15 Қазан, 2018

Жүктелген міндеттер уақтылы жүзеге асады

281 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Облыс орталығындағы Достық үйінде басқарма басшылары, аудан, қала әкімдері, мәслихат депутаттары, ардагерлер, облыстағы зиялы қауым және қоғамдық ұйымдар өкілдері Елбасының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауын талқылады. 

Жүктелген міндеттер уақтылы жүзеге асады

Облыс әкімі Болат Бақауов­­тың төрағалығымен өткен жиында алдағы жылы Жолдауды жүзеге асыру үшін атқарылатын мақсат-міндеттер айқындалды. 

Жолдауда 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақы мөлшері 1,5 есеге, яғни 28 мың теңгеден 42 мың теңгеге дейін өсетіні айтылғаны белгілі. Бұл күндері облысымызда «Жол картасы 2020-2025» жобасы жүзеге асуда. Жобаның мақ­са­ты – жаңа жұмыс орындарын ашып, халықты табыспен қамта­масыз ету. 

– Бұл әртүрлі меншік иесін­дегі барлық кәсіпорындарға, бюджеттік ұйымдардың қызмет­керлеріне тікелей қатысты, – деп атап өтті облыс әкімі.
Сондай-ақ облыс әкімі экономика саласында отандық өн­діріс көлемін арттырып, экс­порттық үлесімізді ұлғайту мін­деті тұрғанын атап өтті. 
Мысалы, технологиялық қай­та жарақтандыруға жергілікті өндіріс ошақтары 200,0 млрд теңге жұмсаған. Өткен жылы облыс экономикасына 484 млрд теңге инвестиция тартылыпты. Индустрияландырудың екінші бес жылдығы аясында 19 жоба іске асырылып, нәтижесінде 3 мыңдай жұмыс орны ашылды. Биыл индустрияландыру картасы аясында тағы 8 жаңа жоба жүзеге асырылмақ. 

Өңірде суармалы жерлердің көлемін арттыру бойынша жұ­мыс жалғасуда. Биыл бұл көр­сеткіш 59 мың гектарға жет­кі­зілмек. Ертіс өзені мен Сәт­баев су арнасы бойында 120 мың гектардан астам алқап­та суар­малы егістік шаруа­шы­лы­ғын дамыту жоспарлану­да. Об­лысымыз үшін жаңа ба­ғыт – оңтүстіктегідей қант қызыл­­шасын өсіріп, өндіру бас­­тал­мақшы. Қазіргі уа­қытта қант қызылшасын өңдей­тін кәсіпорын салу мәсе­лесі талқылануда. Өңірде агро­өнеркәсіптік кешеннің әлеуетін пайдаланып, 2022 жылға дейін өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты мен жұ­мыс өнімділігін 2,5 есе арттыру жобасы да қолға алынуда.

Елбасының тапсырмасына сәйкес, мектепке дейінгі бі­лім беру сапасын түбегейлі жақ­сартуымыз керек. Бұл салада бі­ліктілік талаптарын, оқы­ту әдісін, тәрбиешілердің және бала­бақшадағы басқа да қыз­меткерлердің еңбегіне ақы төлеу жүйесін қайта қарау қа­жет. Б.Бақауов осы мақсатта об­лы­сымызда тиісті «Жол картасы» әзірленіп жатқанын айтты. 

Облыс әкімі тұрғын үй мәсе­лесіне де тоқталды. Бұл ретте, Мемлекет басшысы тұрғын үй ипотекасының қолжетімділігін арттыратын жаңа ауқымдағы «7-20-25» бағдарламасы бойынша жұмысты күшейтуді тапсырған болатын. 
– Біз аталған бағдарламаға қа­тысуға ниетті бюджеттік сала мамандары үшін алғашқы жарналарын ішінара субсидиялауды қолға алмақпыз, – деді аймақ басшысы. 

Облыс әкімінің бірінші ор­ын­басары Ұлан Жазылбектің ай­туынша, өңірде «Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы биыл 300 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілмек. «7-20-25» бағдарламасы бойынша 305 пәтер сатылып жатыр. Бүгінде бағдарлама бойынша 13 өтініш түсіп, оның 7-уі мақұлданған.

– Өкінішке қарай, бұған дейін «7-20-25» бағдарламасы бо­йынша өтініштер аз болды. Бұған пәтер сатып алуға қажетті алғашқы жарна көлемінің көптігі себеп болғандай, – деді Ұ.Жазылбек.

Ал облыс әкімінің орынба­сары Әлия Арынова облыс бо­йынша салықтық борышы бар 12 мың кәсіпкердің 927 миллион теңге көлеміндегі қарызы амнис­тияланатынын айтты. Шағын және орта бизнес саласында соңғы екі жылда жалпы құны 14 млрд теңге болатын 280 жоба қаржыландырылған. 
Облыс әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Мейрам Бегентаев Елбасы тапсырмасына сәйкес мектепке дейінгі мекемелердегі оқыту бағдарламалары қайта қаралатынын жеткізді. Биылғы жылдың 1 қыркүйегінен бас­тап облысымызда 1 және 8 сынып аралығындағы 74 мың оқушы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқыту үлгісімен білім алып жат­қанын жеткізді.  

Облыстық мәслихат хатшысы Бақыт Бексейітова ұстаздарға коммуналдық төлемдер жасауда жеңілдіктер ұсынылуы, бастапқы жарнасыз тұрғын үй алу, жеңілдікпен санаторийлерде дем алу құқығы берілуі қажет деген ұсынысын айтты. Ал Тереңкөл ауданының әкімі Жанат Шұғаевтың айтуынша, ауданда ауыл шаруашылығы саласында жерлерді тиімді пай­далану, суармалы егістік алқаптарының көлемін арттыру міндеті тұр. 

Қала әкімі Әнуар Күмпекеев­тің айтуынша, тұрғын үй-ком­муналдық шаруашылық саласында «Павлодар электр же­лілерін тарату компаниясы» АҚ сияқты кәсіпорындардың кейбір қызметтерінің ақысы төмендетілуде. Өз сөзінде облыс орталы­ғындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің директоры Ринат Жұмабаев облыстық орта білім беру мекемелерімен тәжірибе алмасу бағытында жұ­мыс істеуге әзір екенін жеткізді. 

Ал «Мұнай-химия зауыты» ЖШС-нің вице-президенті Ермек Баймұханов өндірісті қолдау бағытында мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан шаралардың маңыздылығын атап өтті. Кәсіпорында қазір технология, сандық жүйе қыр-сырын білетін білікті, білімді жастар еңбек етуде. Өйткені мұнай зауытында жұмыстар түгел автоматтандырылған. 

Актив отырысы соңында өңір басшысы Болат Бақауов жиынға қатысушыларды Жол­дау жүктеген міндеттерді бір­лесе жүзеге асыруға шақырды. 

Фарида БЫҚАЙ,

«Егемен Қазақстан»

Павлодар облысы