Аймақтар • 11 Қазан, 2018

Зиялы қауым өкілдері Жолдауға пікір білдірді

3501 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін
Зиялы қауым өкілдері Жолдауға пікір білдірді

Үнемдеу игілікке бастайды

Егемен еліміздің тұрақты дамуын қамтитын, барлық салаға тың серпін беретін, халқымыздың игілігін көздейтін шынайы іс-жоспарға құрылған тарихи құжатта күрделі кезеңде бөлінетін әрбір теңгенің қайтарымының мол болуына қол жеткізу керектігі айтылды. Жүктелген іске жауапкершілік танытсақ, бюджеттің жүздеген миллиард теңгесін үнемдеп, тұрғындардың нақты қажетіне бағыттауға болатыны да ескертілді. Сондай-ақ Жол­дауда Елбасы Үкіметке тиімсіз әрі уақтылы емес шығындарды болдырмай, шығыстарды оңтайландырып, қаражатты үнемдеу үшін жүйелі шаралар қабылдауды тапсырды.

Осы орайда Үкіметке екі ұсыныс айтуға болады. Мемлекет басшысы Түркістанның ертеңгі өсіп-өркендеуіне ерекше мән беріп отыр. Өңір тұрғын­дарының облысты көркейту мақсатында жасаған Елбасының қамқорлығы үшін ризашылығын да жеткізе кетейін. Қаланы көркейту мақсатында нақты тапсырмалар беріліп, жоспарлар жасалуда. Мысалы, Мемлекет басшысының төрағалығымен өткен Түркістан облысын дамытуға қатысты алқалы жиында бірқатар компания қажетті нысандарды салуға уәде етсе, «Қазатомпром» ұлттық компаниясы облысқа қаржылай көмек көрсетуге даяр екенін білдірді. Көмек әрине қажет. Дегенмен бірмезеттік болмағанын қалар едік. Компанияға қарасты өндірістің 75-80 проценті Түркістан облысының Созақ, Отырар және Қызылорда облысының Шиелі, Жаңақорған аудандары аумағында. Яғни әрі кетсе Түркістаннан 150 ша­қырым қашықтықта. Егер ұлттық компания өзінің бас кеңсесі ғимаратын Түркістанда стандартқа сай салып, көшіп келсе барлық жағынан тиімді болар еді. Жұмысының алға қарай өріс­теуіне септігі тиеді, өндірістің өнімді жұмыс істеуіне тікелей басшылық ете алады. Ең бастысы жыл сайын түсетін қомақты салық Түркістан облысының, қаланың көркеюіне үлкен көмек болар еді. 

Екінші ұсынысым, қазір жоспарланып жатқан Түркістанға аэропорт салу мәселесіне қатысты болып отыр. Дұрыс, әуежай өте қажет нысан. Шымкент қаласы да қазіргі әуежайда жаңа жолаушылар терминалының құрылысын жүзеге асырмақ. «СКАТ» əуекомпаниясы» жеке инвестор ретінде жаңа терминалды өз есебінен салуға қызығушылық танытып отыр екен. Инвестиция көлемі 50 млн АҚШ долларын құрайды. Осы орайда екі жобаны қосып, Шымкент пен Түркістанның ортасынан үлкен аэропорт салынса деген тілек бар. Бүкіл өркениетті елдердегі қалаларда аэропорттың ең жақыны 30 шақырым жерде орна­лас­қан. Кейбірінің қашықтығы 100 ша­қы­рымға жуықтайды. Яғни қаладан бөлек орналасқан. Екі жобаға жұмсалар қаржыны қосып, оның 75-80 процентіне бүкіләлемдік стандартқа сай келетін, үлкен авиалайнерлер қабылдай алатын әуежай салуға болады. Ол халықар­алық трассаға қосылса орасан пайда әкеле­тін болады. Туристер қатарының өсуіне де септігін тигізеді. Қазір Шым­кент пен Түркістанды үлкен автобан ­байланыстырып жатыр. Яғни әуе­жай­дан Шымкентке де, Түркістанға да жылдам жетуге болады. 

