– Симпозиумға Қазақстан мен Түркия, Қытай, Иран, Әзербайжан, Ресей, Өзбекстан елдерінен келген белгілі суретшілер қатысты, – дейді жоба авторы, Мәдениет қайраткері Камила Жапалова. – Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде дөңгелек үстел басына жиналған қонақтар бейнелеу өнерінің бүгінгі ахуалы жайлы ойларымен бөлісіп, жас суретшілермен кездесті. Отыздан астам суретші университет студенттеріне шеберлік сыныптарын өткізді, бұл жас дарындардың шыңдалуларына септігін тигізері анық.
Суретшілер кездесуінде Атырау қаласы әкімінің орынбасары Полымбет Хасанов «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында аймақта қолға алынып жатқан жобалар туралы баяндады. Мәдени серіктестікті дамытуға бағытталған осындай шаралар жүйелі түрде ұйымдастырылатынын айтты. Қазақстан және Қырғызстан Республикаларының еңбек сіңірген қайраткері Илья Жақанов тек композитор ғана емес, суретші ретінде де белгілі. Симпозиум жұмысына белсенді қатысқан өнер қайраткері жалпы өңірде мәдениетті дамытуға айрықша көңіл бөлініп жатқанын атап өтті. Шара аясында Атырау қалалық әкімдігі мен халықаралық «ТҮРКСОЙ» ұйымы және Кипр қазіргі заманғы музейі арасында ынтымақтастық меморандумына қол қойылды.
Кипр Таяу Шығыс университетінің деканы, дизайнер Ердал Айгенч: «Келер жылдың көктемінде осындай симпозиумды Кипрде өткіземіз. Қазақстандық суретшілермен бірге жаңа жобаларды қолға алмақ ниеттеміз», дейді. Атырауда жоғары дәрежеде өткен ауқымды шара енді басқа елдерде жалғасын табады.
Бақытгүл БАБАШ,
«Егемен Қазақстан»
АТЫРАУ