Үкімет • 15 Қазан, 2018

Әдеп кодексі талаптары сақталып жүр ме?

3219 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

2015 жылдың 29 желтоқсанында Елбасының «Қазақстан Республикасы мемлекеттік қыметшілерінің әдептілік нормаларын және мінез-құлық қағидаларын одан әрі жетілдіру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығы жарияланып, 2016 жылдың 1 қаңтарынан қолданысқа енгізілгені мәлім. Соған сәйкес мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексі мен Әдеп жөніндегі уәкіл туралы ереже бекітілген болатын. Міне, сол уақыттан бері үш жылға таяу уақыт өтіпті. Осындайда әдеп кодексі талаптары, яғни мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдеп қағидалары сақталып жүр ме деген орынды сауал туындайды. 

Әдеп кодексі талаптары сақталып жүр ме?

Ең алдымен 5-тармақтан тұра­тын Әдеп кодексі мемлекеттік қыз­метшілердің мінез-құлық стандарттары қандай болуы керектігін тайға таңба басқандай айқындап бергенін айтуға тиіспіз. 

Осы орайда Ақтөбе облысын­дағы кеңестің отырысына­ қаты­судың сәті түскені бар. Оған тиісті сараптамалар мен тал­даулар жасар болсақ – Әдеп кодексі талаптарын бұзғандар негізінен атқарушы би­ліктің төменгі буынының өкіл­дері, яғни, ауыл әкім­дері мен ауыл­дық әкімдікте іс­тей­тін мамандар. Оның ішінде ауыл­дық және қала­лық әкімдіктерге қатысты бөлім бас­шыларының  орынбасарлары екенін көреміз. Тәртіптік істердің дені әдеп жөніндегі кеңеске келіп түскен ауыл азаматтары мен тұр­ғын­дарының арыздары негі­зінде қаралған. Бұл орайда оның бәрі­нің атын атап, түсін түстеп жату­дың қажеті шамалы.

Ал олар Әдеп кодексі талаптарымен сыйыса бермейтін қандай теріс іс-қимылдарға жол берген деген мәселеге ойыссақ, бірі аза­маттардың орынды қойған сауалына негізсіз реніш білдіріп, тіпті олардың ар-намысына тиетін және шын­дыққа жанаспайтын жауаптар қайтарған. Әдеп жөніндегі кеңес­те мәселесі қаралған екінші бір мемлекеттік қызметші жер мәселесі бойынша өзіне жолыққан адамға дөрекі түрде тіл қатып, әдепсіздік көрсеткен. Үшін­ші бір жағдайда, ауыл әкімі өзіне сеніп тапсырылған мемлекеттік мен­шікті, оның ішінде автокөлікті жеке мақсатына пайдаланған. 

Міне, осылай кете береді. Бұ­дан шығатын түйін, ауыл әкім­дері қыз­метіне лайықты кадрлар­ды тағайын­дар кезде үстірттікке жол бермеу. Әрі оларды тәрбие­леу мен іріктеу және орналас­тыру ісіне жаңаша көз­қарас қа­лып­тастыру қажеттігі ай­қын кө­рінеді. Аудан әкімдері ауыл әкім­дерін тағайындаған кезде ең алдымен олардың іскерлік қабілетіне назар аударатыны анық. Департаменттің арнайы кеңесінде облыстық деңгей­дегі жетекшілердің тәртіптік істері қаралатын жылдық жағдайлар өте сирек екені байқалады. Сондай тәртіптік іске тоқталар бол­сақ – 2018 жылдың 15 тамызында Әдеп кодексі нормасын бұзғаны үшін Денсаулық сақтау министрлігі Фар­мация комитеті Ақтөбе облысы бойынша департамент басшысының орынбасары Қанағат Ахметовтің тәртіптік ісі қаралды. Ол аса зәру, сирек кездесетін әрі қажет кезінде таптыра бермейтін дәріні Маңғыстау облысында өлім халінде жатқан адамға заңсыз түрде босатқан. Алайда препаратты кейін өз орнына қайтарған. Осы мәселе кеңес мүшелері арасында қызу пікір-талас туғызды. Бірі оған сөгіс түріндегі жеңіл жаза беру керек деп есептесе, екіншісі атқарып жүрген қызметінен шығару жө­ніндегі қатаң жаза қолдануды ұсынды. Ақыры қол көтеріп дауыс беру нәтижесінде соңғы пікір үстем түсті. Әйтсе де көкейде осы жаза тым артық болған жоқ па деген сауал қалды.

Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қи­мыл агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің әдеп жөніндегі кеңесінде соңғы уақытта жергілікті деңгейде биік мемлекеттік лауазым­ды иеленіп жүрген тұлғалардың әдеп кодексі талаптарымен сыйыса бермейтін істері қаралған жағдайлар есімізге түспей отыр. Талас жоқ, мұ­ның өзі жағымды жайт. Оны лауа­зымы жоғары мемлекеттік қыз­метшілердің әдеп қағидаларын мұ­қият сақтаудың басты бір көрінісі деп бағалауға да әбден болады. 

