Әлем • 17 Қазан, 2018

Ош форумы

741 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
Ош форумы

Халықаралық Түркі академиясының ұйымдастыруымен Қырғызстанның оң­түстігіндегі Ош қаласында өтетін болып белгіленген «Шыңғыс Айтматов мұ­расы: жаһандану дәуірінде ынтымақта өмір сүру» атты қазақ-қырғыз зиялы­ла­ры­ның форумына қатысатын екі ел делегаттары таңертеңгі мезгілде Бішкектегі Манас әуежайында кездестік.

Тәтті ұйқының әсерінен әлі айыға алмай манаурап келе жатқан жолаушыларды бір серпілтіп, езуге күлкі үйірген бір оқиғаны тап қазір айтпай кетуге болмас, сірә.

Қазақстандық делегацияның құра­мын­дағы ақын, драматург әрі әйгілі ма­насшы Баянғали Әлімжанның қолын қысып, жүзіне қадала қараған ақ шашты, қараторы өңді қырғыз ақыны:

– Әй, Бәке, сен мені танымадың ба? – деп сәл-пәл бөгеліп қалды. 
Қапелімде өңі жылыұшырап көрін­генімен, есім-сойы бірден есіне түсе қой­маған ағайынға:

– Жүзіңіз сондай таныс, – деді қазақ ақыны жымиып.

– Әй, сен қазақтың Баянғалиы бол­саң, қырғыздың Акбарын қалай танымай­сың?!

– Оу, Акбар аға! Рысқұлов! – Қос ақын­ның құшағы айқаса кетті. – Сіз екеу­міз кездеспегелі талай жыл өтті ғой. Осын­ша уақыт көрмесең, қырғыз түгілі, қазақ досыңды да ұмытып қалмайсың ба?!

Әп-сәтте олардың қасына жинала қалған қазақ-қырғыз зиялылары ду кү­ліп, бас изеп, қоштап жатыр.

Бұл әрине екі ел арасындағы ежелден келе жатқан туыстық пен достықтың тағы да бір жылт ете түскен ұшқыны, бей­жай көңілді жылытып, бір-бірімізге жақындастыра түскен жып-жылы шуағы секілді әсерге бөлегені анық. 
 

* * *

Тү-у сонау төменде биік-биік шың­дар қалып барады. Жерде жүрген шақта олар бізге көк аспанды тіреп тұрғандай болып көрінуші еді. Енді міне...
Осындай бір таң-тамаша сәттерде Алла жаратқан екі аяқты, жұмыр бас­ты пенденің санасындағы құдіретке таңғаласың. Себебі мынау ұшақты да әу баста сол адамдардың ақыл-ойы жаратты емес пе.

– Сіз бұрын Ошта болып па едіңіз? – деді кенет Қырғыз Республикасы Пре­зи­дентінің кеңесшісі, белгілі жазушы, драматург Сұлтан Раев.

– Жоқ.

– Олай болса  бұл сіздерге өте қызық сапар болады. Себебі Ош – ерекше қала. Қонақ күтуі, дастарқан мәзірі сіздердегі Шымкент қаласының салт-дәстүріне қатты ұқсайды.

– О-о, – деп күлдім мен. – Баяғыдан таныс өлке екен ғой! Өйткені  мен Шым­кент жақта туып-өскенмін.

– Ендеше, – деді ол жымиып, – Нұх пай­ғамбардың кемесі тоқтаған Қазығұрт тауы секілді мұнда да аңызға айналған Сүлеймен пайғамбардың тауы бар.

– Сәті түссе...

– Иә, иә, ол тауға барамыз. Көресіздер.

* * *

Қазан айының он бірінде Ош мем­лекеттік университетінің үлкен залында форумның ашылу салтанаты­ өтті. Онда Қырғыз Республикасы Пре­­зи­дентінің кеңесшісі Сұлтан Раев, Халықаралық Түркі академия­сы президентінің кеңесшісі Ержан Исағұлов, Ош облысының губернаторы Узарбек Жылқыбаев, Ош қаласының мэрі Таалайбек Сарыбашев сөз сөйлеп, форумға келген қонақтарды құттықтады.

