Медицина • 13 Қазан, 2018

Алматылықтарға азық-түлік жәрмеңкесі ұйымдастырылды

535 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қала тұрғындары үшін Алматы қаласы Ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының қолдауымен төмен бағада әрі табиғи таза өнімдер жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Жәрмеңке 20,27 қазан және 3 қараша күндерінде жалғасын табатын болады.

Алматылықтарға азық-түлік жәрмеңкесі ұйымдастырылды

Қала тұрғындары үшін күздің қазан айы ауа райымен де, табиғи тартуларымен де ерекшеленді. «Атакент» іскерлік орталығының алаңында Алматы облысының Балқаш, Еңбекшіқазақ, Жамбыл, Іле, Талғар, Қарасай, Кеген, Панфилов, Райымбек, Ұйғыр аудандарымен қатар Текелі қаласынан әкелінген ауыл шаруашылығы өнімдерінің 240 тонна шамасында 45-тен аса түрлері ұсынылды. Оның ішінде ет өнімдері 15,3, сүт өнімдері – 6,2, көкөністер – 64,8, балық – 4,0, жеміс-жидектер – 24,3, картошка – 28,4 және 93,8 тонна басқа да өнім түрлері бар. Жалпы сомасы 102,5 млн теңгені құрайды.

Алматы қаласы Ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының бөлім басшысы Қанат Какеннің айтуынша, Алматы басқа өңірлерге тәуелді болғандықтан, осындай кеңейтілген жәрмеңкелер жиі өткізіліп тұрады. Демалыс күндері қала аудандарындағы жәрмеңкелерге қажетті өнімдер жақын орналасқан аудандардан әкелінеді. Алдағы демалыс күндерінде қала тұрғындарына арналған қолайлы жәрмеңкелерді Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, т.б. облыстармен бірлесе өткізу жоспарланып отыр. Бүгінде Алматы аумағында ауыл шаруашылығы өнімдерін өсіруге жер телімдері қарастырылмағандықтан, Алматы Индустриялы аймағында 17 гектар аумақта жылысай жұмыс істейді. Алдағы уақытта тағы да 10 гектар жерге жылысай салу жоспарланып отыр. Қанат Какенұлының айтуынша, мұндай жәрмеңкелер ұйымдастырардан бұрын бағаға қатысты мониторинг ұйымдастырылады. Соның нәтижесіне орай әлеуметтік жәрмеңкелерде тұрғындарға қойлы бағамен өнімдер ұсынылады.

Алматы облысы Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Саят Сакмолдиннің айтуынша, бүгінде облыстың ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірудегі әлеуеті артып келеді. Мысалы, «Ақсу» және «Көксу» қант зауыттары іске қосылып, қосымша жұмыс орындарымен қатар табиғи таза өнім өндіру мүмкіндігі молайып отыр. Алматы облысы бойынша қант өнімдеріне сұраныс 29 мың тоннаны құрайды. Ал қант зауыттарының өнімділігі 35 тонна шамасында. Алдағы уақытта бұл көрсеткішті 42 тоннаға дейін жеткізу жоспарланып отыр. Ал қалған қант еліміздің басқа өңірлеріне жөнелтілетін болады.

Бүгінде облыс ет өнімдерін өндіру жағынан да ішкі нарықты толық қамтамасыз етіп отыр деуге негіз бар. Жылына 350 мың тоннадан астам ет, 719 мың тонна сүт өнімдері өндіріледі. Өзбекстан, Қырғызстан және Сауд Арабиясы сияқты елдерге ет экспортталды. Облыс аумағында 406 қайта өңдеу кәсіпорындары жұмыс істейді. Олардың қазіргі кездегі жүкметесі 68-70 пайызды құраса, алдағы уақытта бұл көрсеткішті 100 пайызға жеткізу жоспарланып отыр. Қазіргі кезде етті мал шаруашылығын дамытуға байланысты қайта өңдеу кешендері салынуда. Жамбыл ауданында шетелдіктермен бірлескен, жылына 8 мың тонна дайын өнім шығару мүмкіндігі бар «Империя фуд» трансұлттық компаниясының жұмысы желтоқсанда іске қосылатын болады. Алакөлде «Қайыңды» ЖШС бар, оның қайта өңдеу көлемі 16 мың тоннаны құрайды. Сондай-ақ, Германияның «Бауман» компаниясы қой етін өңдеумен айналысады. Жылына 30 мың тонна дайын өнім беру әлеуеті бар. Осы салада 2019-22 жылдары италиялық компания сиыр етін өңдеу өндірісін іске қосатын болады. Қазіргі кезде Жамбыл ауданындағы «Қарғалы» зауыты қайта жарақталып, іске қосылған. Онда тері, жүн өнімдерін өңдеу жұмыстары жолға қойылған.

Ал табиғи таза ет, сүт, картошка өнімдерімен ерекшеленетін өңір Райымбек ауданынан жәрмеңкеге 4 млн 700 мың теңгенің өнімдері әкелінген. Оның ішінде ет (сиыр еті – 1600 кг, жылқы еті – 370 кг), картошка өнімдерімен (7 тонна) қатар сары май (100 кг), қымыз (100 л), құрт (150 кг), жент сияқты экологиялық таза өнімдер бар. Аудан әкімінің орынбасары Самат Сатылғановтың айтуынша, облыс әкімшілігінің қолдауымен ауданда Голландиядан әкелінген жоғары сортты тұқым егілген. Қазіргі кезде картошка өндірумен айналысатын аудандағы 6 шаруа қожалығы 1 гектардан 500 центнер өнім алып отыр. Енді «Нарынқолдың картошкасы» брендін қайта қалпына келтіру мақсатында картоптың жоғары сортты өнімдерін өсіру жолға қойылып, алдағы уақытта өңдеу технологияларын да іске қосу жоспарланған. Келесі жылдан бастап картоптан жасалған табиғи әрі экологиялық таза, жоғары технологиялық өнімдер нарыққа шығарылмақ. Картошка өсіруге табиғаты қолайлы өңір осы саладағы жұмыстарды жандандырып, аудан тұрғындарының әл-ауқатын көтеруге бағытталған мақсатты жобаларды жүзеге асыратын болады.

 

Эльвира Серікқызы,

"Егемен Қазақстан"

АЛМАТЫ