13 Қазан, 2018

Батыс Қазақстанда Тақсай ханшайымына кесене ашылды

1329 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысы Теректі ауданының Долин ауылында Қазақстанның Жалпыұлттық қасиетті нысандары тізіміне кірген Тақсай ханшайымына – сармат кезеңіне жататын алтын адамға кесене орнатылды. Кесенені Теректі ауданының бір топ кәсіпкері өз қаржысына тұрғызған.

Батыс Қазақстанда Тақсай ханшайымына кесене ашылды

Дәл осы жердегі обалар кешенінен Батыс Қазақстан облыстық тарих және археология орталығының археологиялық тобы 2012 жылдың күзінде біздің дәуірімізге дейінгі V-IV ғасырға жататын ақсүйек сармат әйелінің қабірін тапқан болатын. Көне қорғаннан әйелдің ерекше стилдегі алтын баскиімі, әшекей бұйымдары, жапырақты жапсырмалар – барлығы 500-ге жуық алтын жәдігер, тарихи құндылығы өте жоғары суретті тарақ, тағы басқа көптеген жәдігер табылған.

- Бірнеше жылдық зерттеулер нәтижесінде бұл жерде сармат заманының көшпелі элита өкілі, рухани тұлға, 28 жасар абыз әйел жерленгені анықталды. Шартты түрде «Тақсай ханшайымы» деп аталған бұл әйелдің өз қоғамындағы орны өте жоғары болған. Оның бас киімінде, басқа бұйымдарында, әшекейлерінде ерекше белгілер бар. Әйелдің жанына екі қызметшінің қоса жерленуі де бұл қабірдің ерте көшпелі дәуірдің ең сыйлы, құрметті тұлғасына арналғанын көрсетеді. Жалпы Тақсай кешеніне кіретін бес обадан табылған жәдігерлер осы өңірдің, еліміздің көне тарихынан, мәдениетінен мол мағлұмат береді. Біздің өңірдің көне Иранмен, Батыс Арал өңірімен, Қара теңіз бойындағы скифтермен қарым-қатынасын дәлелдейтін артефактілер табылды. Осындай ұлы мәдениеттің 2500 жыл бойы тоналмай, қарақшының қолына түспей аман жетуі – ғажайып оқиға. Болашақта осы кесене жанынан өңіріміздің ерте кезеңі тарихына арналған музей ашылады деп сенеміз, - дейді ерекше қазынаны алғаш тауып зерттеген археологиялық топтың жетекшісі Яна Лұқпанова.

Кесененің ашылу салтанатына орай Х.Бөкеева атындағы Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театры артистері дайындаған атты сахналық қойылым көне сармат заманының сән-салтанаты мен кейбір ғұрыптарын көрсетті.

25 ғасырдан кейін киесін қайта тапқан қасиетті мекенде орнатылған кесененің ашылу салтанатына арнайы келген Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов өңірде Елбасы жариялаған алты жобаның бірі – «Қазақстанның киелі географиясы» бағытында атқарылған жұмыстарды айтып өтті.

- Елбасымыз «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жариялағалы бері өлкемізде бірнеше маңызды істер атқарылды. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы – бүкіл әлемге біздің дәстүрімізді танытатын, Қазақстанның қасиетті тарихын көрсететін жинақы бағдарлама. Бұл іске біздің батысқазақстандықтар да лайықты үлес қосып келеді. Біздің ғалымдарымыз алты жыл бұрын осы жерді мекен еткен сармат мәдениетінің ерекше ескерткішін тауып, әлемдік дәрежедегі жаңалық ашты. Бүгін, міне, осы өңірді мекен еткен көне халықтардың ұрпақтары байырғы баба тарихын қастерлеп, Тақсай ханшайымына кесене тұрғызып отыр. Жақында ғана Жәнібек ауданында жергілікті халықтың қолдауымен ақын-ағартушы Ғұмар Қараш бабамызға кесене қойылды. Ол да еліміздің жалпыұлттық қасиетті орындары санатындағы мекен еді. Ортағасырлық Жайық қалашығы орнында да болашақта ел-жұрт, туристер келетін кешенді құрылыстар болады. Мұның бәрі Ақ Жайық өңірінің, бүкіл Қазақстанның мәртебесін биікке көтеретіні сөзсіз, - деді Ғабидолла Оспанқұлов.

Орал-Ақсай күре жолының бойында орнатылған Тақсай ханшайымы кесенесінің биіктігі 7 метр. Кешен құрылысына Теректі ауданындағы белгілі кәсіпкерлер Мерхат Жұмашев, Сержан Идиятов, Ибрагим Жақсымбетов, Қатауолла Ащығалиев, Валерий Голоухов, Виктор Галкин, Арман Ғаббасов, Қайрат Сыдықов, Ұлықпан Мұхамедияров, Тілекқабыл Жұмағалиев, Александр Овчинник, Жұбан Шиназбеков, Гүлнәз Көшеновалар үлес қосқан. Шығыстық стильде салынған ақшаңқан кесененің тұсауын кесу құрметі археолог Яна Лұқпанова мен Теректі ауданының еңбек ардагері Сәлім Кукашевқа тапсырылды.

Кесене ашылу рәсімінен кейін жиналған халық арнайы киіз үйде Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің Тақсай кешеніне арнаған арнайы экспозициясын – белгілі ғалым-реставратор Қырым Алтынбектің жетекшілігімен қайта қалпына келтірілген Тақсай ханшайымының бейнесін тамашалады.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»

Батыс Қазақстан