Парламент • 11 Қазан, 2018

Мәжілісте әуе кемелерінде жасалатын қылмыстарға қарсы конвенциялар мақұлданды

374 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен жалпы отырыс өтті. Онда депутаттар әуе кемелерінде жасалатын қылмыстарға қарсы конвенцияларды мақұлдады.

Мәжілісте әуе кемелерінде жасалатын қылмыстарға қарсы конвенциялар мақұлданды

Отырыста әуе кемелерінің бортында жасалатын қылмыстар және кейбір басқа да актілер туралы конвенцияны (1963 жылғы, Токио) және Әуе кемелерінің бортында жасалатын қылмыстар және кейбір басқа да актілер туралы конвенцияны өзгертетін Хаттаманы (2014 жылғы, Монреаль) ратификациялау туралы заң жобасы талқыланды.

Ратификациялаудың  мақсаты Халықаралық азаматтық авиация ұйымы  ассамблеясының 39-ші сессиясының шешімін жүзеге асыру болып табылады.

Бұл халықаралық шарттар   әуе кемелерінің бортында  тәртіпсіз мінез-құлықтың жолын кесу және тәртіпке бақылау жасауға бағытталған.

Конвенцияға сәйкес, Қатысушы-мемлекеттер, егер олар ұшақ тіркелген мемлекет болып табылса немесе ол әуе кемесін қондырған мемлекет ретінде көрінсе әуе кемесінің бортында жасалған қылмыстарға қатысты өздерінің юрисдикциясын жүзеге асыруға құқылы.

Конвенция мен Хаттамада, сондай-ақ, әуе кемесінің командирлері мен экипаж мүшелерінің ұшу кезінде тәртіпсіз  жолаушыларға қолданатын шектеу шаралары бойынша өкілеттіктері  анықталды және кеңейтілді.

Хаттамада экипаж мүшелеріне, жолаушыларға және қауіпсіздік қызметі қызметкерлеріне тәртіпсіз жолаушыларға қатысты  алдын алу шараларын қолдануға мүмкіндік беретін  нормалар көзделген.

Қазақстан Республикасының қолданыстағы қылмыстық және әкімшілік кодекстерінде осы әрекеттер үшін жауапкершілік қарастырылған.

Осы халықаралық шарттардың жүзеге асуы әуе кемесінің бортында мазасыз және тәртіпсіз жолаушылармен проблемаларды шешуге жәрдемдеседі.

Осы ережелерді қабылдау Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің терроризмге қарсы тұру, сондай-ақ азаматтық авиация қозғалысының қауіпсіздігі қатеріне тиісті дәрежеде әрекет ету талаптарына сәйкес келеді.

Сондай-ақ, «Әуе кемелерін заңсыз басып алуға қарсы күрес туралы конвенцияны және Әуе кемелерін заңсыз басып алуға қарсы күрес туралы конвенцияны толықтыратын Хаттаманы ратификациялау туралы» Заң жобасы да дептутаттар талқысына ұсынылды. Әуе кемелерін заңсыз басып алуға қарсы күрес туралы конвенцияны толықтыратын хаттама 2010 жылғы 10 қыркүйекте Пекинде жасалды.

Хаттама әуе кемесін заңсыз басып алу актілерінің тізімін кеңейтеді. Атап айтқанда, аэронавигациялық жүйелеріне араласу және кибер-шабуылдар қолдану арқылы әуе кемелеріне қосымша бақылау  енгізілді. Егер біреу осындай қылмыс жасау  қатерін төндірсе, ол да қылмыс деп есептелінеді.

Хаттамаға қылмыстық әрекеттерге қатысудың   әртүрлі  формалары енгізілді.  Мәселен, қылмыс жасауға оқталған, оны ұйымдастырған, серіктес ретінде қатысқан, басқа адамға жауапкершіліктен қашуына әдейі көмектескен, бір немесе бірнеше адаммен қылмыс жасауға сөз байласқан адамдар   қылмысқа қатысушылар болып табылады.

Бүгін палата отырысында Мәжіліс «2018-2020 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасын жұмысқа алды.

Сонымен қатар, депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы» Конституциялық заң жобасын, сонымен қатар оған ілеспе заң жобасын жұмысқа алды.

Жаңа заң жобаларының қатарында дене шынықтыру және спорт мәселелеріне қатысты заң жобасы мен Қазақстан мен Үндістан Үкіметтері арасындағы БҰҰ-ның Ливандағы Уақытша күштеріндегі (БҰҰЛУК) үндістандық батальон құрамында қазақстандық бітімгершілік контингентті бірлесіп өрістету тәртібі туралы өзара түсіністік туралы меморандумды ратификациялау туралы Заң жобасы бар.

Жалпы отырыс соңында халық қалаулылары орталық мемлекеттік атқарушы органдарлың басшыларына бірнеше депутаттық сауалдар жолдады. Олар  Г.Щегельский, Ә. Бектұрғанов, С. Имашева, М. Махамбетов, Т. Сыздықов, М. Теміржанов, Б. Макен, А. Перуашев.