Қазақстан • 11 Қазан, 2018

Елордада шекараралық сулар туралы конвенция тараптары кеңесінің сегізінші сессиясы өтті

540 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Кеше Елордада шекараралық сулар туралы конвенция тараптары кеңесінің сегізінші сессиясы өтті. Шараға әлемнің 100-ге жуық елінен 500-ге тарта мейман қатысып, конвенция шеңберінде құқықтық, экономикалық, экологиялық және технологиялық мүмкіндіктер кеңінен талқыға салынды.

Елордада шекараралық сулар туралы конвенция тараптары кеңесінің сегізінші сессиясы өтті

Азия құрлығында тұңғыш рет өткізілген жиында ауыз су тапшылығы мәселесі жан-жақты сөз болды. Шараны бей­нежолдау арқылы құттық­тау сөзімен ашқан Елбасы Нұр­сұлтан Назарбаев ­қа­тысушы­ларға сессия маңыз­­­ды­лығы ту­­р­а­лы айтып, халықты және ха­лыққа қажет әлеуметтік-эко­­номикалық салаларды сумен қамту, аталған салаға тың технологияларды енгізу, инвестиция тарту, су қорларын зиянды қал­дықтардан тазарту және бі­лік­­­­­ті мамандар дайындау сын­ды түй­­іт­кілді мәселелерді назарға алды.

Шараға қатысушы ресми делегация құрамында алыс-жақын шет мемлекеттердің министрліктері мен агенттік­­терінің басшылары болды. БҰҰ Еуропалық экономикалық комиссиясының атқарушы хатшысы Ольга Алгаерова баян­дама жасап, ұйымның Бас хатшысы Антониу Гутер­риш жолдаған құттықтау сөзді оқып берді. Жиында сөз алған басқа да баяндамашылар жолда­ған су мәселесін шешудегі өзара ынтымақтастықтың мән-маңы­зын ерекше атап өтті.

Жалпы әлемдегі 260 ­шек­ара­­аралық су бассеині жер ша­рының тең жартысын құраса, бұл аумақтың 40 процентінде адамдар өмір сүреді. Яғни, жыл сайын жер-жаһанды таза ауыз сумен қамту мәселесі қор­­да­ланып келеді деген сөз. ­Жи­ын­ға қатысушылар бұл мә­се­­ле­ні шешу үшін жұмыла жұмыс атқа­ру қажеттігін айтады. 

Қазақстан аталған конвен­ция­ға биыл үшінші мәрте төр­ағалық етіп отырғанын атап өткен жөн. Сегізінші сессия барысында 2019-2021 жыл­дар­ға арналған стратегия мен бағдарлама қабылданады деп жоспарланған. 

Аталған бағдарлама негі­зінде трансшекаралық өзен­дердің су ресурстарын қорғау және пайдалану мәселесі қа­растырылып, бұл салаға инвес­тиция тарту жолға қойыл­мақ. Сондай-ақ су секторында елдің ғылыми және инс­титуционалдық әлеуетін кү­шейтуге басымдық берілмек. Шекарааралық сулар туралы конвенция 1996 жылы қабылданды және оған БҰҰ-ға мүше елдер қатыса алады.

Еркежан АЙТҚАЗЫ,

«Егемен Қазақстан»