Қоғам • 18 Қазан, 2018

Зымыран құлаған аумақ бақылауда

952 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Жақында «Байқоңыр» ғарыш айлағынан «Союз-ФГ» зымыран тасығышы «Союз МС-10» ғарыш кемесін орбитаға алып шығар кезде апатқа ұшыраған бола­тын. «Роскосмостың» мәлі­метінше, құрамында ресейлік ғарышкер Алексей Овчинин мен америкалық астронавт Ник Хейг болған экипаж «Союз МС-10» кемесімен 11 қазан күні «Байқоңыр» ғарыш айлағынан көтеріле бергенде, штаттан тыс жағдай орын алған. Зымыран тасығыш пен әуе кемесі бірнеше бөлікке бөлініп, Қарағанды облысының аумағына құлады. Сәтін салғанда, экипаж дін аман. Ғарышкерлер орналасқан бөлік кемеден дер уақытында ажыратылып, капсула Жезқазғанға жақын маңға келіп түскен. Қазіргі уақытта зымыранның бөлшектерін жинау және оларды құлау ауданынан шығару бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Зымыран құлаған аумақ бақылауда

Бұл оқиғаға еліміздің тұр­ғын­дары алаңдаушылық білдіріп, апаттың себебіне, одан келетін шығын мен зиянға қатыс­ты көптеген сауал туындап отыр­ғаны белгілі. Осыған орай Қор­ғаныс және аэроғарыш өнер­кәсібі министрі Бейбіт Атамқұловпен егжей-тег­жей­лі сұхбатты назарларыңызға ұсынып отырмыз. 

– Өздеріңізге мәлім, қазан­ның 11-і күні «Союз-ФГ» зымы­ран­тасығышын «Союз МС-10» ғарыш кемесімен ұшыру кезінде, ұшудың 122 секундында штаттан тыс жағдай орын алды. Сәтін салғанда, авариялық жүйе ақау­сыз жұмыс істеп, ғарышкерлер капсуласы, өздеріңіз білетін­дей Жезқазған қаласынан 25 шақырым жерге қонды.

Оқиғадан соң Қазақстан мен Ресей үкіметтерінің арасындағы «Байқоңыр» ғарыш айлағынан зымырандарды жіберу кезінде авариялар болған жағдайдағы өзара іс-қимыл тәртібі туралы келісімге сәйкес, авария салдарын бағалау және жою жөніндегі үкіметтік комиссиялар құрыл­ды. Комиссияларды Қазақстан тарапынан Ішкі істер министрлігі, Ресей тарапынан – «Роскосмос» мемкорпорациясы басқарады.

Сондықтан шығын туралы тек екі елдің үкіметтік комис­сия­ларының бірлескен жұмысының қоры­тындысы бойынша ғана айтуға болады.

Қазақстандық үкіметтік ко­мис­­сия­сының құра­мында 10 ми­­ни­стр­­ліктің және Қарағанды об­лысы әкімдігінің өкілдері жұмыс істеп жатыр. Жұмысшы органы – ІІМ-нің Төтенше жағдайлар комитеті.

Бүгінгі күні зымыранның бар­лық бөлшектері табылды. Зымыран бөліктері тұрғын­дары жоқ аудан­­­дарда құлаған, оқиғадан зардап шегушілер болған жоқ.

Атап айтар болсақ, «Союз-ФГ» зымыран тасығы­шы­­­ның бірінші сатысы (төрт бүйірлік блок) штатты құлау ауданына – Жезқазған қаласынан оңтүстік батысқа қарай Қарағанды облысының Ұлытау ауда­ны аумағына құлады. Екінші саты, зымыранның басқы бөлігі және ғарыш кемесінің тұрмыстық бөлігі Талап ауы­лынан 16 шақырым және Жезқазған қаласынан 28 шақырым қашықтыққа құлады. Үшінші саты және ғарыш кемесінің аспаптық-агрегаттық бөлігі Талап ­ауылынан 19 шақырым және Жезқазған қаласынан 35 шақырым қашықтықта құлады.

– Зымыран апаттарының қор­шаған ортаға зияны туралы экологтар талайдан айтып, дабыл қағып келеді. Жұртшылықты ең алдымен алаңдататыны да осы. Бұл жолғы оқиғадан келе­тін экологиялық шығын туралы не айтар едіңіз?

– Зымыран бөліктері құлаған жерлердегі экологиялық жағдайды бақылау үшін оқиғаның алғашқы күнінен бастап Қорғаныс және аэро­ғарыш министрлігі Аэроғарыш ко­митетінің «Ғарыш-Экология» ғылыми-зерттеу орталығы» РМК эко­ло­гиялық тобы жұмыс жасап жатыр.

Бұл орталықтың экологтары ресейлік «ЦЭНКИ» ФМБК және «ВПК «НПО машиностроения» АҚ кәсіпорындарының мамандарымен бірге зымыран ұшырудан бір күн бұрын штаттық ұшырулар кезінде тексеру жүргізуге дайын болған. Апат болған кезден бастап қазақстандық экологтар оқиға орнында қажетті жұмыстарды жүргізіп жатыр.

Қазіргі күні аталған аумақта ра­диациялық бақылау жүргізілді және радиациялық фон қалыпты екені анықталды. Талдау жасау үшін топырақ пен ауа үлгілерін алу жұмыстары аяқталды. Үлгілер Жез­қазған қаласы зертханасына химиялық-талдау зерттеуіне жолданды. Қазіргі кезде талдау нәтижелерін күтіп отырмыз.

– Экологиялық шығынның көлеміне қатыс­­­ты алдын ала болжамдар бар ма? Шығын келті­ріл­­гені анықталған жағдайда оның өтеуі бола ма?

– Жоғарыда айтып өткендей, шығын қа­зақстан­­дық және ресейлік үкіметтік комиссиялар жұмысының шеңберінде жүргізіліп жатқан эколо­гиялық тексеру қорытындысынан кейін нақтыланады. Шығынды есептеуді экологиялық топ қорытын­дылары негізінде қоршаған ортаны қорғау саласының уәкілетті органы – Энергетика министрлігі жүргізеді. Экологиялық шығын анықталған жағдайда оны Ресей тарабы өтейді.

– Апат салдарын жою бойынша қандай шаралар жасалып жатыр?

– Қазіргі уақытта зымыранның бөлшектерін жинау және оларды құлау ауданынан шығару жұмыстары жүргізілуде. Алынған қоршаған орта нысандары үлгілерінің талдау қорытындысы бойынша үкіметтік комиссиялар апат салдарын жою жұмыстарының көлемі мен мерзімін анықтайтын болады. Бұл іс-шара­ларды іске асыру Ресей қаражаты есебінен жүргізіледі.

– Әдетте мұндай оқиғалардан кейін зымы­рандардың ұшырылуы тоқтатылатынын біле­міз. Бұл жолы қалай болады?

– Иә, келісімге сай апат болған жағдайда Ресей оның себептерiн анықтағанға дейiн дәл осындай зымыран түрлерiн ұшыру тоқтатылады. Ұшыруды әрі қарай жалғастыру апат себебі анықталып, осы үлгiдегi зымырандарды бұдан әрі ұшыру қауiпсiздiгi қамтамасыз етілгенде ғана Қазақстанның келiсiмi бойынша басталуға тиіс. Осы жылдың соңына дейін «Союз» зымыран тасығышының үш ұшырылымы жоспарланған. Әзірше олардың нақты мерзімдері туралы айтуға ертерек.

– Апаттың нақты неден болғаны анық­талды ма?

– Әзірше нақты себептері ресми айтылған жоқ, бірнеше нұсқасы қарастырылуда. «Роскосмос» арнайы құрған комиссия себептерін анықтап жатыр. Қазір телеметрияның деректерін анықтау жұ­­мыс­тары жүргізілуде. Алдын ала мәлімет­тер бойынша апат зымыран тасығыштың бірінші сатысының төрт блогының біреуінің екінші ­сатыдан штаттан тыс бөлінуінен болған. Зымыранның барлық қажетті элементтері Самара қаласына жөнелтілді.

– Тексеру қорытындылары шамамен қашан белгілі болады деп ойлайсыз?

– Қазіргі күні зымыранның қажетті бөлшектері дайындаушы зауытқа жіберілді, сонымен қатар Ресей зымыран дайындау бойынша құжаттама мен телеметриялық деректерді зерттеп жатыр. Менің ойымша, зерттеулер нәтижелері 2-3 аптадан соң белгілі болып қалуға тиіс.

– Осындай штаттан тыс жағдай болған кезде министрлік тарапынан жа­салатын іс-қимылдың арнайы тәр­тібі немесе бағдарламасы бар ма?

– Әрине екі елдің үкіметтері арасындағы іс-қимыл тәртібіне сай әрекет етеміз. Бұл тұрғыда ми­нистр­ліктің Аэроғарыш комите­тінің ма­мандан­дырылған кәсіпорны – «Ғарыш-Экология» ҒЗО» РМК үлкен рөл атқарып келеді.

Сонымен бірге ұшырылым болардан 5 тәулік бұрын Ресей тарабы ол туралы бізге хабарлайтынын және біздің тиісті қызметтер мен бөлімшелер жоғары деңгейдегі әзірлікке көшірілетінін атап өткім келеді. Қазақстанның күштері мен қызметтері қажет болған жағдайда кез келген уақытта Ресей Федерациясына көмек көрсетуге әзір болды.

Бұл жолы Ресей тарабы қажеттілік болмаған­дық­тан Қазақстан құтқару қызметінің көмегінен бас тартты. Ғарышкерлер орналасқан аппараттың қонған жеріне Жезқазған, Байқоңыр және Қарағанды аэродромдарынан экипаж мүшелерін іздеу үшін Ан-12 ұшағымен және МИ-12 тікұшағымен арнайы құтқару тобы жолданды. 

– Шығын жоқ десек те, зымыран тасығыштың екінші сатысы Талап кентіне тым жақын құлады. Тұрғындар денсаулығына, сол жердің табиғатына еш салдарын тигізбейді деп айта аламыз ба? Оны зерттеп, анықтау жұмыстары жүргізіле ме?

– Иә, шынымен екінші саты бөлінген құлау ауданының аумағына, Талап кентінен 16 шақырым және Жезқазған қаласынан 28 шақырым қашықтыққа құлады. Бұл жерде 12 қазан күні экологиялық тексеру жүргізіліп, қоршаған орта нысан­дарының үлгілері алынды.

Сонымен қатар 11 қазанда зымыран тасығыш ұшырылымынан кейін Жезқазған қаласының және Талап кентінің тіршілік ету ортасының жағдайы тексерілді. Тексеру қоры­тындысы бойынша ластану дерегі анықталған жоқ. Зымыран бөлшектері құлаған жерлердегі қоршаған ортаның жағдайын бақылау жұмыстары әлі де жалғасуда.

– Зымыран тасығыштың отыны ше, ол сол маңға төгілген шығар? Халықтың денсаулығы мен қоршаған ортаға оның зияны тимей ме?

– «Союз» зымыран тасығыш­тарының отыны керосин мен сұйық оттегіден тұрады. Өзіңізге мәлім, оттегі – қалыпты жағдайларда атмосфералық ауаның құрамдас бөлігі. Керосин болса уыттылығы 4 санатты, қауіптілігі аз отын. Мұнай өнімдеріне тән қасиетке сәйкес, жанған керосиннің уытты әсері әлсіз. Жалпы, оқыс жағдай кезінде, яғни ұшудың 122 секундында ондағы керосиннің қалдығы 22 тонна болған. 

– Осы жолы ғана емес, жалпы, осыған ұқсас оқиғалар болған кезде қоғам тарапынан «Байқоңыр» ғарыш айлағының жұмысын тоқтату керек деген пікірлер айтылатыны жасырын емес. Осы мәселеге қатысты не айтар едіңіз?

– Бұған қатысты айтар болсақ, мәселенің маңызын кеңінен ойлауы­мыз керек. Ғарыштық ұшырулар – біздің еліміз бірте-бірте қосылып келе жатқан өте маңызды қызмет саласы. 

Қазіргі уақытта технологиялық тұрғыдан дамыған озық елдердің арасында ғарыштық технологиялар бойынша үлкен бәсеке жүріп жатыр. Әлем енді 10-15 жылдан кейін бұл салада кімнің мерейі үстем болатынын, ғарышты кім бақылайтынын анықтау үстінде. Мемлекеттердің әлеуметтік-экономикалық әл-ауқатының да қандай болмағы көбінесе ғарыштық технологиялардың даму деңгейіне байланысты болатыны қазірдің өзінде белгілі.

Сондықтан еліміздің тұтас ғарыш бағдарла­­­­масының бөлігі болып табылатын «Байқоңырдағы» ғарыш бағдарламасынан бас тартуға болмайды. Ғарыш бағдарламасын іске асыру әсіресе бүгінгідей жаппай цифр­ландыру дәуірінде мемлекеттің технологиялық даму деңгейін арттырудың бірден бір мүмкіндігі десек те болады.

– Жұрт арасында «зымыран ұшқан сайын ауа райы өзгереді» деген сөз бар. Бұл туралы не айтар едіңіз? Байқоңырдан зымыран ұшуы, соның ішінде осындай апаттар метеожағдайға әсер ете ме? 

– Бұл мәселе туралы бұдан бұрын бірнеше рет айтқанбыз. Зымыран ұшулары ауа райына әсер етпейді. Мұны қазақстандық және ресейлік ғалымдар «Қазгидромет» РМК мен бірлесе зерттеп, «Байқоңыр» ға­рыш айлағынан ұшырылатын бар­лық ұшырулар Қазақстанның ме­тео­жағдайына әсер етпейтінін дәлел­деген.

– Осы апаттан соң Ресей «Про­тон» зымыран тасығышын қайта ұшыруды жоспарламай ма?

– Бұл ең алдымен Ресей тарабына қойылатын сұрақ. Әрбір зымыранның жүк көтергіштігі бо­йын­ша өз сипаттамалары бар, ұшыру жоспарлары және келісімшарттар соны ескере отырып қалыптастырылған деп айта аламын.

– Жалпы, осы зымыран тасығышқа жанармай құю барысына біздің тарап қатыса ма?

– Әрине қатысады. «Байқоңыр» ғарыш айла­ғы­нан ұшырылатын барлық зымырандарды жөнелт­­кен кезде экологиялық жағын қарауға біздің ­«Ға­рыш-Экология» мекемесі атсалысады. Соның ішінде зымыран тасығышқа жанармай құю барысын да бақылайды.

– Бүгінге дейін Байқоңырдан ресейлік зымырандарды ұшыру кезінде қанша апат болды?

 – «Байқоңыр» ғарыш айлағын жалға беру кезеңінде, 1994 жылдан бері 8 авария болды, оның 2-еуі «Союз», 1-еуі «Зенит», 4-еуі «Про­тон» және 1-еуі «Днепр» зымыран тасығышы.

– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен Қамбар АХМЕТ,

«Егемен Қазақстан»