Елбасы Жолдауы шеңберінде алда атқарылар жұмыс көп, ол бойынша іс-шаралар жоспары жасалатыны да заңды. Қоғам мемлекетіміздің бүгінгі және алдағы уақытта атқаруға тиісті іс-әрекетіне бағдар ретінде ерекше ықыласпен қабылдаған Жолдауды мұқият тыңдап, ой елегінен өткізген соң туындаған пікір-ұсынысымды тиіс­ті орындарға құлаққағыс етіп отырмын. 

Шалатай МЫРЗАХМЕТОВ,

техника ғылымдарының докторы, профессор

Түркістан облысы

Сапалы орындалуда

Жаңа мүмкіндіктерге жол ашатын Жолдау халықтың болашаққа деген сенімін нығайта түсері сөзсіз. Ең бас­тысы, мем­ле­кеттік қызметшілер Мем­­­лекет басшы­сының қолдауын сезініп отыр және Жолдауда айтылған барлық бастамаларын бірауыздан қолдайды. 

Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 5 және 6-қадамдарын жүзеге асыруда 2018 жылы агенттіктің, Әділет министрлігінің, Астана қаласы мен Маңғыстау облысы әкімдіктерінің базасы негізінде әкімшілік мемлекеттік қызметшілер үшін факторлық-балдық негізде лауазымдық ақы мен бонустар кіргізілген қанатқақты режімде еңбекақы төлеудің жаңа жүйесі жүзеге асырылуда. Оның аясында орта­лық мем­­­лекеттік органдар мен аумақтарда­ғы қыз­метшілер айлық ақысындағы айыр­ма­шылық 70%-тен 10%-ке дейін төмендеген. 

Маңғыстау өңірінде қанатқақты жоба өз жемісін берді деуге толық негіз бар, себебі мемлекеттік қызметтен ке­тушілер саны азайып, керісінше келу­шілер санының артқандығын байқауға болады. Қазіргі таңда Маңғыстауда жергілікті атқарушы органдардағы бос орындар саны – 90, ал өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда бұл көрсеткіш 172 болатын, яғни биыл штаттық бірлік 6,7% құрап отыр, ал 2017 жылы 12,8% болған еді. 

2018 жылдың 1 қазанындағы мәлімет бойынша мемлекеттік қызмет жүйе­сінен өз еркімен кеткендердің саны 37 бірлік (2,7%) болса, өткен жылдың 1 қазанында бұл көрсеткіш 90 (6,7%) бірлікті құраған. Өткен жылмен салыстырмалы түрде таза ауысымдылықтың саны 4 процентке ­жу­ық азайғандығын байқауға болады, яғни еңбекақы мөлшерінің көбеюі атқа­ра­тын қыз­метке деген жауапкершілік пен ­қы­зығушылықты арттырды. 

Әрине, бұл ең алдымен Елбасының тапсырмасын орындаудың нәтижесінде болып отыр. Қазіргі таңда мемлекеттік қыз­мет­шілердің жағдайын жақсарту бағытында бірқатар міндеттер Маңғыс­тау өңірінде уақтылы әрі сапалы орындалуда. 

Нұргүл ЖАННАЗАРОВА,

Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің департамент басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрайымы

Маңғыстау облысы

Әлемдік медицинаның жетістігін үйренуіміз керек

Елбасының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауын тыңдай отырып, мемлекетіміздің алдағы даму жоспарынан тағы да жақсы хабардар болдық. Әлемдегі озық отыз елдің қатарынан көрінуді мақсат тұтқан еліміздің келешегінің қандайлығы біздің өмірімізден, жұмысымыздан айқын көрінеді.