Әлем әдебиетінің классигі, қырғыз халқының ұлы перзенті Шыңғыс Айт­матовтың шығармашылығына деген жұртшылықтың сүйіспеншілігі, расында да, ел мен елдің арасын жалғап жатқан ынтымақ пен достықтың алтын көпірі іспетті. Ол қырғыздардың ғана емес, қазақ еліндегі қарапайым жандардың да тағдыр-талайын суреттеу арқылы барша адамзатқа ортақ рухани проблемаларды алға тартты.
Ұлы суреткердің есімін алғаш әлемге танытқан әйгілі «Жәмила» повесіндегі қазақ даласын бетке алып, тағдыр жолымен қол ұстасып ұзақ сапарға аттанған Жәмила мен Даниярдан бастап, «Қош бол, Гүлсарыдағы» Танабай қостап, біздің елдің кеңдігіне, туыстығына ерекше ықылас білдіріп тұрады.

Ал «Боранды бекет» романындағы Едігенің орны тіпті оқшау. Ол тек қазақ, қыр­ғыздың ғана емес, айдай әлемдегі барша қарапайым да қайсар, адал да ақылды жандардың жиынтық бейнесі. Туған жер, киелі топырақ, тамырын тереңге жайған тарих, анасын баласынан, баласын ақыл-есінен айырған зұлмат заман – бәрі-бәрі осынау үлкен шығармада көрініс табады.

«Шыңғыс Айтматов мұрасы: жа­һан­дану дәуірінде ынтымақта өмір­ сүру» атты ІІ қазақ-қырғыз зиялылары форумында Адамзаттың Айт­матовы атанған шоң классиктің шығармалары әрдайым адамзаттың рухани құнды­лықтарын қорғап, аялап, өзімізден кейін­гі ұрпаққа адал аманат етуге шақыра­тыны осынау форумда кеңінен сөз болып, негізгі әңгіме өзегіне айналды.

Сонымен бірге қазақ поэзиясының шолпан жұлдызы Мағжан Жұмабаевтың қырғыз тілінде жарық көрген «Арыстан айбат» атты жыр жинағының тұсаукесер рәсімі өтті. Мағжан ақынның жырларын қырғыз тіліне белгілі ақын, аудармашы, кезінде қырғыз елінің Қазақстандағы елшісі болып қызмет атқарған Акбар Рысқұлов тәржімалады.

Туысқан елдің тілінде:
Арыстанмын,
Айбатыма ким чыдар?
Жолбарусмун,
Мага каршы ким турар?
Көктө – булут,
Жерде – желмін күүлөгөн,
Жер еркеси –
Желдин жөнүн ким сурар? – деп қыран құстай саңқылдаған Мағжан ақын жырларынан сол баяғы бабалардың бойындағы биік рухтың лебі есіп тұр­ғанын сезген көңіл көкке көтеріліп, Ош аспанын шарлай жөнелгендей ерекше бір күйге бөленесің.

Атал­ған жинаққа ақынның сексенге жуық өлеңі мен «Батыр Баян», «Қорқыт баба» дастандары енгізіліпті. Осы тұста Халықаралық Түркі академиясының бастамасымен бұған дейін де Мағжан ақынның өлеңдері тоғыз тілге аударылып, бір жинақ болып басылып шық­қанын айта кеткен абзал, әрине.

Сондай-ақ биылғы жылдың мамыр айында өзбек тіліне тәржімаланып, «Такланган асарлар» атты жеке жи­нақ болып жарық көрген ақын шығар­маларының тұсаукесер рәсімі өткені есте­ріңізде болар. Бұл шаралардың бар­лығы да түптеп келгенде, түбі бір түркі жұртының азаттығы мен бірлігін жырлап, Түркістанның тұтастығын аңсап өткен айбынды ақынның туғанына 125 жыл толуына орайластырылғаны баршаңызға аян.
Форумда «Арыстан айбат» жинағы­мен қатар Түркі академиясының қол­дауы­мен Астанада жарық көрген Қыр­ғызстанның экс-мемлекеттік хатшысы ­Осмонакун Ибраимовтың «Айтматов. Пос­ледний писатель империи», профессор Қадыралы Қоңқа­баевтың «Ат­лас древнетюркских пись­менных памятников Республики Ал­тай», Эмир Наджиптің «Историко-сра­внительный сло­варь тюркских языков 14 века», «Жойылу қаупіндегі түркі тілдері» секіл­ді бірқатар кітаптардың таныс­тырылымы өтті.

