Парламент • 11 Қазан, 2018

Әуе кемелеріндегі қауіпсіздік жөніндегі конвенциялар мақұлданды

282 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Кеше Парламент Мәжілісінің Төрағасы Нұрлан Нығматулиннің жетекшілігімен палатаның кезекті жалпы отырысы болып, онда жеті мәселе қаралды.

Әуе кемелеріндегі қауіпсіздік жөніндегі конвенциялар мақұлданды

Соның ішінде Инвестициялар және даму министрінің міндетін атқарушы Роман Скляр депутаттарға әуе кемелерінің бортында жасалатын қылмыстар және кейбір басқа да актілер туралы конвенцияны және осы конвенцияны өзгертетін хат­таманы ратификациялау туралы Қазақстан Республикасы заңының жобасын таныстырды. Халықаралық конвенцияның өзі 1963 жылы Токиода қабылданған екен. Қазір оған әлемнің 186 мемлекеті қосылған көрінеді. 

Р.Склярдың баян­­да­ма­сынан заң жобасы әуе кемелерінің бортындағы тәр­тіп бұзушылықтардың жолын кесуге бағытталғаны белгілі болды. Мұнда әуе кемесі командирінің тәртіп бұзушыларға қарсы әрекет ету өкілдіктері анықталған. Сон­дай-ақ экипаж мүшелеріне де осы тарапта берілетін құқықтық нормалар қам­­тылған. Конвенция мен хаттаманы ратификациялау Қазақстан тарапынан қосымша шығындар талап етпейді, деді ол. 

Баяндама аяқталысымен депутаттар бірнеше сұрақ қойды. Оларға жауап берілген соң, кейбір түсінбестік туғызған тұстарды отырысқа қатысып отырған Әділет министрінің орынбасары Эльвира Әзімова тарқата ай­тып берді. Осыдан кейін талқылауға қатыс­қан депутат Абай Тасболатовтың ұсы­ны­сымен заң жобасы мақұл­дан­ды. 

Жалпы отырыста әуе кемеле­рін заңс­ыз басып алуға қарсы күрес туралы конвенция мен оны толықтыратын Хаттаманы ратификациялау туралы заң жобасы да көптеген сұрақтар беріліп, біршама мәселелері түсін­діріл­ген соң мақұлданды. 

Сондай-ақ кешегі отырыс­та «Қазақ­стан Республикасының кей­­бір конс­титуциялық заңдары­на Қазақстан Рес­публикасының әкімшілік-аумақ­тық құрылысы мәселелері бойын­ша өзгерістер енгізу туралы»­ конс­­­титуциялық заң жобасына, «Қазақ­стан Ре­с­­­пуб­ликасының кейбір заң­­на­малық актілеріне Қазақ­стан Рес­публикасының әкім­шілік-аумақтық құ­рылысы мәселелері бойынша өз­герістер мен толық­тырулар енгізу туралы» заң жобасына, «2018-2020 жылдарға арнал­ған республикалық бюджет туралы» Қазақстан Рес­пуб­ликасының Заңына өзгеріс­тер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына, «Қазақ­стан Республикасының кейбір заң­намалық актілеріне дене шынықтыру және спорт мәсе­лелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар ен­гізу туралы» заң жобасына және «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Үндіс­тан Республикасының Үкіметі арасындағы Біріккен Ұлттар Ұйы­мының Ливандағы Уақыт­ша күштеріндегі (БҰҰЛУК) үндістандық батальон­ құрамында қазақстандық бітім­гер­шілік контингентті бір­ле­сіп өрістету тәртібі туралы өз­ара тү­сіністік туралы меморандумды ратификациялау туралы» заң жобасына қорытынды әзірлеу мерзімдері белгіленді. 

Күн тәртібіндегі мәселе­лер қа­ралып болған соң депутат­тардың орталық атқарушы ор­гандарға жолдайтын сауалдары жарияланды.

Жақсыбай САМРАТ,

«Егемен Қазақстан»