Жеңіл атлетика • 11 Қазан, 2018

Мақтануға әлі ерте - Аян Бейсенбаев

448 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Индонезияда мәресіне жеткен Азия ойындарында қазақ баласы тұңғыш рет триатлонда жүлдеге ілікті. Оның есімі – Аян Бейсенбаев. Қуанышты сәтімен құттықтап хабар­ласқанымызда, 22 жастағы жігіттің жігеріне ғана емес, қарапайымдылығына да қуандық.

Мақтануға әлі ерте - Аян Бейсенбаев

– Аян, күміс медаль құтты болсын! Барлығы жоспар­дағыдай болды ма?

– Рахмет! Жоспарымыз толық орындалды деуге келмес. Себебі алтын медальдан үміттеніп едім. Аяғымның сіңірі тартылып, біраз мазамды алды. Ауа райының ыстықтығы да кері әсерін тигізді. Бейімделу қиын болды. Бірақ шамам келгенше тырысып, барымды салдым. Күміс медаль алғаныма қуаныштымын. 

– Өзіңіздің уақыт көрсет­кі­шіңіз қаншалықты көңіліңіз­ден шықты?

– Триатлон – уақытты болжап болмайтын спорт түрі. Мұнда бәрі ауа райына, желге, жолға, тіпті судың температу­расына да байланысты. Жалпы, нәтиже жаман емес. Алдағы уақытта бұл көрсеткішті жақсар­туға тырысамын.

– Жалпы, Азия ойындарына дайындық қалай жүріп еді?

– Біз бұл ойындарға ұзақ дайындалдық. Даярлық кезінде аздаған қиындықтар кездесті. Бірақ оларды бапкерлермен бірігіп шешіп отырдық. 

– Джакартада осыдан төрт жыл бұрын Инчхондағы көрсеткішіңізді жақсартып қана қоймай, күміс медаль енші­ледіңіз. Осы аралықта даярлық жүйесінде не өзгерді?

– Инчхонда тоғызыншы орынмен шектелуім тым жас болғаныма байланысты шығар. Себебі ол кезде жасым 18-де болатын. Сондықтан Азия ойындарына қатысуыма әрең рұқсат берілді. 

Әр жарыс сайын кем-кетік­терді анықтап, бапкеріммен бірге соларды жою жолында еңбектенеміз. Джакартадағы ойындар алдында басымдықты жүзуге бердік. Себебі жүзуде әлі де кемшін тұстарым бар. Осы жолы велосипед жарысын ойдағыдай өткізгеніммен, жүгіруде аяқтарым біраз сыр берді.

– Үш спорт түрінен үш түрлі маманның жаттықтыруына қатысты ойға пікіріңіз қандай?

– Өзім триатлон бапкерінің қарамағында жаттығамын. Бұл сұраққа біржақты жауап беру қиындау. Себебі әр бапкер өз саласына көбірек басымдық береді де қалған екі спорт түрі қалыс қалады. Ал триатлонда ауыртпалық бірдей болуы керек. Бұрын жүзуден бапкеріміз бөлек болатын. Ол кісі осы спортта көп жаттығу жасатып, соңында жүгіру мен велосипед тебуге шамамыз келмей қалатын. Сондықтан бұл жерде бапкердің біліктілігі маңызды.

–  Ал бізде білікті мамандар жеткілікті ме?

– Жеке бапкерім Юрий Соловьев – өз ісін білетін маман. Әлем чемпионы, Дохадағы Азия ойындарының жеңімпазы, Олимпиадада төртінші орын алған Дмитрий Гааг Юрий Викторовичтің шәкірті. Осындай танымал шәкірттері көп. Бұл да сол кісінің біліктілігінің арқасы ғой.

– Үш спорт түрінен жатты­ғуларға уақытты қалай бөле­сіз?

– Таңертең велосипедпен 60 шақырымдай жүріп өткен соң, бассейнде 3-4 шақырым жүземіз. Түскі тамақты ішіп болған соң біраз тынығып жеңіл атлетика жаттығуымен жалғастырамыз. Бұл жобалап айтып тұрғаным. Жаттығудың күнделікті бағдарламасы бапкерге байланысты.

– Триатлон – төзімділікті талап ететін спорт. Сондықтан оған егде жастағылар қызы­ғады деп жатады. Сіз қалай ойлай­сыз?

– Ересектер қатарына енді қосылған жылдары ауырлау соқты. Ал қазір ағзам үйреніп кетті. Бұл үздіксіз әрі жүйелі жаттығудың арқасы. Бұрындары триатлон жарыстарында қаты­су­шының жасы ескеріл­месе, бүгінде қашық­тықты жас дең­гейіне қарап қояды. 

Анам спортпен шұғылдануым үшін бірнеше үйірмеге апарды. Ол кезде жүзе алмайтынмын, әрі онша қызыққан да жоқпын. 

– Неліктен таңдауыңыз триатлонға түсті?

– Бала күнімде велосипед тепкенді жақсы көретінмін. Анам спортпен шұғылдануым үшін бірнеше үйірмеге апарды. Ол кезде жүзе алмайтынмын, әрі онша қызыққан да жоқпын. Бір күні велосипед, жүзу және жүгірудің басын біріктірген триатлон жайлы естіп, бағымды сынап көргім келді. Тым құрығанда жүзіп үйренемін дегенмін. Уақыт өте бұл спортқа қызығушылығым артып, біржола ден қойдым. 

– Екі сағатқа созылатын жарыста не туралы ойлайсыздар?

– Әдетте алдағы кезеңге тактикалық жоспар құрамын. Айталық, жүзу кезінде алдағы екі жарысқа ойша дайындаламын. Өзімнің әлеуетімді бағалап, күшімді дұрыс жұмсау туралы ойлаймын. Өйткені триатлон нақты жоспарға да бағынбайтын спорт қой.

– Ата-анаңыз Джакарта­дағы ұлының бұл жетістігін қалай қабылдады?

– Ол кісілер телетрансляция болмағандықтан, бұл жарысты тамашалай алған жоқ. Мәреге жеткендегі, тұғырдағы суреттерді бапкерім жіберген соң қуанып құттықтап жатыр. Ол кісілер жеңсем де, жеңілсем де амандағым үшін қуанады. 

– Триатлоннан Азия ойын­дарында жүлде салған тұң­ғыш қа­зақсыз. Мұның сіз үшін ма­ңызы қандай?

– Тұңғыш деген ұғым мен үшін соншалықты маңызды деп айта алмаймын. Бұған дейінгі триатлоншыларымыз туралы көп естігенмін. Біздің елде бұл спорттың деңгейі жоғары болған. Әлем, Еуропа чемпионаттарында атой салған талай спортшымыз бар. Тек соңғы 5-6 жылда кенжелеп қалды. Солардың қасында өзімді ерекшелеу орынсыз. Олимпиадада үздіктер қатарына іліксем, сонда мақтануға болатын шығар. 

Мәдина АСЫЛБЕК,

журналист

Соңғы жаңалықтар