Саясат • 10 Қазан, 2018

Бүкіл әлем тап болған дағдарысты талқылауға келдім - Шейх Мухаммад Ахмад ат-Тайеб

431 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Бүкіл әлем тап болған дағдарысты талқылауға келдім - Шейх Мухаммад Ахмад ат-Тайеб

Суретті түсірген Ерлан ОМАР

Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VI съезіне Египеттен келген Аль-Азхардың бас имамы Шейх Мухаммад Ахмад ат-Тайеб мәлімдемесінде ислам дінін қаралаушыларды тоқтатып, әлсіз адамдарды қорғау керек екенін қадап айтты. «Баршаңызға Алланың рахымы мен нұры жаусын! Қазақстан Республикасына және Президентіне, Үкіметіне, халқына бүгінгі съезге шақырғандары үшін алғысымды білдіремін. Бұл съездің мақсаты – адамзаттың дамуының қауіпсіздігін қамтамасыз ету», деп бастады ол.

Бүкіл әлем тап болған дағдарысты талқылауға келгенін және бұл жағдайды діннің көмегінсіз еңсере алмайтынын айтты. «Бүгінгі таңда әлем үлкен дағдарысқа ұшырады. Қауіп басым. Зорлық-зомблық халықаралық қатынастардың нормасына айналғандай. Шығыс пен Батыстың арасында орнаған норма сияқты. Айналаға қарасақ мұндай қасірет біздің жалпы адамзат тарихында болған өркениеттердің тарихында бұрын-соңды болмаған. 19 ғасыр білім мен мәдениеттің даму ғасыры болса да бүгінгідей қасірет сол кездеің өзінде болмаған. Сол заманның теорияшылары ақ немесе ария нәсілі жоғары тұрады деп айтпаған. 20 ғасыр келгенде бүкіләлемдік саясатты қолдайтын болдық деп ойладық. Ал бұл ғасыр екі әлемдік соғыстың уақыты болды. 70 миллион адам құрбан болды. Сол кезде түрлі діндердің өкілдері қайтыс болды. Сол соғыстардан соң әлемді басқаратын адамдар жоспарлы соғыстардың қасірет әкелетінін түсінді. Бүкіл әлемде БҰҰ-ның декларациясын жариялады. Оған сәйкес барлық халықтарға олардың гүлденуі және дамуы үшін кепілдік берілді. Сол декларацияның бірінші бабы елдер арасындағы теңдікті, құқықтарын қамтамасыз ету. Мен қайталап айтамын. Барлық мемлекет басқа мемлекеттердің ішкі саясатына араласпау керек деген қағида бекітілді. БҰҰ-ның жарғысы әлсіздерді қорғау қағидатын алға тартты», деді бас имам. Дегенмен, қабылданған құжаттың тек қағаз жүзінде қалғанын, Таяу Шығыс және басқа мемлекеттерде адам қорлау ісінің өршіп тұрғанын жеткізді. «Бүгінгі таңда басқарушылар екі ұшты ұстанымдарды пайдалануда. Олар адамдардың құқықтарын бұзу және қара бастарының мүдделерін қорғау үшін үлкен жұмыстар жүргізуде. Міне, біз 21 ғасырда өмір сүріп жатырмыз. Бұл ғасырда бұрынғы соғыстар террористік соғыстарға жалғасты. Терроризмді тек қана исламға қаратып айтатын болды. Өкінішке қарай, біз осы жалған ұғымға сене бастадық. Әрине, бүгінгі таңда көптеген жалған діни ұйымдар исламды қаралау үшін, терроризм және радикализммен байланыстыру үшін үлкен жұмыстар жүргізді. Терроризмнің проблемалары туралы әңгіме көңіл көншітпейді. Өзім куә болған оқиғамен бөліскім келеді. Назар аударып қарасақ, өңірлік техника мүмкіндіктері және оның қару-жарақтарының дайындығы терроризмге тойтарыс бере алмайды. Бейбіт өмір сүріп жатқан адамдар арасында терроризм болған кезде бүгінгі мүмкіндіктер оларды қорғай алмайды». Аль-Азхардың бас имамының айтуынша, кейбір адамдар Ислам дінін жамылып, өздерінің теріс, арандатушылық пиғылдарын іске асыруда. Олар бүкіл араб әлеміне қауіп төндіруде. Бүкіл араб әлеміне деген қорқыныш пен үрейді тудыруда. Исламды ұстанатын адамдарға деген төзушілік болмау керек деген сөздерді таратады.

«Құрметті ханымдар мен мырзалар! Біз терроризм мәселесін айтқан кезде – «Терроризмді исламнан бастап иудаизм, христиан, буддизм де қолдамайды. Олар бейбіт өмір сүруді қалайды», дейміз. Әлсіз адамдардың бәрін қорғау керек деген қағидаттарды ислам дінінің өкілдері таратады. Еуропадағы жастардың өзі де, олардың отбасылары да, ешқандай дін ұстамайтын адамдар да исламның шариғаттарын зерттемеген. Сонымен қатар, түзу жолдан жаңылып, Сириядағы соғысқа қатысқан жастармен де жұмыс жүргізуіміз керек. Көптеген Еуропалық жастар Сириядағы жихадқа қосылған. Оларың 40%-ы атеистер, 40%-ы католицизмді ұстанса, 1%-иудейлер, 19%-ы ғана мұсылмандар».

Имам мәлімдемесін былай аяқтады:

«13 қыркүйекте газетте жарияланған ақпаратты айтқым келеді. Халықаралық саясатқа жауапты адамдар 1,5 триллион қаржыны Ауғанстандағы соғысқа жолдаған. Бұл қаражаттың сомасы Германия сияқты мемлекеттің бес жылдық бюджетіне тең болады. Бұндай қыруар қаржыны біз не үшін жұмсаймыз? Осы соманың 1/100 бөлшегін аш немесе кедей адамдарды қолдауға жіберсек құба құп болар еді».

Ақмарал АҒЗАМҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар