Бағдарламалар • 17 Қазан, 2018

Жолдау-2018: Мамандар пікірі

978 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
Жолдау-2018: Мамандар пікірі

Мектеп психологтары
Олардың жұмысын күшейту – жас ұрпақтың жан саулығының кепілі

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы Қазақстан халқына Жолдауында Үкіметке балаларымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында мектеп психологтарының жұмысын күшейту туралы нақты тапсырма беруі ұрпақ саулығы мәселесіне қатысты мемлекеттік саясатты жетілдіруге өз септігін тигі­зері сөзсіз. Өйткені психикалық саулық бойынша жүргізілген көптеген зерттеу нәтижесі көрсеткендей, ерте жастан баланың физикалық, психологиялық, әлеуметтік дамуына қолайлы жағдай жасау саламатты ұлт қалыптастырудың ең тиімді жолы саналады. Сонымен қатар адамның психикалық саулығына ерте балалық кезеңнен бастап көңіл бөлу мемлекеттің әлеуметтік әл-ауқатына да оң әсер ететіні белгілі. Мәселен, ДСҰ-ның есебі бойынша, психика­лық денсаулықты күшейту мен қорғау­ға жұмсалған әрбір доллар кейін ел қазынасына 4 доллар болып оралады екен. 

Осы орайда, жуырда Ұлыбритания премьер-министрі Тереза Мэйдің каби­­­­­нетінде «Суицидтің алдын алу бойынша министр» деген жаңа лауазым пайда болғанын айта кеткен жөн. Халықтың психикалық саулығы мәселесімен тікелей айналысатын министрліктің құрылуы Ұлыбритания ғана емес, әлемдік қауымдастық үшін де маңызы зор оқиға. Біріншіден, әлемде тұңғыш рет ірі саяси мінберлерден адамның психикалық саулығы проблемалары әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси маңызды өзге мәселелермен қатар қозғалатын болады. Екіншіден, британ үкіметі халыққа психикалық көмектің қолжетімділігі мен сапасына ерекше мән береді. Соның ішінде балалар мен жасөспірімдердің жансаулығына үлкен көңіл аударылады. Яғни, мектептегі педагогтар мен психологтардың кәсіби дайындығын күшейтуге, ата-аналармен, қоғамдық ұйымдармен және өзге де мүдделі тараптармен белсенді жұмыс жүргізіледі. Үшіншіден, бұл саяси қызметтің пайда болуын жаҺандық экономикада бәсекеге қабілетті болғысы келетін әлемнің өзге елдеріне жіберілген сигнал деп баға­лауға да болады. ДСҰ-ның зерттеуі бо­йынша, экономикалық белсенді адамдардың психикалық денсаулығы нашарлауы салдарынан жыл сайын әлемдік экономика 1 трлн АҚШ долларынан қағылады екен. Осыдан-ақ психикалық денсаулықтың жеке бір адамның проблемасы емес, бүкіл қоғамдық мәселе екенін аңғаруға болады. 

Сондықтан Президент тапсырма­сының тиісті деңгейде орындалуы үшін мемлекеттік органдардан бөлек, биз­нес-қауымдастық пен азаматтық қоғам өкіл­дерінің белсенділігі де аса маңыз­ды екенін атап өтуіміз керек. Әсіресе қоғамдағы психикалық саулық бойынша түрлі стереотиптер мен аңыздарды жұдырықтай жұмылған кезде ғана жоюға болады. Басқаша айтар болсақ, балаларымыздың жан саулығын қорғау бағытындағы қадамдардың нәтижелілігі жұмысбасты ата-аналардың психика­лық саулық бойынша сауатын күшейту жұмыстарымен қатар жүрген кезде еселеп арта түседі. Яғни, бизнес-қауым­дастық жұмыс орындарында өз қыз­меткерлерінің психикалық саулы­ғына ерекше басымдық берер болса, «психолог», «психотерапевт» және «психиатр-дәрігер» деген сөздерді естіген кезде ат тонын ала қашатын ата-аналардың саны да азая түсетін болады. 

Тереңірек үңілсек, мектеп педагог-психологтарының кәсіби дайындығын күшейту дегеніміз өскелең ұрпақты өмірдің түрлі соқпақтарына дайындап, олардың психикалық төзімділігін арттыру, болашақта ел дамуына өз үлесін қосатын саламатты азаматтарды қалыптастыру деген сөз. Осы мақсатта азаматтық қоғам өкілдері де белсенділік танытуы қажет. Сондықтан да мектеп психологтарымен тығыз жұмыс істейтін қоғамдық ұйымдардың басты мақсаты мектеп психологтарының семинар-тренингтер арқылы кәсіби біліктілігін мейлінше арттыру ғана емес, сондай-ақ педагог-психологтардың қоғамдағы маңызды рөлі туралы көзқарасты қайта қарауға үлес қосу болып қала бермек. 

Қорыта айтқанда, психикалық саулық тек бір адамның немесе бір отбасының жеке мәселесі емес, ол – бүкіл қоғам­ның, тіпті адамзат баласының мәселесі.  

Ерлан АЙТМҰХАМБЕТОВ, 

«Bilim Foundation» қоғамдық қорының атқарушы директоры

Білімге салынған қаржының қайтарымы мол

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты биылғы Жол­дауындағы басымдықтардың ішінде алдағы 5 жылда білім, ғылым, денсаулық сақтау салаларына жұмсалатын қаражат көлемін ішкі жалпы өнімнің (ІЖӨ) 10%-ға дейін жеткізу мәселесі айрықша назар аударды. Бұл орайда Президент Жолдауының ұстаздар күні қарсаңында жариялануының да үлкен символдық мәні бар. 

Бұл екі салаға басымдық беру алдағы уақытта өзінің оң әсерін береді деп болжауға болады. 

Мысалы, Аустралиядағы Гриффит университетінің экономика про­фессо­ры Фабрицио Кармиганидің зерттеуі көрсеткендей, осы уақытқа дейін білім саласына жұмсалатын қаржы мен экономикалық өсімнің арасында тығыз өзара байланысты дәлелдейтін 57 зерттеу жүргізілген. Олардың қатарына бірнеше индика­торлар, эконометрикалық, статистикалық және метаанализдік зерттеулер кіреді. Оған қоса, білім саласына ІЖӨ-ден қосылған әрбір пайыз (мысалы жұмсалатын қаржыны 3%-тен 4%-ға арттыру) елдің ішкі жалпы өніміне 0,9% өсім беріп отырады. Нақтырақ айтатын болсақ, білім саласына салынған инвести­­ция экономикалық өсімді едәуір ­ынта­ландырады.

Ғылыми зерттеулерге бөлінетін суб­сидиялардың және білімге, адам капиталына құйылған инвестициялардың, қайтарымы болатынын дәлелдеген тағы да бір атаулы ғылыми жаңалықтардың бірі – эндогендік экономикалық өсім теориясы. Оның авторы Пол Ромер экономика саласы бойынша Нобель сыйлығының иегері атанды. Ғалымның айтуынша, интеллект пен жаңа технологияны ынталандыру экономиканы өсіріп қана қоймай, дағдарыс кезінде иммунитет рөлін де атқарады.

Қазақстанның осы уақытқа дейінгі білім саласына ІЖӨ-нің 2,98%-ын жұмсап келгенін ескеретін болсақ, оның 10 пайызға артуы үлкен серпіліс деп айтуға болады. Бұл көрсеткіш АҚШ-та – 4,99%, Ұлыбританияда – 5,54, Ре­сейде – 3,82% және жалпы Еуро­одақ­та 4,7 ­пайызды құрайды. Ең жоғар­ғы көрсеткіш Дания, Швеция, Ислан­дия сияқты Скандинав елдерінде тіркел­ген. Осы орайда Қазақстанның бұл көр­сеткішті қазіргіден 3,5 есеге арттыру ниеті – батыл шешім. Бұл өз кезегінде шетел­дік тәжірибені өзімізге енгізіп, білім мен ғылым салаларын одан әрі же­тіл­­дірудің алғышарты болып табылады. 

