Қазақстан • 16 Қазан, 2018

Бүгін Елбасының Финляндияға ресми сапары басталады

434 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Төртінші өнеркәсіптік революция дәуірімен бірге Қазақстан дамудың жаңа кезеңіне қадам басты. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Нұрлы жол», «Үшінші жаңғыру», «Қазақ­стан-2050» Стратегиясы, «100 нақты қадам» Ұлт жоспары бағ­дар­ламалық құжаттарында белгі­ленген стратегиялық бағдар еліміз­дің осынау белеске өтудегі табан тірер нүктесі болғаны белгілі.

Бүгін Елбасының Финляндияға ресми сапары басталады

Осы басымдықтарды жүзеге асыруға бағытталған жүйелі ша­ра­лардың арқасында Астана бүгінгі күні жаһандық көліктік-логистикалық желіні қайта құру, баламалы энергетика кластерін құру, инновацияларды, жоға­ры технологияларды енгізу және цифрландыру үдерістерінің то­лыққанды қатысушысына айналды.

Осы орайда Қазақстан­ның Финляндия сынды білім беру, ақпараттандыру және азаматтарды әлеуметтік қорғаудың жоғары деңгейіндегі, өнеркәсібі өркендеген еуропалық елмен қарым-қатынасы жаңа белеске көтерілді.

Әлеуметтік бағдарланған мем­­лекеттің эталоны саналатын Финляндия қазіргі күні халқы­ның тұрмыс сапасы жөнінен көш­басшы елдердің бірі. Жан басына шаққандағы номиналды ІЖӨ бойынша бұл ел Германия, Бельгия және Ұлыбритания сияқты еуропалық мемлекеттердің алдына шығып отыр.

Еселі еңбек әрі табандылықтың арқасында финляндиялықтар тұтас ұлттық әлеуетін ғылым мен технологияны дамытуға жұмыл­ды­ра білді. Ғылыми қамтымды сала­­лардың қарқынды өсуі басқа са­лалардың да бәсекеге қабі­лет­­тілігін арттыруға ықпал етті. Бә­секеге қабілетті қоғам мен мем­ле­кет құру елдің іргелі жетіс­тіктеріне негіз салды. 

Бүгінгі күні Астана мен Хель­­син­кидің табысты дамып келе жатқан екіжақты қарым-қатынас­тары қос елдің және барша әлемдік қоғамдастықтың игілігіне күш-жігерді жұмылдырудың жарқын үлгісі деп айтуға болады. Екі ел­дің стратегиялық серіктестігі өз­ара құрмет, сенім мен ашықтық ру­хын­да жылдан-жылға тереңдей түсуде.

Екіжақты қарым-қатынас­тар тарихына баға бере отырып, Финляндия Президенті Мауно Койвис­тоның Қазақстанға 1992 жылғы ресми сапарының маңыз­дылығын атап өтуге болады. Бұл өзара қарым-қатынастың жаңа кезеңіндегі жүйелі саяси диалогқа және белсенді экономикалық әріптестікке берік негіз салған алғашқы сапар еді. 

Қазақстан Президенті Н.Назар­баевтың Финляндияға 2009 жылғы мемлекеттік сапары, Финляндия Президенті С.Нии­нис­тёнің 2013, 2015 және 2017 жылдардағы, сондай-ақ Пре­зидент Т.Халоненнің 2010 жыл­ғы ресми және жұмыс сапар­лары екіжақты байланыстар тари­хындағы айтулы оқиға саналады. Хельсинкидегі және Ас­танадағы кездесулер барысында қос елдің көшбасшылары жан-жақты байланыстарды нығайту­ға бірлесе құлшыныс танытып, жоғары деңгейдегі келіссөздерде әріптестіктің алдағы ондаған жыл­дарға арналған басымдықтары ай­қындалған болатын.

Қазіргі күні Солтүстік Еуропа елдері арасында Финляндия Қазақ­станның аса ірі сауда және м­а­ңыздылығы жағынан екінші инвестициялық серіктесіне айналды (300 млн доллардан артық инвестиция көлемімен). 2017 жылы екі ел арасындағы сауда айналымы 308 млн долларды құрады (экспорт – 176 млн, импорт – 132 млн доллар).

Бүгінгі күні Қазақстан нарығында 80-нен астам фин кәсі­порны жұмыс істейді. Олар­дың арасында «Вяртсила», «Вайсала», «Кемира», «Хонка», «Пемамек» және басқа да танымал компания­лар бар. Бұл тізім­ге технологиялар­ды енгізу­ге қо­­лай­лы негіз салып отырған «Оутотек», «Метсо», «АББ», «КОНЕ» сияқты фин машина жасау флаг­­мандарын және қосыңыз. 