Екі күнге созылған кең ауқымды форум­ның пленарлық мәжілісінде сөз алған қазақ делегациясы, атап айтқанда Түркі академиясы президентінің ке­ңесшісі Ержан Исағұлов қазақ, қыр­ғыз елдеріне ортақ мұра «Жаныс-Ба­йыс» жырындағы тарихи деректер­ге, А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі инс­титутының директоры Ерден Қа­жы­бек түркі тілдерінің туыстығы мен­ ерекшеліктеріне тоқталса, ақын Баян­ғали Әлімжанов әйгілі «Манас» жырын жырлап, тыңдаушылардың ыстық ықы­ласына бөленді. Сөз реті келгенде айтпай кетуге болмас, қазақ манасшысына қырғыз зиялылары айрықша құрмет көрсетіп, орындарынан тұрып, ұзақ қол шапалақтады.

Сондай-ақ белгілі ғалым, көне түркі тарихын зерттеуші Ақеділ Тойшанұлы, «Тұран» университетінің доценті Нұр­гүл Алдабек Шыңғыс Айтматов шығар­маларының көне жырлардағы, ауыз әдебиетіндегі барша адамзатқа ортақ асыл ой-идеялармен тереңнен жалғаса­тынына тоқталды.
Ош мемлекеттік университетінің ректоры Қаныбек Исаков ғылыми кеңестің шешімімен Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі мен осы академияның аға сарапшысы Қадыралы Қоңқабаевқа Ош мемлекеттік университетінің Құрметті профессоры атағы берілгендігін жариялап, марапат иелеріне құттықтау лебізін білдірді.

* * *

Алыстан естіген кісіге аңыз секіл­ді елестейтін Сүлеймен тауы Ош мемлекет­тік университетіндегі кейбір кабинеттер мен аудиториялардың терезесінен ап-анық көрініп тұрады.

Міне, осындай бір сәттерде көне мен­ жаңаның, кешегі мен бүгінгінің бір-­бірімен мәңгілік байланыста екенін айрықша бір тылсым күш арқылы, иә бол­маса жұмбақ түйсікпен сезінгендей боласыз.

Батыстан шығысқа қарай созылған таудың ұзындығы, ресми деректерге сүйен­сек, 1140 метр көрінеді. Алатаумен салыс­тырғанда өз алдына оқшау шоқы тәрізденіп көрінетін бұл тауды ел Сүлей­мен тағы деп те атайды екен. Яғни, ерте, ерте, ертеде Сүлеймен пайғамбар мекен­деген, тау-тасында ізі қалған қасиетті жер дегені болар.

2009 жылы ЮНЕСКО Сүлеймен тауын дүниежүзілік ірі мәдени ескерткіш­тер тізіміне қосты. Қазір ондағы үлкен үңгір­де ежелгі дәуірлерден қалған зат­тарды көзінің қарашығындай сақ­тап, көпшілікке көрсетіп отыратын мем­лекеттік музей ашылған.

Тау биігіндегі тағы да бір таңғажайып ескерткіш – Тахты мешіті. Оны Оштағы жұрт әйгілі Бабыр сұлтанның үйі деседі. 

Сүлеймен тауына саяхаттап келу­ші­лер де, зиярат етіп келушілер де көп. Тау­ды қиялай көтерілетін тас баспал­дақ­тар­мен мұражайға да, мешітке де қи­налмай баруға болады. 

Қоштасарда тандыр наны мен ыстық самсасы, дәмі тіл үйіретін жаңғағы мен өрік-мейізі, тәтті қауыны мен қарбызы орталық базардың саудасын қыз-қыз қайнатып жатқан Ош қаласына қимай-қимай қарайсыз. 

Нұрғали ОРАЗ,

«Егемен Қазақстан»