Исатай МИНУАРОВ, 

Тұңғыш Президент қоры жанын­дағы Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы

Бизнесті қысымнан қорғау – құптарлық іс

Қазақстан Республикасы­ның Президенті Нұрсұлтан ­На­зарбаевтың биылғы Жолдауы маған бірден сірескен ресми құжат емес, әрбір қарапайым адамды қуантқан жағымды хабар әрі шенеуніктерге берілген нақты тапсырмадай көрінді. 
Негізі, мемлекетті басқа­ру­дың шарты халықтың жағдайын жақсартуға қызмет ету екені белгілі. Осы тұрғыдан алғанда Қазақстан Президентінің биылғы Жолдауы нақ осы мақсатқа жұ­мылдырылғанымен маңызды.
Үкіметке 2019 жылдың 1 қаң­­­тарынан бастап ең төменгі жа­лақыны 1,5 есеге, яғни 28 мың теңгеден 42 мың теңгеге де­йін өсіру тапсырылды. Бұл 1 миллион 300 мың адамның ең­бек­­ақысын көбейту деген сөз. Бюджеттік мекемелерде жұ­­мыс істейтін 275 мың қыз­мет­кер­дің еңбекақысы орта есеппен 35 пайызға артпақшы. Бұл – ең­бекақы төлеу жүйе­сін­дегі үлкен секіріс. Ол үшін бюд­жеттен 96 мил­лиард тең­ге бөлінбекші. Мақсатқа жету жолында экономиканы дамытуға, бизнесті өркендетуге, жаңа жұмыс орындарын ашуға басымдық жасала­ды, «Биз­нес­тің жол картасы-2020» бағдарламасы 2025 жылға дейін ұзартылады. Бағдарламаға үш жыл бойы 30 миллиардтан теңге бөлу қарастырылған. Осы­­ның нәтижесінде 22 мың жаңа жұмыс орны ашылып, 224 милли­ард теңге салық бюджетке түспекші.
Н.Назарбаевтың бизнесті заңсыз әкімшілік қысымнан және қылмыстық қудалау қау­пінен қорғауды арттыра түсу керек дегені – әбден құптар­лық іс. Кәсіпкер жан-жағы­на жалтақтамай, сандаған тек­се­рушіге уақытын құртпай, заң­ды салығын төлеп қойып, өнді­ріспен емін-еркін айналысса, жұмыс алға жылжиды.
Қолайсыз жаһандық эконо­микалық жағдайға қарамастан, Қазақстан экономикасы үнемі ілгерілеп келеді. Ал негізгі эко­номикалық көрсеткіштер тұ­рақты дамуды байқатады.
Жолдауда білім, ғылым, ден­­саулық сақтау салаларын дамытуға ерекше көңіл бөлініпті, «Ұлт саулығы – мемлекеттің бас­­­ты басымдығы» делінген. Са­­­ла­­­маттығы бекем адам – жа­сам­­паз істің локомотиві. Елеу­сіз­деу көрінгенімен, Мемлекет бас­шысының елді спорт ғи­ма­рат­тарын тиімді пайдаланып, дене шынықтырумен айналы­су­ға үндеуі, ол үшін аулаларды, саябақтарды жабдық­тау қажеттігі, жақын арада 100 дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салу тапсырмасы бүгін­гідей интернет заманында үлкен­нің де, кішінің де компьютерге не ұялы телефонға байланып қал­ған мез­­гілінде соғылған дабыл деп есеп­­­­тей­мін. Жолдауда айтыл­ған мақсат­тардың іске ­асуына тілектеспін.
Ал қоғамды сапалы әрі жүйелі дамыту ісі – мемлекеттік қызмет­керлердің, саяси партиялардың, кәсіпкерлердің, этномәдени бір­лестіктер өкілдерінің, үкімет­тік емес сектордың, кәсіп­одақ ұйым­­­­да­ры және діни бір­лес­тік­тердің, бар­лық адамдар­дың қа­тысуымен жүзеге асатын ұжымдық жұмыс.

Эльдар ТАДЖИБАЕВ, 
Қырғызстан Тау-кен металлур­гия кәсіподақтары орталық комитетінің төрағасы, Әлеу­­меттік еңбектік мәмілелерді зерттеу орталығының директоры, философия ғылымдары­ның кандидаты

Инфографиканы жасаған Амангелді ҚИЯС, «Егемен Қазақстан»