Елбасының Қазақстан халқына әр Жолдауына ел тұрғындары үмітпен қарайтындығы белгілі. Ал жаңа міндеттерді атқаруды жүктейтін «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Жолдауы әрқайсысы бірнеше міндетті жүзеге асыруды талап ететін әл-ауқатымыздың алты қадамын көрсетеді.
Біріншіден, халық табысының өсуі. Тұрғындардың тұрмыс деңгейі – халықтың табысы мен шығысын, білімі мен біліктілігінің дәрежесін, тіршілік әрекеттерінің шарттарын және қоршаған ортаның жағдайын танытатын күрделі әлеуметтік-экономикалық категория. Халықтың өмір сүру деңгейін арттыру дамыған қоғамның негізгі мақсаты болып табылады. Халық табысының өсуі қоғамдағы экономикалық өсім мен әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ете отырып, халықтың ұзақ, қауіпсіз және әл-ауқатының табысты шарттарын құрады. Ол үшін «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасын 2025 жылға дейін ұзарту, монополияға қарсы ведомствоның жұмысын реформалау, «Қолма-қол ақшасыз экономикаға» бет бұру, сауда саясатында селқостықты болдырмау, агроөнеркәсіптік кешеннің әлеуетін толық іске асыру, инновациялық және сервистік секторларды дамыту, қаржы секторының рөлін күшейту секілді міндеттер қойылды. Демек, халық табысының өсуі осы міндеттерді жүзеге асыру деңгейін арттыру арқылы маңызды болмақ.
Екіншіден, тұрмыс сапасын арттыру. Тұрмыс сапасы – мағынасы кең ұғым. Ол материалдық әл-ауқаттың құрамдасы болып табылатын өмір сүру деңгейі, эмоциялықтың құрамдас бөлігі саналатын өмірге деген көзқарас және уақытша қалыптасатын өмірдің болашақ құбылыстарының жиынтығы. Аталған құрамдастардың әрбірі адамзат үшін маңызды. Өмір деңгейі адамның материалдық жағдайы, әлеуметтік мәртебесі мен құзыреттілік деңгейін көрсетеді. Өмірге көзқарас адамның жеке басы мен қоршаған ортаға эмоциялық қатынасымен тығыз байланысты. Бұл құбылыстардың толыққанды қалыптасуы адамның өмірлік болашағын жүзеге асыруға көмектеседі. Жолдауда тұрмыс сапасын арттыру үшін білім, ғылым, денсаулық сақтау салаларына барлық көздерден жұмсалатын қаражатты ішкі жалпы өнімнің 10 пайызына дейін жеткізу, мектепке дейінгі білім беру сапасын түбегейлі жақсарту, білім сапасын бағалау жүйесін халықаралық стандарттарға негіздеу, «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылдау, медициналық қызмет сапасын арттыру, өңірлік деңгейде бұқаралық спорт пен дене шынықтырудың қолжетімділігін арттыру секілді міндеттерді жүзеге асыру мәселелері талданды.
Үшіншіден, өмір сүруге жайлы орта қалыптастыру. Өмір сүруге жайлы орта қалыптастыру – қазіргі қоғамның заманауи экономикалық үлгісінің көрінісі. Сондықтан әрбір азамат тұтыну, қарым-қатынас жасау мен өмір сүрудің жайлылығын жасауға ұмтылады. Қоршаған ортаның жайлылығы ең алдымен тіршілік әрекетінің қауіпсіздігімен байланысты. Мемлекеттік саясат адам өміріне қолайлы және мұқтаждықтардың орнын толықтыруға бағытталған сайын қоғам серпінді түрде дамиды. Көптеген сарапшылар да дұрыс айтады, жайлы орта қалыптастырған сайын біз экономиканы да тиімді басқара аламыз. Бұл үшін, Жолдауда айтылғандай, сапалы әрі қолжетімді тұрғын үй, еліміздің аумақтық дамуына жаңа тәсілдер енгізу, құқық қорғау органдарының жұмысына терең және сапалы өзгерістер енгізу, сот жүйесін одан әрі жаңғырту маңызды.