Финляндияның «Астана ЭКСПО-2017» халықаралық көр­ме­сіне қатысуы сауда-экономи­калық қатынастарға серпін берді. 73 ірі компания ұсынған Суомидің ұлттық павильонын «жетістіктер лабораториясы» десе де болады. ЭКСПО қорытындысы бойынша энергия тұтыну, инновациялар және «жасыл» технологиялар салаларында фин технологиясымен 14 жоба қолға алынып жатыр. Бұл елдің іскерлік ортасы АХҚО, БҰҰ аясындағы Халықаралық «жасыл» технологиялар орталығы, IT-стартаптардың халықаралық технопаркі жобаларына қатысуда.

Іскерлік қоғамдастықты іл­гері­летудің тиімді механизм­дерінің бірі Сауда-экономикалық әріптестік жөніндегі үкіметара­лық комиссия болып отыр. Оның соңғы 10-шы отырысының қоры­тындысы бойынша энергетика, көлік, ауыл шаруашылығы және білім салаларындағы жұмыс топтары құрылды. 

Біріншіден, энергетика саласында Қазақстанның «жасыл» экономикаға кезең-кезеңімен көшуіне жағдай жасау тұрғысынан Суоми тәжірибесі қажет етілді. Бүгінгі күні Финляндия тұтынатын энергияның 40%-ы жаңғырмалы көздерден өндіріледі.

Екіншіден, біздің елдеріміздің географиялық орналасуының қо­лай­лылығы көлік және транзит салаларында бірін-бірі толық­тыратын өзара байланыстың көк­жиегін кеңейте түсуде. Финлян­дия тарапы үшін «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы ха­лық­аралық орталығы, «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы эконо­микалық аймағы, сондай-ақ Ақтау портының көлік-логистика­­л­ық мү­м­кін­діктері қызығушылық туғызады. 

2017 жылы Қытай, Қазақстан, Ресей және Финляндия арасында «Шығыс көлік дәлізінің» іске қосылуы қарым-қатынасты дамы­ту­дағы нақты қадам болғанын атап айту керек. Контейнерлік тасымалдау Коувола (Финляндия) – Бусловская (Ресей) – Алтынкөл (Қазақстан) – Сиань (Қытай) ба­ғы­ты бойынша жүзеге асырылуда.

Іскерлік, туристік және мәдени байланыстарды дамытуға екі ел арасында тікелей авиабайланыс ашу және Финляндия азаматтары үшін визасыз режімді кеңейту үлкен серпін берер еді.

Үшіншіден, білім беру сала­сын­дағы ынтымақтастық Қазақ­стан экономикасын жаңғырту­дың үшінші кезеңінде басым ба­ғыт­тардың бірі болып табылады. 

Білім берумен сабақтас жүре­тін денсаулық сақтау саласында Қазақстан қазірдің өзінде көп­теген медицина мекемелерінде алдыңғы қатарлы фин тәжірибесін енгізуге кірісіп кетті. Бұдан бөлек, Қазақстанның шамамен 800-дей мейірбикесі Финляндияның медицина персоналын дайындайтын орталықтарында қысқа мерзім­­ді біліктілікті арттыру курста­рынан өтті.

Төртіншіден, ауыл және орман шаруашылықтары саласында біз екіжақты кооперацияны белсенді ете түсу үшін көптеген мүмкіндіктерге иеміз.

Суомимен БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі шеңберінде және Дүние­жүзілік сауда ұйымы платформасында ынтымақтастықты ке­ңейту мәселесінің болашағы зор деп білеміз. Әңгіме сондай-ақ Ауғанстанды қалпына кел­тіру жөніндегі уағдаластықтарды қамтамасыз ету кооперациясы, ЕО-ның ОА-мен ынтымақтасты­ғын арттыра түсу туралы болып отыр­са, бұл мәселенің 2019 жылы Финляндияның ЕО-дағы төраға­лығы тұрғысынан аса көкейкесті екені айшықты реңк алатыны анық. 

Жоғарыда айтылғандар Аста­на­ның Хельсинкимен кооперация серпінін өрістете түсу үде­рісінде қисынды екенін айғақтай түседі. Осындай кезекті бір қадам ретінде Қазақстан басшысының үстіміздегі жылдың 16-17 қаза­нын­да өтетін Финляндияға ресми сапарын атап көрсеткен жөн.

Сапар бағдарламасында Фин­лян­дия Президенті С.Ниинис­тёмен келіссөз қарастырылған. Оның шеңберінде, күн тәртібіне сәйкес, тараптар екіжақты және көпжақты ынтымақтастықтың кең ауқымды мәселелерін талқылайды деп күтіліп отыр.

Болашақ сауда-экономикалық қатынастардың талқылануынан да көп нәрсе күтіледі. Өткен жыл­дар­дағы өзара табысты іс-қи­мыл­дардан Қазақстан басшысы ұзақ мерзімді перспективаға бағыт­талған басымдықтарды анықтауға қуатты серпін береді деп ой түюге негіз бар.

Қазіргі таңда екі ел арасында көлік және транзит салалары бо­­йынша тариф саясаты, тех­ни­­­калық жаңғырту, тауарларды біртұтас цифрлық жүйемен қам­та­масыз ету кооперациялары мәсе­лелері көкейкесті.

Финляндияның АӨК саласына енгізген ғылыми-техникалық жаңалықтары астық шығымын жоспарлау, балық шаруашылы­ғын дамыту үшін жағдайлар жасау, ет өңдеу, сүт және сүт өнім­дерін өндіру мен орман шаруашы­лығына жетекші технологияларды ендіру тұрғысынан жұмысты осы бағыттарда жүргізуге мүмкіндік береді.

Қазақстан экономикасын индустрияландыру бағдарламасын жүзеге асыру жағдайында фин­лян­диялық әріптестерді Қазақ­стандағы электр энергетикасы ны­сандарын жаңғырту үдеріс­теріне тартуға алғышарттар да жеткілікті.

Бұған қоса, білім беру, адам капиталын дамыту, биоэнергетика, жел технологиялары, инф­рақұрылымдар, цифрлық қыз­мет көрсету, 3D-принтинг, қал­дық­тарды кәдеге жарату, инновациялар енгізу, IT-индустриялар құру мәселелері қозғалатын болады. 

Осылайша алдағы сапар ше­шу­ші бағдарламалық құжат­тардағы басымдықтарды жүзе­ге асыру үшін қосымша сер­пін береді, сондай-ақ екіжақты коо­пе­рацияны жаңа биіктерге шы­ға­рады деуіміз керек.

Сапар барысында «Үшінші жаң­ғырту» міндеттеріне қол жет­к­ізу тұрғысынан үдемелі уағ­­да­лас­тықтар қатарына жататын Солтүстік инвестициялық банк­пен (СИБ) келісімге қол қойы­латынын айтуға болады.

Солтүстік Еуропа мен Балтия елдерінің аса ірі несие-қаржы инс­титуттары, СИБ инвестициялар тарту мен жетекші технология­лар трансферті тұрғысынан Қазақ­станның нақты қаржы әріптестері бола алады.

СИБ-тің Қазақстан нарығынан орын алуы ел экономикасының ЭЫДҰ стандарттарына өтуде жа­ғым­ды фактор қызметін атқара­тыны сөзсіз.

Қазақстанның «Нұрлы жол» транзит-көлік әлеуеті тұрғысынан сапар барысында іске қосылатын тағы бір трансөңірлік темір жол маршрутының маңызы зор. Ол Қазақ­стан аумағы арқылы Фин­лян­дия мен Қытай арасын жалғай­ды. Аталған маршрут Еуропа мен Азия арасындағы тауар тасымалы мерзімін қысқартуға мүмкіндік береді.

«Nokia» компаниясының Қа­зақ­станмен ұзақ мерзімді өзара ық­палдастықты дамытуға ерекше ықыласты екенінің көрсеткіші ретінде Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың компанияның басқарма төрағасы Р.Суримен кездесуін айтуға болады. Кездесу барысында Елбасына Қазақстан­да жүзеге асырылуы жоспарланып отырған «Rural Broadband», «Smart City Astana», сондай-ақ «Industry 4.0» бағдарламаларының жоспары таныстырылады.

Мемлекет басшысының Фин­лян­дияның бизнес топтары­ның өкілдерімен іскерлік кездесуі де үлкен маңызға толы болмақ. Іс-шараға Суомидің аса ірі компаниялары мен кәсіпорындарының шамамен 25 басшысы, оның ішінде «Nokia», «Telia Sonera», «Stora Enso», «Kone», «Nurminen Logistics», «Wartsila», «Metso» сияқты компаниялардың басшылары қатысады деп күтілуде. Кез­десуге қатысушылар Қазақ­стандағы жаңғырулар мен жаң­ғыртулар үдерістері шеңберіндегі ынтымақтастықты дамытудың перспективаларына қатысты өз ұстанымдарын ортаға салатын болады.

Сапар барысында, соны­мен қатар Қазақстан мен Финлян­­­дия арасында энергетика және «жасыл» экономика, әуе қаты­насы, жүктерді темір жол көлі­гі­мен тасымалдау сала­ларын­­дағы ынтымақтастық жөнін­дегі екіжақты құжаттарға қол қойы­лады деп күтілуде. Бұл  қатар­да цифрландыру, биоэнергия өндірісі, ядролық қауіпсіздік­ті қамтамасыз ету мен энергия тиімділігі салаларындағы жобаларды жүзеге асыру бойынша құжаттар да бар. Бұған қоса, сомасы 0,5 млрд АҚШ долларына тең 20 шақты коммерциялық құжат­тарға да қол қойылатын болады.

Тұтастай алғанда, Қазақстан Прези­денті Нұрсұлтан Назар­баевтың Финляндияға ресми сапары екіжақты қарым-қатынасты дамытудың жаңа кезеңі ретінде тарихта қалмақ.

Мұрат НҰРТІЛЕУОВ,

Қазақстан Республикасының Финляндия Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі