Аймақтар • 12 Қазан, 2018

Өмірзақ Шөкеев Қарағанды облысында жұмыс сапарымен болды

307 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Премьер-Министрдің орынбасары – Ауыл шаруашылық министрі Өмірзақ Шөкеев Қарағанды облысында жұмыс сапарымен болып қайтты. Вице-премьер өңірдің бірқатар агроөнеркәсіп кешендерін аралап, одан кейін жергілікті аграрийлермен саладағы өзгерістерді және басқа да мәселелерді талқылған кездесу өткізді.

Өмірзақ Шөкеев Қарағанды облысында жұмыс сапарымен болды

– Елбасы ауыл шаруашылық кешеніндегі еңбек өнімділігі мен қайта өңделген ауыл шаруашылық өнімдерінің экспортын кем дегенде 2,5 есеге ұлғайтуды тапсырды. Бұл өте маңызды міндеттеме және олар ескі әдістермен шешілмейді. Біз тәсілдерді қайта қарастырдық, жаңа мемлекеттік бағдарлама қабылдадық және оны жүзеге асыруға кірісіп те кеттік. Қарағанды облысына біз осы бағыттағы жұмыстардың қалай жүріп жатқанын көріп үшін келдік, – деді вице-премьер.

Өмірзақ Шөкеев маргарин өнімдерін шет елге экспорттайтын «Eurasian Foods» АҚ зауытында және «Құрма агрофирмасы» ЖШС құс фабрикасында болып, кәсіпорындардың жұмыс ырғағымен танысты. Құс фабрикасында вице-премьерге қалдықтардан жылу және электр қуатын шығаратын биогаздық құрылғы көрсетілді. Бұдан кейін Ө.Шөкеев  шет елдерге ет экспорттайтын «Жәке» шаруа қожалығының бордақылау алаңына ат басын тіреді.

Ал «Альфарух» ЖШС көтерме-тарату логистикалық орталығының салынып жатқан ғимаратын аралап көрген Өмірзақ Шөкеев бітуге таяу қалған іске ризашылығын білдірді. Облыс әкімдігінде аймақтың ауыл шаруашылық саласы қызметкерлерімен болған кездесу барысында вице-премьер аталған орталық құрылысынан алған әсерін былайша сабақтады:

– Бұл еліміздегі тұңғыш көтерме-тарату логистикалық орталығы. Және бұл түбегейлі жаңа принцип бойынша жұмыс істейтін нысан: қойма да емес, биржа немесе базар да емес. Мұндай орталықтарды барлық облыстарда құру керек болатын. Бірақ алғашқы болып қарағандылықтар іске қосқалы жатыр. Біз бұл жобаны барынша қолдайтын боламыз, – деді вице-премьер.

Сондай-ақ Өмірзақ Шөкеев мұндай нысанның тұрғындар үшін азық-түлік бағасын төмендетуге мүмкіндік беретінін және отандық ауыл шаруашылық өнімдерін экспортқа шығару үшін қолайлы жағдай туғызатынын атап өтті.

Жалпы Қарағандыдағы көтерме-тарату логистикалық орталығының бірінші кезегі 2018 жылдың соңына таман қосылады деп жоспарланған. Құны 10 млрд теңгеден астатын жоба «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы тарапынан мықты қолдау көруде.

Кездесу барысында ауыл шаруашылығы саласындағы өмірге енген жаңалықтар, сонымен қатар түйіні тарқатылмаған кейбір мәселелер де егжей-тегжейлі сөз болды. Сонан соң вице-премьер жиынға қатысушылардың сұрақтарына жауап берді. Мәселен жергілікті аграрийлер елімізде топырақтың терең сараптамасын жасайтын зертханалардың жоқтығын, зерттелуі тиіс үлгілерді Еуропаға тасымалдауға тура келетінін қынжыла айтты.

– Бұл орынды сұрақ, – деп келісті Өмірзақ Шөкеев. – Мұнымен айналысатын боламыз. Айтса айтқандай, қазір Жолдауда қойылған тапсырмаларға сай, ғылымға қаражат бөлініп жатыр.

Кездесу барысында ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер  субсидиялауға, дәнді-дақылдарға бағаның белгіленуіне, арзандатылған дизельдік отынды және минералдық тыңайтқыштарды бөлуге қатысты сұрақтарын қойып, оларға жан-жақты жауап алды.

Өмірзақ Шөкеев «Жәке» шаруа қожалығын үлгі қыла отырып, қарағандылықтарды «зәкірлік» кооперацияларды дамытуға шақырды. Сонымен қатар ол аграрлық қолхаттар және бірыңғай аграрлық салық құру идеясы туралы да өзінің ой-пікірін білдірді.

Кездесудің соңында облыс әкімі Ерлан Қошанов Вице-премьер – Ауыл шаруашылық министрі Өмірзақ Шөкеевке бүкпесіз және нәтижелі әңгіме үшін алғысын білдірді.

 

Қайрат ӘБІЛДА,

«Егемен Қазақстан»

Қарағанды облысы