Сулавесиде зілзала мен цунамидің кесірінен 70 000 адам үйінен айырылды. Суретте: Палудегі қираған көпір
Ханна БИЧ, Мухита СУХАРТОНО,
«Нью-Йорк Таймс» – Сиги (Индонезия)
Дәл сол уақытта Сулавеси аралдарының орта тұсындағы ауданда 15 жастағы Приска Сусанто да құлшылығын енді аяқтап болған еді. Бұл – оның Інжіл үйрету лагеріндегі алғашқы күні. Мұнда да жер шайқалып, тасқын су шіркеуді бірнеше шақырымға ағызып, қиратып, бір сәтте үйіндіге айналдырып, ақырында ғимараттың сүйірленген шатырын да жұтып жіберді.
Төбесінен қарасаң, теңіз жұлдызына ұқсайтын шығыс Индонезиядағы Сулавеси аралы магнитудасы 7,5 балдық зілзала мен бірнеше метр биікке көтерілген цунамидан зардап шекті. Бұл мекеннің басынан қара бұлт арылмай-ақ қойды. Арал тұрғындары бірнеше дінге бөлінген. Табиғи апаттар және мұсылмандар мен христиандар арасындағы кикілжіңдер тоқтаған емес.
Жарты ғасырдан аса уақыт ішінде Сулавеси аралы ондаған зілзала, көшкін, су тасқыны, цунами, жанартау атқылауын бастан кешірді. Сонымен қатар елдегі халықтың жарты миллионға жуығын жалмаған антикоммунистік жарылыстар, мектептегі оқушыларға дейін араласқан секталық тартыстар да бар.
Таяуда, 28 қыркүйекте болған қос апаттан екі мыңға жуық адам қайтыс болғаны анықталды. Олардың көбі үйінділердің астында қалып, цунами толқындарынан қашып құтыла алмаған сыңайлы. Қираған ғимараттарды тазалау айларға, тіпті жылдарға созылуы мүмкін. Апат болған күні ешқандай ескерту дабылының дауысы естілген жоқ.
«Сулавеси – талай апатқа тап болған мекен», дейді индонезиялық қызыл крест ұйымының еріктісі Раман Кило. Ол аралдың солтүстігіндегі Інжіл лагерінің үйіндісін аршуға көмектесіп жүр.
Аймақтың орталығы Палу қаласының мұсылмандары мен христиандары дәстүрлі діннен бас тартудың зардаптары осындай табиғи апат ретінде келіп жатқан жоқ па деген мәселені көтеріп жүр. Жалпы, мұндағы ибраһимдік діндерді араб саудагерлері мен еуропалық колонистер әкелгені белгілі.
Өткен айдағы цунами Палудегі мәдени спорт фестивалімен тұспа-тұс келген-ді. Тұрғындар анимизмді коммерциялық мақсатта қолданып, көне емделу дәстүрін қайта енгізу Сулавесидегі табиғи теңдікті бұзатынын айтып шағымданған еді.
Оған себеп те бар. Мәселен, үш жыл бұрын фестивальдың алғашқы ашылу салтанатында айлақта қолтырауындар қаптап кетті. Былтыр дауыл тұрып, бәрін қиратқан. Биыл цунами демалушылар мен күзетшілерді шайып кетті.
Апаттан кейін, 3 қазанда аралдың солтүстігіндегі Сопутан жанартауы атқылап, түтін мен күл 4 шақырым биікке көтерілді. Индонезияның басым бөлігі, Сулавеси аралы «Отты сақина» деп аталатын Тынық мұхитындағы доғада орналасқан. Бұл мекен – жердегі ең сейсмикалық аймақ.
«Табиғат әрдайым белгісін көрсетіп отырады. Ол өзіне зиян келтіргенді жақтырмайды», дейді Палудың бұрынғы мэрі Русди Мастура.
© 2018 The New York Times News Service
Мақаланы аударған Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»