Аймақтар • 11 Қазан, 2018

Батыс Қазақстан облысында екі ауданның әкімі ауысты

939 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін Батыс Қазақстан облысының Теректі және Ақжайық аудандарының әкімдері ауысты. Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі мен Теректі және Ақжайық ауданы мәслихаттарының келісімімен тағайындалған жаңа басшыларды аудан активтеріне Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов таныстырды.

Батыс Қазақстан облысында екі ауданның әкімі ауысты

Теректі ауданының әкімі қызметіне бұған дейін Ақжайық ауданын басқарып келген Әділ Тауфиқұлы Жоламанов тағайындалды. Ол 1968 жылы туған, «Евразия» Батыс Қазақстан менеджмент және тілдер институтын «Экономист-бухгалтер», Евразия академиясын «Құқықтану бакалавры» мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын 1989 жылы сәулет жоспарлау технигі болып бастаған. Әр жылдары Сырым аудандық салық комитетінің салық инспекторы, бас салық инспекторы, төраға орынбасары, төрағасы болса, 2007-2011 жылдар аралығында Теректі ауданы бойынша салық басқармасының бастығы қызметін атқарған. Теректі аудандық экономика және қаржы бөлімінің бастығы, Сырым ауданы әкімінің орынбасары, Батыс Қазақстан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары болып жұмыс істеді. 2015 жылдың маусым айынан бүгінге дейін Ақжайық ауданының әкімі болды.

Бұған дейін Теректі ауданының әкімі болған Кәрім Жақыпов денсаулығына байланысты өз еркімен қызметінен кетті. Облыс әкімі Алтай Көлгінов оған атқарған жұмыстары үшін алғыс айтып, сәттілік тіледі.

Ал Ақжайық ауданына әкім болып Айтмұхамбетов Қалияр Шадиярұлы тағайындалды. Ол 1969 жылы туған, білімі жоғары, Батыс Қазақстан ауыл шаруашылық институтын «агроном», Батыс Қазақстан инженерлік-гуманитарлық университетін «құқықтану» мамандықтары бойынша бітірген. Әр жылдары Шыңғырлау ауданында совхоз директорының жастар ісі жөніндегі орынбасары, агрономы, аудан әкімі аппаратының ішкі саясат және әлеуметтік бөлімінің бас маманы, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бастығы, аудан әкімі аппаратының басшысы, Шыңғырлау ауданы әкімінің орынбасары болып қызмет еткен. 2017 жылдың тамыз айынан Батыс Қазақстан облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік  бағдарламалар басқармасының басшысы болды.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»

Батыс Қазақстан