Осыдан он-он бес жыл бұрын алыс ауылдар емес, қалалардың өзін­де ме­дициналық қондырғылардың жағ­дайы сын көтермейтін еді. Тіпті жаңа қондырғылардың алды елге келіп жатқанда мамандарымыздың қау­қар­сыздығы соншалық, қосып-ажыратудың өзін қиындық көретін. Содан бері бұл үрдіс үздіксіз жүргізіліп жатыр.

Мемлекет басшысы басқа сала ма­мандарымен қатар, дәрігерлер қауы­мы­ның да біліктілігін шетелде арттыруға мән беріп, мүмкіндік туғызды. 

Қазір дүниежүзінде Оңтүстік Кореяның медицинасы үлкен биікке көтерілгендігі айтылады. Өңірімізге сол жақтан мамандар шақыртылып қана қоймай, дәрігерлеріміз, атап айтқанда, балалар хирургиясы және жүрек қан тамырлары дәрігерлері сол жақтан тәлім алып келіп жатыр. Алайда тәжірибе алмасу бірді-екілі мамандардың алған тәлімімен өлшенбейді. Сондықтан, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Оңтүстік Кореяға өзі арнайы жұмыс сапарымен барып, медициналық туризмді дамыту мақсатында екіжақты меморандумға қол қойып қайтты.

Кадрлардың біліктілігін арттыру өзіміздегі ғылыми-зерттеу институттарымен де қабырғалас жүріп жатыр. Мемлекет басшысы Жолдауында біздегі кейбір сырқаттардың шетелдегі емханаларды таңдайтындығын айтты. Бұл әлемде бар құбылыс. Еліміздің медицина қызметкерлері бұл дұрыс сыннан қорытынды шығарып, отандық медицинаның әлеуетін әлі де көтеру үшін тынымсыз жұмыс жасауы керек.

Бұл біздің қолымыздан келеді деп ойлаймын.

Елена ЦХАЙ,

жоғары санатты дәрігер-эндокринолог

Қызылорда облысы

Үдеден шығайық

Елбасы Жолдауы негізгі бағдарла­­­­малық құжат ретінде еліміздің даму келе­­­шегіне бағыт-бағдар беріп, барша Қазақ­стан жұртын ел келешегінің дамуы­на жұмылдыруға бағытталып отыр. Осы орайда Президент елдің әлеуметтік жағ­дайын көтерудегі әрбір ведомствоның жа­уап­кершілігін нақты дәлелдермен көр­сетіп берді. Әлеуметтік сала, ауыл шаруа­шы­лығы, өнеркәсіпке, сот жүйесіне, ішкі істер саласына қатысты нақты талаптар қойды.

Бүгінде қол жеткізген жетістік­теріміз баршылық. Экономикамыз дамып, салаларда серпін байқалады. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қан­шама құнды дүниелерге қол жеткіздік. Ендігі кезекте әрбір Қазақстан азаматы ел алдындағы жауапкершілігін түсіне отырып, заманауи жаңалықтарды игерумен қатар, өз отбасының білім алуына, ден­саулығының саламатты болуына ерекше ыждаһаттықпен қарауы тиіс. Сонымен қатар өркениеттен жырақта жатқан ауыл-аймақтар қалалармен тығыз байланыста дамып, ауыл-қала ар­­а­сын­дағы алшақтықтар жойылса, ауыл өндірісі мен қала тіршілігі тығыз байланыста болса, көптеген мәселелер шешімін тапқан болар еді. Өндіріс, өнеркәсіптердегі жұмысшыларға төле­нетін еңбекақы мөлшері өз деңгейінде төленіп, жұмыскердің әлеуметтік қажет­тіліктері қиындықсыз шешіліп отырса, осы қадамның өзі біздің жарқын келешегімізге жасалған қадамдардың бірі болып табылатыны сөзсіз.

