Аймақтар • 16 Қазан, 2018

Алматыда Ингмар Бергманның мемориалдық көрмесі өтуде

251 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Биыл әлемдік қауымдастық көрнекті швед кинорежиссері, жазушы, сценарист және «Оскар» сыйлығын үш мәрте иеленген – Эрнест Ингмар Бергманның 100 жылдығын атап өтуде.

Алматыда Ингмар Бергманның мемориалдық көрмесі өтуде

Осыған орай Алматыдағы ҚР Мемлекеттік орталық музейі мен Қазақстан Республикасындағы Швеция Корольдігі елшілігі Швеция институтымен бірлесіп «Ингмар Бергманның өнер мен сән әлеміндегі мұрасы»  атты мемориалдық көрмесін ашты.

Көрменің ашылу салтанатында ҚР Мемлекеттік орталық музейінің директоры, профессор Нұрсан Әлімбай мен Қазақстан Республикасындағы Швеция Корольдігінің Төтенше және Өкілетті Елшісі Матс Фойер мырза сөз алып, Ингмар Бергманның әлемдік кино және театр өнерінің даму тарихына қосқан өлшеусіз үлесін атады. 89 жыл өмір сүрген режиссер 170-тен астам театр қойылымының авторы атанды. 60-тан астам көркем және деректі фильмдер түсіріп, басым бөлігініңң сценарийін өзі жазды. Бергманның шығармашылығы Феллин, Антониони, Тарковский сынды дара тұлғалардың қатарында.   

Сол сияқты Ингмар Бергманның «Жетінші мөр» (1957), «Құлпынай алқабы» (1957), «Персона» (1966), «Сыбыр мен айғай» (1972), «Фанни мен Александр» (1982) атты картиналары әлемдік кинотуындылар қатарына енген.

Көрме экспозициясы автордың жеке өмір жолы мен шығармашылығы туралы фотоқұжаттардан басталады. Оның түсірім алаңындағы және, актерлармен жұмыс істеп жатқан сәттері, жеке отбасылық фотосуреттері қойылған. И. Бергманның айтқан даналық сөздері мен оның фильмдеріне жасалған афишалар көрме залын толықтырып тұр.

Көрме аясында, келушілер назарына автордың сән әлемі, музыка, театр және биге арналған қысқаметражды фильмдері ұсынылуда.

Айнаш ЕСАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше