Хоккей • 17 Қазан, 2018

«Барыс» «Автомобилисті» ұтты

353 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Құрлықтық хоккей лигасында (ҚХЛ) күш сынасып жүрген Астананың «Барысы» кезекті тур ойынын Екатеринбургте өткізіп, жергілікті «Автомобилисті» 2:1 есебімен ұтты.

«Барыс» «Автомобилисті» ұтты

Бұл жеңістің біздер үшін жөні бөлек. Олай деуге негіз, қазіргі кезде «Автомобилистің» қарқыны өте күшті. ҚХЛ-дың биылғы маусымында олар 18 рет мұз айдынына шығып, барлық бәсекеде басымдық танытты. Яғни, қатарынан 18 жеңіс! Айтулы команданың ойыншылары 66 рет нысананы дәл көздеп, өз қақпаларына небары 24 шайба жіберіп алды. Соның нәтижесінде 36 ұпайды қоржынға салған екатеринбургтік клуб жарыс кестесінде жеке-дара көш бастап тұр.  

Міне, осындай азулы командамен күш сынасқан жерлестеріміз өте керемет ойын өрнегін көрсетті. Сауатты тактика қолданып, әр ойыншы өзіне жүктелген міндетті асқан жауапкершілікпен атқарғанның арқасында «Барыс» адуынды «Автомобилисті» сүріндірді. Матчтың 15 және 26 минуттарында канадалық легионер Патрис Кормье соққан қос голға айдын иелері бір ғана шайбамен жауап қайтара алды. Біздің қақпағы соғылған жалғыз голдың авторы кезінде «Барыстың» намысын қорғап, бұл күндері «Автомобилистің» сапында өнер көрсетіп жүрген Найджел Доус екенін де айта кетуге тиіспіз.

Осы жеңісінен кейін астаналық клуб ҚХЛ-дың тұрақты біріншілігінің жарыс кестесінде 10 орынға көтерілді. 16 кездесуден кейін «Барыс» 22 ұпайды иеленіп отыр.   

Ғалым СҮЛЕЙМЕН,

«Егемен Қазақстан»