Брэд ПЛАМБЕР, «Нью-Йорк Таймс»
Бірақ сауда нарығына назар аударғанда, мұндай қадамдардың әсері керемет емес екеніне көз жетеді. Көптеген дамыған мемлекеттер өздеріндегі көмірқышқыл газын шығару көлемін шетелден тауар әкелу арқылы азайтты. Болат, цемент секілді өнімдерді ішкі нарықта шығарудың орнына Қытайдың зауыттарынан тасыды.
Мәселен, Ұлыбритания парниктік газ бөлу көлемін 1990 жылға қарағанда 2015 жылы үш есеге азайтты. Алайда, Лондондағы биік ғимараттар мен көліктерді жасауда қолданылатын импортталған темірлерді есепке алсақ, Ұлыбританияның көмірқышқыл газын тұтыну көлемі айтарлықтай артады. Өйткені шетелден әкелінген темірді қорыту кезінде ауаға көп мөлшерде парниктік газ бөлінеді.
«Бұл – үлкен мәселе. Егер мемлекет климат жылынуына қарсы күресін шетелде көмірқышқыл газын шығаруға үлес қосу арқылы жүргізетін болса, бізде ешқандай алға жылжу болмайды», дейді зерттеуші ғалым Али Хасанбейги. Ол – Global Efficiency Intelligence консалтингтік фирмасының төрағасы.
Доктор А.Хасанбейги сауда арқылы жаһандық көмірқышқыл газын шығару жөніндегі жаңа ғылыми жұмыстың авторы. Зерттеуде әлемдегі жалпы парниктік газ шығарылымының 25 пайызы жоғарыда айтылған тәсіл арқылы жасалатыны айтылады. Ғылыми жұмыста мұны «көмірқышқыл тесігі» деп атайды. Себебі мемлекеттер өздері импорттап отырған тауарды өндіру барысында қаншалықты парниктік газ бөлінгеніне мән бермейді.
Былтыр күзде Калифорниядағы заң шығарушылар болатты сатып алушылар үшін «төмен көмірқышқыл газы» стандартын енгізді. Қоршаған ортаны қорғаушылар мұны климат жөніндегі саясаттағы жаңашыл қадам деп есептейді.
Тағы бір зерттеуде мәселенің мәніне тереңірек үңіліп көру үшін бұған дейінгі зерттеуге сүйене отырып, жаһандық саудадағы көмірқышқыл газының үлесін анықтауға талпыныс жасалды. Онда ойыншық пен кеңсе құралдарынан әйнек пен алюминийге дейінгі 15 000 саладағы сауда айналымы сараптамадан өткен.
Таңданудың реті жоқ, әлемдегі көмірқышқыл диоксидін ең көп шығаратын Қытай шартараптың басты өнім өндірушісіне айналып отыр. 2015 жылы Қытай зауыттарынан бөлінген парниктік газ мөлшерінің 13 пайызы басқа елдер үшін өнім шығарудан пайда болған. Ауаны ластаушы тағы бір мемлекет Үндістанда бұл көрсеткіш 20 пайызға жеткен.
Зерттеушілердің сөзіне сүйенсек, АҚШ әлемдегі ең көп «көмірқышқыл газын шығаратын өнімдерді тұтынушы» елге айналған. Егер америкалықтар тұтынатын, импортталған бүкіл киімдер мен басқа тауарларды, қолданатын көліктерді шығару барысында ауаның ластану көлемін есептесек, елдегі көмірқышқыл диоксидін тұтыну мөлшері 14 пайызға артады.
1995 және 2015 жылдар аралығында Жапония мен Германия секілді дамыған елдер парниктік газ бөлу мөлшерін азайтты. Алайда, олар тауарды Қытайдан алатындықтан, ондағы өндіріс кезіндегі ауаның ластану көлемі 2-3 есеге артып кеткен.
Париж келісіміне сәйкес, мемлекеттер шекарасы аумағында бөлінетін көмірқышқыл газына жауапты. Сарапшылар мұның қаншалықты әділ екенін әлі күнге талқылап келеді. Қытай мен Үндістанды бай мемлекеттер тұтынатын тауарды өндіру барысында көмірқышқыл газын көп шығарғаны үшін айыптау қаншалықты әділ? Сондай-ақ олар осындай зауыттардан, ондағы жұмыс күшінен пайда көріп отырғаны туралы не айтамыз?
Цемент және болат индустрияларының шетелге кетуі ластану ережесі қатаң сақталмайтын елдердегі көмірқышқыл газын көп бөлетін зауыттардың көбеюіне әкеліп соғады. Мұның бір шешімі ретінде әлем елдерінің бәрі ортақ келісім жасауы керек.
Алайда, шынайы өмірде мұның орындалуы екіталай. Франция президенті Эммануэль Макрон секілді саясаткерлердің Еуропаға импортталатын өнімдерге көмірқышқыл салығын салу жөніндегі бастамасы лайықты қолдау тапқан жоқ.
«Жер климаты» фирмасының төрағасы Крис Эриксонның айтуынша, елдер арасындағы ашықтық алғашқы қадам болар еді. Оның фирмасы әлемдегі компаниялардың қоршаған ортаға әсерін азайтуға көмектеседі. К.Эриксонның компаниясы қолда бар түрлі бетон қоспаларының зерттеу базасын жасақтаған. Бұл архитекторларға парниктік газды аз шығаратын материалдар табуға көмектеседі.
Өз кезегінде мұндай қадам көмірқышқыл газы шығарылымын азайтуға септігін тигізеді. «Компаниялар мұны мойындамаса да, өзгерістің болатынын бәрі сезеді», дейді К.Эриксон.
© 2018 The New York Times News Service
Мақаланы аударған Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»