11 Қазан, 2018

Әулиеата әнге бөленді

794 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Белгілі дирижер, талантты композитор Нұр­лан Байгөзовтің есімі өнер­сүйер қауымға жақсы таныс. 

Әулиеата әнге бөленді

Әулиеата топы­ра­ғында дүниеге келіп, арман арқалап Алма­тыға аттанған ол қазақ музыка өнерінде өзін­дік деңгейге көте­рілді. Әр жылдары «Гүл­дер», «ДосМұқасан» ан­сам­блінде қызмет атқар­ды. Оның әндерін ха­лық әртісі Мақпал Жүні­со­ва, Ерал­хан Әбішев, Жұ­баныш Жек­сенұлы сияқ­ты әнші­лер шырқап, тыңдарман жүрегіне ұялат­қан болатын.

Күз мезгілі келіп, күрең түскенде Нұрлан Бай­гөзов Тараз қаласына келіп, «Бала­сағұн» орта­лық концерт залында «Таразым­ның алтын күзі» атты эс­трада және джаз музыка фести­валін өткізді. 

Нұрлан Байгөзов тек дирижер, композитор ғана емес, ән әрлеуші ретінде де танымал. Джаз жанрын қайта оралтып, музыка өне­ріне соны соқпақ салды. Бұл кеште барлық туындылар эстрадалық оркестрдің сүйемелдеуімен орындалды. Әуелі композитордың өзі жаңаша бағытта әрле­ген «Қыздар-ай» атты ха­лық әнін «X band» тобы нақышына келтіре орындады.

Фестиваль барысында Жұбаныш Жексенұлы, Ералхан Әбішев, Дәу­рен Сейітжан, Сая Ма­хам­бет және өзге де өнер­паздар Нұрлан Бай­гө­зов шығармаларын шынайы орындады. Ал композитордың кубалық достарына арнап жазған «И снова карнавал» атты әнін эстрадалық оркес­тр мү­шелері жоғары дең­­гей­де орындап, тың­дарманның көңілінен шықты. Сонымен қатар өнер иесінің ұлы Ербол Байгөзов өзінің өлеңдерін оқып, көпшілікті бір сер­­пілтті. Ең бастысы, көп­шілік кеш барысында шырқалған Нұрлан Байгөзовтің «Анаға арнау», «Адасқан шағала», «Сағыныш тамшысы», «Қазақ даласы» сияқты әндері қазақ өнеріне қо­сыл­­ған үлес екенін түй­сініп қайтты. Көпшілік тың­дарман композиторға деген құрметін көрсетті. Өнерге деген адалдығын сақтаған саңлақтың Әулие­ата аспанын әнге бөле­ген сәтін ерекше бағалады.

Хамит ЕСАМАН,

«Егемен Қазақстан»

Жамбыл облысы