15 Қазан, 2018

Сенім еселене түсті

329 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан­дықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауынан туындайтын міндеттерді халыққа жан-жақты түсіндіру мақсатында Парламент Сенаты Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің Ақмола облысындағы жұмыс сапары барысында алдымен Ақкөл ауданы активімен кездесу өткізілді. Кездесуге облыс әкімі Мәлік Мырзалин қатысты. 

Сенім еселене түсті

Комитет төрайымы, мемлекет және қоғам қайраткері Бірғаным Әйтімова Жолдауда белгіленген мерейлі мін­дет­терді жүзеге асыру барысындағы бар жұмысқа іштей дайын болып, тастүйін жұмылған ел ынтымағына ризашылығын білдіре келе, бірлік бар жерде халықтың міндет үдесінен шығатындығына зор сеніммен толайым табыс тіледі. 

– Біз облыста екі кеңейтілген көш­пелі мәжіліс өткізуді ұйғарып отырмыз, – деді Б.Әйтімова, – халықпен жүздесулердің  тақырыбы әртүрлі болғанымен, сайып келгенде ішкі мазмұндық негізі бір арнада тоғысып жатыр. Бұл – Елба­сы Жолдауының мазмұнын халыққа жеткізіп, негізгі міндеттердің ауқымын саралау.

Елбасының Жолдауы қыруар ең­бекпен, маңдай термен келген жетіс­тіктерді қорыта келе, келер күннің көкжиегіне нық сеніммен аттап, бола­шақты баянды етуге бағыттай­ды. Жолдауда: «Біздің стратегиялық мақсатымыз 2050 жылға қарай әлемдегі озық отыз елдің қатарына қосылу» деген жолбастар пікірлер жай айтылып отырған жоқ. Алдымызға мақсат қойғаннан кейін, бойымыздағы бар қажыр-қайрат, күш-қуатымызды жұ­мылдырып, біз сол биікке жетеміз. Оған халқымыздың қайыспас рухы, ішкі қуаты толығынан жетеді. Елбасының Жолдауы осындай ел еңсесін көтеретін ұлық сөзді айтып отыр. 

Комитет төрайымы өз сөзін тәуелсіз еліміздің бейбітшілік сүйгіш саясатымен, ел ішінің ынтымақ-ырысымен, тұрақты дамуына қатысты пікірімен өрбітті. Елге 300 миллиард АҚШ доллары көлеміндегі инвес­тиция тартылып отыр. Бұл қаржы ғана емес, елдің абыройы, оған деген сенім мен халықаралық мойындау десеңіз де болар. 

Ширек ғасырдан енді асқан жас мемлекет алға қарай сенімді, нық қадам жасауда. Жаңа Жолдаудағы алты бөлім осы мақсаттарды көздейді. Жалғыз көздеу ғана емес, оған жету жолдарын да қолмен қойғандай етіп көрсетіп береді. Сенат комитетінің төрайымы алдағы уақытта ең төменгі жалақы мөлшері 1,5 есе өсетіндігін, білім беру мен денсаулық сақтау қызметінің сапасы жақсаратынын алға тартты. Сондай-ақ Жолдаудың әркімнен заман ағымына сай болу керектігін де талап ететіндігін түсіндіріп өтті. 

Көшпелі мәжілісте сөз сөйлеген Сенат депутаттары да Елбасы Жолдауы­ның мән-маңызына тереңдей бойлап, жан-жақты тоқталды. Жиналған қауым Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің хатшысы Серік Бек­тұр­ғановтың 1 миллион 300 мың адамның ең төменгі жалақы алып келгендігін, ендігі жерде шамамен 600 мың адамның жағдайы жақсаратыны туралы айтқан сөзін жылы қабылдады. Бұл жерде тағы бір ел еңсесін көтеруге септігін тигізетін жай бар. Оны да ашып айтуымыз керек. Ең төменгі жалақыдан салық ұсталмайды. Өзге категориялар бойынша да жалақы көлемін арттыру үрдісі жалғаса бермек. Осы арада қайтарым нәтижесі де бақылауда болатындығын айта кеткен жөн. Серік Бектұрғанов келтірген деректерді саралайтын болсақ, адам денсаулығының он проценті ғана медициналық қызметтерге тәуелді, қалғаны өзінің өмір сүру дағдысына байланысты. Биылғы Жолдауда бұл жай атап көрсетілген. Сондықтан, азаматтардың жеке жауапкершілігі деген мәселені ұмытпаған жөн.    

Комитет мүшелері Бақыт Жұма­ғұлов, Мұрат Бақтиярұлы, Динар Нө­ке­таевалар Жолдаудың жылдағы мер­зімнен ертерек жасалуы ондағы мін­дет­терді орындауға негіз болатын бюд­жетті қалыптастыру үрдісіне байланысты екендігін және оның қайтарымы үнемі бақылауда болатындығын, бүгінгі күні ел тұрғындарының  72,5 пайызының өмір жағдайы жақсарғандығын, ұстаз мәртебесі туралы заңның маңыз­ды­лығын, «Жастар жылын» жария­лаудың мәнін, агроөнеркәсіптегі коопера­тив­тік қозғалыс пен қайта өңдеу сала­­сын, жалпы бәсекелестіктің мазмұнын тү­сіндіруге бағытталды. Осы орайда, жер­­­гілікті кәсіпкер Валерий Симчук Ақкөл ауданында Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамын қалыптастырудағы игі бас­тамалардың жүзеге асырылып жатқан­дығы туралы баяндап берді. Облыс­тық мәслихаттың депутаты ретінде осы мәселеге орай өзінің де қаншалықты ең­бек сіңіріп отырғандығы туралы мә­лім­­деді. Аудан әкімі Теміржан Еді­генов­тің, облыстық атқарушы орган­дар­дың Парламент Сенат депутат­тары­ның сұрақтарына толымды жауап қай­таруы да Жолдауда кеңінен орын алған міндеттердің тап-тұйнақтай орындалатынына зор сенім қалыптастырады. 

Сенаторлар осы кездесуден кейін Ақкөл мен Бұланды аудандарының еңбек ұжымдарында халықпен жүздесіп, жергілікті жерде атқарылып жатқан игі істердің барысымен танысты.

Байқал БАЙӘДІЛ,

«Егемен Қазақстан» 

Ақмола облысы