 елді мекеннің мәселесін шешу мақсатында келесі жылдан бастап үш жылда бөліп қаржыландыру үшін елі­­­міздің Энергетика министрлігіне газ әке­летін құбыр құрылысына 11 жоба дайындалып, бюджеттік өтінім берілді. Оның ішінде құрылысын келер жылы бастау мақсатында ұзындығы 651 шақырымды құрайтын 8 жобаға бюджеттік өтінім берілді», дейді басқарма басшысы.

Бүгінде ауылдарды ауызсумен және көгілдір отынмен қамту мәселесі өңірде ойдағыдай жүргізілуде. Жоспар ауқымды, жұмыс қарқынды. Күн өткен сайын ауылдықтардың ахуалы жақсарып келеді.

Хамит ЕСАМАН,

«Егемен Қазақстан»

Жамбыл облысы