Қазақстан • 17 Қазан, 2018

Kazakhstan Fashion Week сән апталығы басталды

771 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Алматыда Kazakhstan Fashion Week 25-ші сән апталығы есігін ашты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Kazakhstan Fashion Week сән апталығы басталды

Республика сарайында өтіп жатқан үшкүндік шарада Қазақстанның 17 дизайнерінің, сондай-ақ Өзбекстан мен Тәжікстан сәнгерлерінің киім үлгілері көрсетілетін болады. KFW шымылдығын тележүргізуші, дизайнер Динара Сәтжан ашты. «Қазақстанда сән саласы дамып жатқанына өте қуаныштымын. Бәсекенің арқасында даму болатыны рас. Біздің елде стилистер, косметологтар, дизайнерлер мен визажистердің қатары өсіп келеді. Бәсеке сапа тудырады. Марафонда секілді мұнда адамдар өте көп. Олардың қайсысы мәре сызығына жететінін уақыт көрсетеді. Мен fashion-бизнеспен айналыса бастағаныма 8 жыл өтіпті. Қазір байқасаңыздар, отандық дизайнерлердің киімін кию сәнге айналды», - деді Динара Сәтжан.

Дизайнер былтыр КСРО халық әртісі Роза Бағланованың туғанына 95 жыл толуына орай алғашқы коллекциясын таныстырған болатын.

Ал биылғы топтамасының идеясы «Тақиялы періште» фильмінен бастау алып отыр. Осыған орай модельдердің барлығы тақия киіп шықты.

Подиумдағы шеруге Марат Бисенғалиевтің дирижерлігімен Алматы симфониялық оркестрі музыкалық сүйемелдеу жасады. Келесі дизайнер Тоқтар Сейілбеков (Tosi) әйелдерге арналған pret-a-porter коллециясын көрсетті. Ал Тамара Ламанукаева кең жеңді, жакет смокингтерін, кешкі жиын киімдерін көрсетті.

Алғашқы күнді дизайнерлер Ерлан Жолдасбек, Arunaz Design мен Алексей Чжен қорытындылады.

KFW 25 маусым ішінде көкжиегін айтарлықтай кеңейтті. Биыл көрсетілімдер Шымкент (26, 27 қазан), Ақтөбе (6, 7 қараша) және Астана (21-23 қараша) қалаларында өтеді.