Төртіншіден, азаматтар сұранысына бейімделген мемлекеттік аппарат. Мемлекеттік басқару мен саясаттың бюрократиялық үлгісінен бас тарту және мемлекеттік істерді заман талабына сай жаңа парадигмалар бойынша жұмыс жүргізудің де маңызы зор. Бүгінде қазіргі заманның жаңа құндылықтары мен жаһандық сын-тегеуріндеріне жауап беруге бағытталған тұжырымдамалар ғана азаматтар сұранысына бейімделеді. Сонымен қатар азаматтар сұранысына бейімделген мемлекеттік аппарат азаматтық қоғамның дамуындағы маңызды қадам болмақ. Сондықтан Елбасы мемлекеттік аппаратты өзгертудің міндеттерін ұсынады: мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін түбегейлі арттыру, әрбір теңгенің қайтарымының мол болуына қол жеткізу, сыбайлас жемқорлықпен белсенді күресті жалғастыру, үкімет пен барлық мемлекеттік органдардың жұмысында формализм мен бюрократияны азайту, реформалардың жүргізілуіне бақылау механизмдерін күшейту.
Бесіншіден, тиімді сыртқы саясат. Шындығында тиімді сыртқы саясат – елдегі реформалар мен өзгерістерді сәтті жүзеге асырудың маңызды шарты. Еліміз тәуелсіздік алған күннен бастап үлкен жолдардан өтті. Еліміздің көпвекторлы сыртқы саясаты егемендігіміз бен мемлекеттілігімізді нығайтуға, халықаралық қатынастар жүйесіне енуге мүмкіндік берді. Қазақстанның халықаралық қоғамдастықтың толыққанды мүшесі болуын қамтамасыз етті. Елбасы еліміздің бейбітсүйгіш бағыты мен осы саладағы нақты айқындалған қағидаттары өзін өзі толық ақтап отырғанын баяндады. Ресей Федерациясымен қарым-қатынас, Орталық Азия өңіріндегі ықпалдастық, Қытай Халық Республикасы және Америка Құрама Штаттарымен стратегиялық серіктестік, Еуропалық одақпен қарқынды ынтымақтастық сынды мемлекетаралық байланыстарды ерекше атап өтті.
Алтыншыдан, әрбір қазақстандықтың еліміздегі өзгерістер үдерісіне атсалысуы. Әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, елдегі өзгерістер үдерістеріне азаматтардың қатысуы елдің жаһандық сын-тегеуріндерге сай жаңғыруын жетілдіруге септігін тигізеді. Сондықтан Мемлекет басшысы елімізде жүргізіліп жатқан реформалардың мәні және оның елді өркендету жолындағы маңыздылығын жете түсіну қажеттілігі жөнінде айтады. Реформаларды табысты жүзеге асыру үшін қоғам мүшелерінің ортақ мақсатқа жұмылуын үндейді. Жастардың барлық санатын қолдауға арналған шаралар платформасын қалыптастыру керектігін айта келе, келесі жылды Жастар жылы деп жариялауды ұсынды. Ауылдық жерлердің әлеуметтік ортасын жаңғыртуға арнайы «Ауыл – ел бесігі» жобасын іске қосу арқылы өңірлердегі еңбекке қатысты идеологияны ілгерілету маңыздылығын атап өтті. «Сарбаз» балалар-жасөспірімдер бірлестігін құру нәтижесінде мектептерде әскери-патриоттық тәрбиенің рөлі күшейетіндігін түсіндірді.
Жолдауда баяндалған әл-ауқат өсуінің алты бағыты табыс пен тұрмыс сапасын арттыру арқылы ел тұрғындарының әл-ауқаты өсімінің кепілі болады және осы құжаттың негізгі міндетін көрсетеді. Елбасы Қазақстанның бағындыратын биіктерінің әлі алда екендігін айта келе, осы жолда халық сенімі рухымызды жігерлендіріп, бойымызға күш-қайрат дарытып, осы сенімді ақтау мұратын белгілейді.
Мұрат НАСИМОВ,
саяси ғылымдар кандидаты, қауымдастырылған профессор
ҚЫЗЫЛОРДА