Шахисмайл АСИЕВ,

«Ахыска» түрік этномәдени бірлестігі төрағасының орынбасары 

АЛМАТЫ

Мұғалімдерге ерекше мән берілгеніне ризамыз

Өзім «Қазпоштада» еңбек ететін­діктен қарапайым халықпен күнделікті жұмыс істейміз. Жұмыс барысында әңгімелесеміз, пікірін тыңдаймыз. Сонда байқағаным, халыққа Жолдауда айтылған «ең төменгі жалақыны 1,5 есеге өсіреміз» деген сөз ерекше ұнаған секілді. Қазіргідей азық-түлік қымбаттап, теңге бағамы бір көтеріліп, бір түсіп тұрған уақытта бұл оңды шешім болған сияқты.

Өзім отбасында бес бала тәрбие­леп отыр­мын. Қазақ «бала – бауыр етің» дей­ді. Әрине баланың болашағы­на алаңдай­мыз. Жасыратыны жоқ, ба­ламызға дәріс беретін, тәрбиелейтін мектебінің, онда­ғы мұғалімінің білікті болғанын қалаймыз. Жолдауда өзіме ұнаған тағы бір дүние – мұғалімдер туралы заң қабылдау жайындағы әңгіме. Өздеріңіз жақсы білесіздер, балаға, оны қорғауға қатысты заң көп. Дұрыс. Баланы қорғауымыз керек. Ал сол баланы тәрбиелейтін, дұрыс азамат ретінде қалыптасуға бағыт-бағдар сілтейтін мұғалімдерді кім қорғайды? Сондықтан келесі жылы қабылданатын заң мұғалімдерді қор­ғап қана қоймай, олардың мәр­те­бесін көтеріп, мерейін асырады деп ой­лаймын. 

Елбасының биылғы Жолдауы өзіме осындай тұстарымен ұнады. Биылғы Жолдау халықтың көңіл пернесін дөп басқан Жолдау болды.

Айдар СЫДЫҚОВ,

Көкпекті аудандық пошта байланыс торабының басшысы

Шығыс Қазақстан облысы,

Көкпекті ауданы

Бұл қолдау жастарды қанаттандырады

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан На­зарбаевтың жылдағы дәстүрмен жаса­ған биылғы Жолдауы – еліміздегі саяси­ оқиғалардың ең маңыздысы ретінде қа­былданатын тарихи құжат. Жолдаудан Қазақстан халқы үлкен үміт, жақсылыққа ұмтылыс, жаңалық күтіп үйренгені де рас. Еліміздің әлеуметтік-экономикалық әл-ауқатын көтеруге бағытталған биылғы Жолдау өзгеше пішінде өтуімен ел назарын аударды. Президент халықтың жағдайы мен мемлекет дамуына жауап беретін әрбір сала жетекшілерінің жұ­мысын сынға алды. Жалтаруға, жауырды жаба тоқуға жол бермей, сала жұмысы бойынша көзбе-көз есеп сұрады. Бұл не деген сөз? Ең алдымен, Президент халықтың жағдайынан жақсы хабардар. Президент Қазақстанның әрбір адамы үшін, тұтас халқы үшін алаңдайтынын, сәт сайын қамқорлық жасалу керегін, министрлердің, әкімдердің сол мақсат үшін тағайындалып, халыққа қызмет етуі басты міндеті екенін еске салды. Әсіресе полиция жұмысы, сот ісі, білім беру, денсаулық саласы – бұл халықтың күн сайын бетпе-бет, қоян-қолтық араласып отырған жері. Бұл Жолдау осы салалардың жұмысын жандандыруға, қозғау салып, ширатуға үлкен серпін береді деп ойлаймын. 

