Үкімет • 11 Қазан, 2018

Президент Жолдауы: ШҚО кәсіпорындары еңбекақыны көтеру шешімін қолдайды

274 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапары аясында ҚР Премьер-Министрі Б. Сағынтаев бірқатар өнеркәсіптік нысандарды аралады. «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Жолдауының басты бағыттарын талқылау барысында бірқатар кәсіпорынның басшысы Жолдауға қолдау білдіріп, қызметкерлердің ең төменгі жалақыларын арттыру жөніндегі жоспарлары туралы мәлімдеді, деп хабарлайды Премьер - Министрдің баспасөз қызметі.

Президент Жолдауы: ШҚО кәсіпорындары еңбекақыны көтеру шешімін қолдайды

Семей қаласында Бақытжан Сағынтаевтың қаланың активімен және жұртшылық өкілдерімен кездесу барысында «Фирма «Азия» ЖШС құрылыс компаниясы Президент Жолдауына қолдау көрсету аясында қызметкерлерге ең төменгі жалақы мөлшерін 50%-ға дейін көтеру туралы шешім қабылданғанын жеткізді.

«Біз Президент Жолдауында алға қойылған міндеттерді іске асыруға әзірміз. Келесі жылдан бастап біз кәсіпорында еңбекақыны 50%-ға көтереміз», — деді құрылыс компаниясының құрылтайшысы Ә. Досқожанов.

Жарма ауданында кен байыту фабрикасын аралағаннан кейін, Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев «Бақыршық тау-кен өндіру кәсіпорны» ЖШС басшылығымен кездесу өткізді. Елбасы Жолдауының маңызды бағыттары талқыланды. Бас директор Ю. Овчинников кәсіпорын жұмыскерлерінің еңбекақысын арттыру мәселесін қарап жатқанын жеткізді.

Айта кету керек, бүгінгі таңда кәсіпорында 1097 қызметкер жұмыс істейді. Оның ішінде 97,2%-ы — Қазақстан азаматтары. Бұдан өзге, кәсіпорынға мердігер ұйымдардың 700-ге жуық қызметкері тартылған. Сондай-ақ, білікті кадрларды даярлау мақсатында Құзыреттілік орталығын құру көзделген.

Бұл нысанда Бақытжан Сағынтаев кен байыту фабрикасы жұмысының ағымдағы нәтижелерімен танысты. Бақыршық тау-кен өндірісі кәсіпорны Қазақстанның ірі кен орны — Жарма ауданындағы Бақыршықта кен өндіреді, бұл жердің қоры бір тоннаға шаққанда орта есеппен құрамында 7,7 грамм болғанда 280 тонна алтынға бағаланады. Қазіргі кезде «Жылына 2 млн тонна кен өндіретін тау-кен байыту комбинатын салу» жобасы іске асырылып жатыр, жоба облыстың индустриялық-инновациялық даму бағдарламасына енген. Кәсіпорынға салынған инвестициялардың жалпы көлемі 133 млрд теңгеден асады. Нысан 2018 жылғы маусым айында пайдалануға берілген. Толық жобалық өнімділігіне 2019 жылы шығару жоспарланған.

Осы жерде Премьер-Министрге жаңа «Қызыл» жобасын таныстырып, оның өнімдерін өткізу перспективалары көрсетілді. Кәсіпорынның бас директоры Ю. Овчинников «Қызылдағы» алтын қорының деңгейі 280 т құрайтынын айтты, алтынның үлесі жоғары. 2018 жылдың тоғыз айының ішінде 311,5 мың т кен өңделген, дайын өнім — құрамында алтын бар 12 569 т конденсат өндірілген. Болашақта жоба алтын мен басқа да пайдалы қазбаларды барлау, өндіру, қайта өңдеу, өңдеу, тасымалдау және сату ісін қарастырмақ. Бұл еліміздің экспорттық әлеуетін арттыру үшін қосымша серпін болады.

«Индустрия 4.0» аясында заманауи технологияларды өндіруге көбірек көңіл бөлініп жатыр. Фабрикада Финляндия, ОАР, Германия және басқа да өндірістердің бірегей техникалық жобалары іске асырылған. Мұнда қолданылатын автоматтандырылған жүйелер адам факторының өндіріске ықпалын азайтып, жұмысты қауіпсіздендіріп, жарақат алу қаупін төмендетеді.

Жалпы, ИИДМБ негізгі мақсатты индикаторлары бойынша өңдеу өнеркәсібінде өңірде 2018 жылдың қаңтар–ақпан айларында экспорт көлемі $252,1 млн құрады. Еңбек өнімділігі $6,8 мың/адамды құрайды. 2018 жылы жалпы сомасы 167,1 млрд теңгеге тағы тоғыз жобаны іске қосу жоспарланып отыр, 1,4 мың тұрақты жұмыс орындары құрылады. Биыл тамыз айында негізгі капиталға 25,3 млрд теңге инвестиция салынды.