15 Қазан, 2018

Астана агломерациясының дамуы кешеуілдеп тұр

601 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Астана агломерациясының дамуы кешеуілдеп тұр

Биыл бас қаламыз – Астананың 20 жылдығын ел болып атап өтудеміз. Ел­ба­сының ерік-жігерінің, үздіксіз қолдауының арқасында Астана ел дамуының қозғаушы күшіне айналды. 

Осыдан 10-15 жыл бұрын, еліміздің ішкі аймақтарынан келген тұрғындар, алыс-жақын шетелден елім деп келген қандастарымыз, үкілі үміт­тің жетегінде, тәуелсіздігімізге мың мәрте тәубе жасап, Астананы айна­ла қо­ныс­танған еді. 

2012 жылы Елбасы осы ауылдарды аралап, Үкіметке Астана агломерация­сын дамытудың кешенді жоспарын жасау­ды тапсырған. Елбасы өз сөзінде: «Астана агломерациясының арна­йы к­ешен­ді жоспарына 20 елді мекен кіреді, оны дамытуға мемлекет тарапынан 40 млрд теңге қаржы жос­парланып отыр. Астанаға жақын орналасқан ауылдарға адамдар көшіп келіп, тұрақтап жұмыс істеуі үшін барлық мүмкіндік жасалуы тиіс», деп атап өткен-ді.
Сол уақыттан бері Үкімет қабырға­сында осы тақырыпқа байланысты  талай жиын өтті. Бірақ бұл жиындардан ауылдар өмірінің өзгергенін көрмедік. 
Бүгінде Астана түбіне шоғырланған ауылдарда халықтың саны күрт өсуде. Бір ғана мысал, Қоянды ауылында 1999 жылы 319 тұрғын  болса, бүгінде тек ресми мәлімет бойынша, 22000 мың адам, ал бейресми дерек бойынша 35000 адам тұрады. Өкінішке қарай, адам санымен бірге бұл ауылдарда әлеуметтік, инфрақұрылымдық проблемалар да бірге өсуде. Бұл ауылдан 10 шақырым жердегі Астананың кейбір көшелері бір жылда екі рет жөн­делсе, 15 жылда бұл ауылдың ішін­дегі ұзындығы 154 км жолдың 3,5 ша­қырымына ғана асфальт төселген. Осы жолмен күзде бес шақырым батпақ кешіп, қыста борандатып, қар кешіп балалар мектепке барады. Ауылдың қиыр шетіне орналасқан 900 орындық мектепте 2700 оқушы білім алуда, тек 1-класта ғана 16 сынып бар. Осы олқылықтар жоғарыда аталған бір ғана ауыл емес, Астананы айнала қонған  Талапкер, Қажымұқан, Қосшы, Қараөткел,  Тайтөбе сияқты ауылдарға да тән.

2017 жылы 31 қазандағы Үкімет оты­ры­сында Астана агломерациясының тер­ри­ториялық схемасы мақұлданды. Бұл аймақтың шеңберіне 2030 жылға дейін 124 елді мекен еніп, халық саны 2 млн-ға жетуі жоспарланып отыр. 
Алайда осы индустриялық ай­мақтар 35 мың тұрғыны бар Қоянды ауы­лын айналып өтіп, 86 ғана тұрғыны бар Жайнақ ауылына, енді бірі 15 мың халқы бар Талапкерді емес, 854 адамы бар Төң­керіс ауылына орналасатын болыпты. Әрине индустриялық аймаққа орын іздегенде темір жолдың тоғысы, тағы басқа да  инфрақұрылымдық, экономикалық категориялар  негізге алынған болар. Бірақ алдымен темірді де, көмірді де нағыз құндылыққа айналдыратын адамның еңбек күші екенін ескеру керек еді ғой. 

Біз осы мәселені Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевтың назарына жеткізіп, Астана агломерациясының жоспарына қала маңындағы халқы тығыз орналасқан ауылдардың ен­гізілуін, инфрақұрылым мен мәдениет ошақ­тарын салу жұмыстарын қаржы­ландыру қалай болатынын, қанша мектеп салынатынын, газдандыру жоспарына қосуды сұрадық. 

Берік ДҮЙСЕМБИНОВ,

Мәжіліс депутаты