Президент Тәуелсіздік алғалы бері жастардан қолдауын аяған емес. Ғылым, өнеркәсіп, өнер, білім, жалпы барлық салада мемлекеттік грантпен шетелде білім алған білікті жастардың қатары артып келеді. Біз еңбек ететін М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында жалпы актерлік құрамның 70 пайызын жастар түзіп отыр. Театрымызға жас режиссерлер, жас драматургтер келді. Себебі бүгінгі сахна тынысы бөлек, көрермен сұранысы да өзгерген – мұны жастар жақсырақ сезеді және мақсат-мұратын тұтынушы талабына лайық құра біледі. Биылдың өзінде қарашаңырақ театр төрт рет республикалық, халықаралық деңгейдегі театр фестивалін өткізді. Басы-қасында жүргенде, қазақтың театр өнері ешбір елдің сахна өнерінен кем емес екенін дәлелдеп, жаңашылдыққа бейімділігін байқатып, қызықтырып өткізген де осы жастарымыз. Бетбұрыс атаулының бастамашысы да, тірегі де осы жастар. Ендігі жерде мемлекет тарапынан оларға қолдау көрсетілгені сөзсіз қанаттандыратын болады. 

Сөз жоқ, Президент Жолдауын жалпы еліміздің өркендеуі жолындағы ауқымды сын-тегеуріндерді еңсерудің мүмкіндігі және соны жолы деп білемін. Еліміздің дамуы алдындағы барлық міндеттердің Елбасының бағыт беруімен жемісті жүзеге асырылатынына кәміл сенемін.

Есмұхан ОБАЕВ, 

Қазақстанның халық әртісі, профессор

АЛМАТЫ

Келешек – кемел білімде

Президентіміздің Жолдауы негізінен елдің табысын арттырып, тұрмыс сапасын жақсартуға арналып отыр. Халықтың әлеуметтік жағдайының артуы да еліміздің экономикалық дамуына әсер етеді. Бұл жақсылықтың нышаны. Аталған Жолдауда экономикалық даму, әлеуметтің әлеуетін көтеру, адам денсаулығын нығайту, білім сапасын жақсарту сияқты еліміз үшін маңызды бастамалар бар. Негізінен қоғамдағы белсенді бастамалардың бәрін де адамның сапасы, яғни оның білімі, тәртібі мен тәрбиесі сияқты құндылықтар жүзеге асырады. Мұның бәрінің де тиісті деңгейде жүзеге асуы әрбір жеке адамға байланысты. Адам капиталы Елбасы белгілеп берген міндеттерді бүгін де, ертең де жүзеге асыра беретін болады. Сондықтан бізге бүгінде адам сапасын арттыру маңызды болып отыр. Елбасының «Адам капиталы» идеясы да адам сапасын арттыру арқылы қоғам дамуына үлес қосу болып отыр. Сонымен қатар биылғы Жолдауда айтылған мақсаттарды орындау да үлкен жауапкершілік жүктейді.

 Бүгінде экономикалық даму әлемдік деңгейдегі бәсеке болғандықтан, біздің мемлекетімізде де экономикалық даму мәселесі бірінші орында тұр. Ол үшін ғылымға ерекше көңіл бөліну керек. Әлемдік деңгейде дамыған барлық мемлекетте де әуелі ғылым алға озады. Елбасы биылғы Жолдауында ғылымға көңіл бөлу керектігі туралы да айтты. Елбасының Жолдауда айтылған мектепке дейінгі білім беру сапасын түбегейлі жақсарту туралы мақсаты да келешектің адамы кемел білімнің иесі болу керектігін білдіреді. Егер отандық ғылым болмайынша, педагогика қайда барады? Ол үшін бәрімізге ортақ нәрсе, азаматтардың саналық деңгейін көтеру қажет. Адамдардың саналық деңгейінің көтерілуі арқылы ғылым мен білім қатар дамитын болады. Себебі мемлекеттің мақсаты да болашақты бағдарлау арқылы келешектің кемел ойлы азаматтарын тәрбиелеу болып отыр. Еліміз үшін ең басты мұрат болып саналатын «Мәңгілік ел» идеясына толыққанды жету үшін бұл Жолдаудың маңызы зор деп есептеймін.

Несіпбек ДӘУТАЙҰЛЫ, 

жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

Жамбыл облысы