Осы арқылы Ақтөбе облысында ірі мемлекеттік қызметшілердің мо­ральдық-адамгершілік бейнесі және іскерлік қабілеттері өте жоғары деп тұ­жырым жасаудың да жөні бар секілді. Осы сауалды Ақтөбе облысы бойынша мем­лекеттік қызмет істері және сы­байлас жемқорлыққа қарсы кү­рес депар­таменті мемлекет­тік қызмет саласын бақылау бас­қар­масының бас­шысы Руслан Мә­житовке қойған едік. Ол бұған бай­ланысты үзілді-кесіл­ді жауап қайтара алмайтынын, тек әдеп жөніндегі кеңес мемлекеттік қызметшілердің үстінен түскен арыз-шағымдар бо­йынша ғана тәртіптік істер қарауға құзыретті екенін алға тартты. Оның мә­лімдеуінше, облыстағы биік ла­уазымдағы мемлекеттік қыз­­мет­шілердің үстінен мұндай шағым­дар түспеген. Жоғарыда айтып өтке­німіздей, бұл тек оң тұрғыдағы құбы­лыс болып қала бермек. Әйтсе де біз осы арада бүгінгі көтеріп отырған мәсе­леге орай, Ақтөбе облысындағы екі жылға жуық журналистік тәжі­рибе барысында көңілге түйген кей­бір ой-пікірлерімізді ортаға сала кет­кенді жөн көреміз. Айталық, Әдеп кодексінің мінез-құлықтың жал­пы стандарттары деген тарауында мемлекеттік қызметшілер орын­ды сынмен кемшіліктерді жою және өзінің қызметін жақсарту үшін пайдалануға тиіс екендігі көрсетілген. Әйтсе де облыстағы кейбір лауазымды тұлғалар оны кемшіліктерді жою мен түзету үшін айтылғанын ескере бермейтіні байқалады. Айталық, газетіміздің биылғы нөмірлерінің бірін­де «Ақтөбе вокзалы қаңғы­бастар мен маскүнемдерге толы» деген шағын сын мақаламыз жа­рия­ланған болатын. Осы материал шық­қан күні өңірдегі ішкі саясат ведомство­сына жетекшілік жасайтын ба­сшы телефон шалып, қатты рен­жігендігін айтты. Оның сын мақа­лада көрсетілген жайттарды реттеуге ықпал жасаудың орнына өз ренішін білдіргені Әдеп кодек­сінің жоғарыда айтылған тар­ма­ғына қайшы келетіні айдан анық. Өйткені сын түзелмей, мін түзел­мейді? Міне, департамент пен әдеп жөніндегі уәкіл назар аударатын тұстардың бірі осы арада жатқан секілді. 

Сондай-ақ 2016 жылдың ­1 қаң­­­та­рынан бастап қолданысқа енгізілген Әдеп кодексінің 5- тар­ма­ғында көпші­лік алдында, оның ішінде бұқаралық ақпарат құралдарында сөйлеумен байланысты мінез-құлық стандарттары белгіленген. 
Бүгінгі таңда мемлекеттік ме­ке­ме басшыларының атқарып жүр­­ген қыз­меті жөнінде көпшілік алдында және БАҚ та есеп беруі­нің ешқандай артық­шылығы жоқ, керісінше бұл қазіргі жағдайда істі алға бастырудың тиімді тәсілінің бірі. Әрі бұған ешкім, соның ішінде Әдеп кодексі тармақтары шектеу қоя алмайды. Солай екен деп бри­финг­тер өткізуге шектен тыс құмар­лық танытылған кезде нақты іс-қимыл екінші кезекке ысырылып қалып жүр­ме­сіне кім кепіл?

Сондай-ақ көпшілік алдында сөй­­ле­ген сөздерінде мем­ле­кет­тік қыз­мет­ті жүргізіп отыр­ған кейбір ақтө­белік лауазымды тұлғалардың байып­ты сарап­тамалар жасаудың орнына, құр­ғақ деректерді тізбелеп беруден әрі аса алмай жүргені де қын­жылт­пай қоймайды. Өңірде брифинг өткізу ісінде тепе-теңдік сақтала бермейді. Жергілікті БАҚ­ беттері мен экрандарда бел­­гі­лі бір мемлекеттік орган­ жетек­шісінің өз «қалпағын жиі-жиі қылтыңдата» бергені қара­пайым болуды алға тартқан мем­лекеттік қызметшілердің қыз­меттік әдеп-қағидаларымен және әдептілік нормаларымен үйлесім таба алады деп айтуға да ауыз ба­ра бермейді. 

Мемлекеттік басшысының Жар­­лы­ғы­мен бұдан 2-3 жыл бұрын қолданысқа енгізілген Әдеп кодексі түрлі дең­гейдегі мемлекеттік қызметшілер үшін айқын бағдаршам. Ендеше оның орын­далуы мен сақталуы қашанда назарда ұсталғаны жөн. Бұл өркениет көшіне бет түзеудің басты бір жолы болмақ.

Темір ҚҰСАЙЫН,

«Егемен Қазақстан»

АҚТӨБЕ

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше