Тәуелсіздік алғалы еліміздегі ішкі, сыртқы саясатқа қатысты негізгі мәселелерді жолға қоюға, мемлекеттілікті орнықтырып, ұдайы даму жолына түсуге, даму динамикасын тұрақтандыруға жиырма жеті жылда, әрине аз қайрат жұмсалған жоқ. Атқарылған істердің нәтижелі болғанын санамызға серпіліс берген жаңа елордамыз – Астананың өсуі мен гүлденуіне, адамдардың өмір сүру ұзақтығының 72,5 жасқа жеткеніне, ЭКСПО-2017 көрмесі секілді әлем елдерінің назарын аударған үлкен шараларды өз елімізде өткізе алғанымызға, ірі қалаларымызды Еуразия өңірінің қаржылық, іскерлік, инновациялық және мәдени орталығына айналдыра білгенімізге, мемлекеттердің даму көрсеткіші жағынан Орталық Азия бойынша көш бастап келе жатқанымызға қарап та айтуға болады.
2050 жылға қарай әлемдегі озық дамыған 30 елдің қатарына қосылу стратегиялық мақсатымызға айналды. Ал елдің даму көрсеткіші, әрине, халықтың тұрмысы, әл-ауқаты жақсарғанымен өлшенсе керек. Демек, жаңа Жолдауын Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың халықтың әл-ауқатын өсіру, табысты молайтып, тұрмыс сапасын арттыру мәселесіне арнағаны заңды еді.
Бұл орайда Елбасы Жолдаудың «өмір сүруге жайлы орта қалыптастыру» деген бөлімінде: «Жайлылық дегеніміз ең алдымен, тұрғын үйдің қолжетімділігі, ауланың әдемілігі мен қауіпсіздігі, тіршілікке және жұмыс істеуге қолайлы елді мекеннің және сапалы инфрақұрылымның болуы» деп атап көрсетті.
Азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі соңғы он бес жылда ұдайы назарға алынып келеді. 2014 жылдан бері еліміздің инфрақұрылымын жақсартатын «Нұрлы жол» кешенді бағдарламасы қолға алынса, бертінде тұрғын үй құрылысына зор серпін берген «Нұрлы жер» бағдарламасы табысты іске асырылуда. Қазіргі таңда тұрғын үй ипотекасының қолжетімділігін арттыратын жаңа ауқымдағы «7-20-25» бағдарламасы да жүзеге асырыла бастады. Президент бұл орайда, әкімдерге жергілікті бюджет есебінен жеңілдетілген ипотека бойынша алғашқы жарнаны ішінара субсидиялауды тапсырыпты.
Рас, қазір бұл бағдарламаға қатысты әртүрлі пікірлер, ұсыныстар айтылуда. Соның бірінде мемлекеттік бағдарламамен пәтер алған көпбалалы отбасылардың үйін кеңейтуіне мүмкіндік беру, мемлекеттік бағдарламамен үй алғаннан кейін отбасында сәби дүниеге келіп, бала саны артып жатса, қосымша жеңілдіктер жасау туралы айтылды. Оны қарау, әрине, сала мамандарының еншісінде.
Қалай болғанда да, еліміздің барлық аймақтары бойынша дәрігерлер, полицейлер, мұғалімдер, қысқасы әлеуметтік сала қызметкерлері аталған бағдарламаның арқасында баспанаға қол жеткізетін болады. Инженерлік инфрақұрылыммен қоса алғанда мемлекет алдағы бес жылда 650 мың отбасыға немесе 2 миллионнан астам азаматқа қолдау көрсеткелі отыр.
Елбасы Жолдауында тоқталған тағы бір өзекті мәселе – еліміздің аумақтық дамуына жаңа тәсілдер енгізуді қамтамасыз ету.
Статистика бойынша, қазіргі күні Астана мен Алматы еліміздегі ішкі жалпы өнімнің 30 пайыздан астамын қамтамасыз етіп отыр. Елбасымыз айтқандай, әлемдік ішкі жалпы өнімнің 70 пайыздан астамы қалаларда түзілетіні рас. Демек әлемдік үрдістен қалыс қалмай келе жатқан елімізде халықтың жаппай қалаға көшуін, яғни жедел қарқынмен жүріп жатқан қалалану процесін тиімді пайдалануға болады. Бұл орайда, Президент 2019 жылдың 1 қыркүйегіне дейін еліміздің басқарылатын урбанизациясының картасына айналатын 2030 жылға дейінгі аумақтық-кеңістіктік дамуының болжамды схемасын әзірлеуді тапсырды. Мұнда зиялы тұлғалар, елдің ақсақалдары айтып жүргендей, ауылдағы елді қалаға әкеліп, «өз күніңді өзің көр» деп қоя салмай, қарапайым халыққа жайлы өмір қалыптастыру үшін инфрақұрылымды дамыту, коммуналды және тұрғын үй құрылысындағы міндеттерді шешу парыз. Елбасының ауылдардан бастап республикалық маңызы бар қалаларға дейінгі түрлі елді мекендер үшін өңірлік стандарттар жүйесін әзірлеуді тапсырғаны да сондықтан.
Адам ресурсын дамыту, оларды мемлекет игілігіне пайдалану, әрбір азаматтың өз арман-мақсатына жете отырып, елдің де дамуына, гүлденуіне үлес қосуына мүмкіндік тудыра білу – тиімді басқарудың бірден бір көрсеткіші болар еді. Бұл орайда, сөз жоқ, аймақтық басқару органдарының жетекшілеріне серпіліс қажет. Жергілікті басқару органдары жаңа мектептер, ауруханалар, балабақшалар салуға өздігінен жол іздеп, инвесторлар тартуы керектігін айтқан Елбасы лауазымды қызметке ие әрбір азаматқа, әкімдерге ескі тәсілге сүйене бермей жаңашыл болу керектігін, іздену қажеттігін меңзепті.
Қорыта айтқанда, жаңа Жолдауда көңілге медеу болатын жақсы жетістіктеріміз де айтылды. Бұл тұрғыда біз осы бір мазмұнды құжаттың оқырманы, тұтынушысы ғана емес, ондағы басымдықтарды жүзеге асырушы бола алсақ, нұр үстіне нұр.
Айзада ҚҰРМАНОВА,
Мәжіліс депутаты