Саясат • 18 Қазан, 2018

Елбасы тапсырмаларын орындаудың нақты қадамы

410 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен палатаның жалпы отырысында «2018-2020 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы талқыланып, ол депутаттар тарапынан бірауыздан мақұлданды.  

Елбасы тапсырмаларын орындаудың нақты қадамы

Заң жобасы жөнінде бірінші кезекте баяндама жасаған Ұлттық экономика министрі Т.Сүлей­­менов «2017 жыл­ға арналған но­­ми­­налды ішкі жал­пы өнім іс жү­­зін­де 53,1 трлн теңге көле­­мін­де қа­лып­тасты», деді. Министр сон­­дай-ақ 2017 жыл­ғы нақ­тылан­ған б­аза­ны еске­ре отырып, 2018 жы­лы но­минал­ды ішкі жалпы өнім 58,2 трлн теңге көлемінде бол­­­жа­­нып отырғанын атап өтті. Бұл сәуір айындағы нақтыланған көр­­сет­­­кіштен 1,0 трлн теңгеге жоғары. 

Бұдан бөлек, Т.Сүлейменов нақты ішкі жалпы өнім өсімі 3,8% деңгейінде, негізгі салалардың өсу қарқыны бұрын­ғы деңгейде сақталатынын, инфля­ция бекітіл­ген 5,0-7,0% деңгейінде күті­летінін, 2018 жылға арналған кірістер (трансферттерді есептемегенде) 5 718,2 трлн теңге бекі­тілген жоспар деңгейінде сақ­талатынын, Шымкент қаласына рес­публикалық маңызы бар қала мәр­тебесі берілуіне байланысты 2018 жылға арналған респуб­ликалық бюджетке Түркі­стан облысының бюджетінен одан әрі Шымкент қаласының бюд­жеті­не аудару үшін 15,1 млрд теңге көле­мінде трансферттердің түсуі көзделіп отырғанын, респуб­ликалық бюджеттің шығыс­тары бұрын бекітілген көлем­ге қарағанда 12,6 млрд тең­геге ұл­ғаю­мен, 9 655,6 трлн тең­ге көлемінде болжанатынын, бюджет тапшылығы бұрын бекі­тіл­ген 883,3 млрд теңге мөлшерінде сақ­талатынын баяндады. Сондай-ақ ол Ұлттық қорға мұнай секторынан түсе­тін түсімдер 3 121,4 трлн теңгені құрай­тынын мәлімдеді.

Заң жобасы бойынша кезекті баяндаманы Қаржы министрі Ә.Смайылов жасады. Ол бірінші кезекте бұл қаралып отырған заң жобасы Шымкент қаласы мен Түркістан облысының әкім­шілік мәртебелерін өзгерту туралы Мемлекет басшысының Жарлығын іске асыру мақсатында әзірленгенін айтты.

Осыған байланысты заң жобасында облыстан респуб­ликалық бюджетке кері трансферт аудару және оларды трансферттермен Шымкент қаласына қайта жіберу жолымен облыстың суб­вен­циялар көлемін бөлу көз­деледі. Осы орайда министр: «Тиісінше, республикалық бюджет параметрлері аталған бөлуді ескере отырып қана өзгереді. Түсімдер 8 772,3 млрд теңгені құрайды, ол бұрын нақтыланған жоспардан 12,6 млрд теңгеге жоғары. Шығыстар да 12,6 млрд теңгеге ұлғая отырып, 9 655,6 млрд теңгені құрады», деді.

Баяндамада айтылып өткен­дей, бюд­жеттің шығыс бөлігінің ішкі өзгеріс­тері үш бағыт бойынша жүзеге асырылған. Атап айтар болсақ, біріншіден, Шымкент қаласы мен Түркістан облысының әкім­шілік мәртебелерін өзгерту туралы Елбасы тапсырмаларын іске асыру, оған қосымша 29,7 млрд теңге бағыттау ұсынылады.

Екіншіден, 83,9 млрд теңге со­­ма­сында қосымша қаржы­лан­дыруы бар Мемлекет басшы­сы­­ның жыл сайынғы жолдауларын­да берілген тапсырмалар­ды іске асыру көзделеді. Атал­ған қара­жат шеңберінде агроөнер­кәсіп­тік кешен әлеуетін іске асы­ру мақ­сатын­да 18,8 млрд теңге, оның ішін­­де кейіннен ауыл шаруа­шы­­­лығы техникалары мен жаб­дық­­тарын сатып алуды кредит­теу үшін «ҚазАгро» ұлт­тық бас­қару холдингі» акцио­нерлік қоға­мы­ның жар­ғы­лық капиталын ұл­ғайтуға 15 млрд теңге бағыттау, сапалы және қолжетім­ді тұрғын үй ұсыну шеңберінде салым­шыларға алдын ала және аралық тұрғын үй қарыздарын беру үшін «Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-ты бюджеттік кре­диттеуге 15,0 млрд теңге жұм­сау ұсынылады.

Үшіншіден, нақтыланған бюд­жет жобасында «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарлама­сы шеңберінде инвестициялық жоба­­ларды іске асыру үшін бері­­летін екінші деңгейдегі банк­­тер­­дің кредиттері бойынша сый­ақы мөлшерлемесі бөлігінде субси­дия­лау түрінде мемлекеттік қол­дау көрсетуге 5,6 млрд теңге көз­деліп отыр.

Аталған құжат жөніндегі үшін­ші баяндаманы жасаған Ұлттық банк төрағасы Д.Ақышев 2018-2020 жыл­дарға арнал­ған республикалық бюджет­тегі өз­ге­рістердің параметрлері Ұлт­тық банктің келісімі бойынша осы жылғы жеке макроэкономика­лық көрсет­кіштерді қайта қарау­ға негізделгенін жеткізді. Оның айтуынша, болашақта инфля­ция­ның өсуіне жол бермеу үшін Ұлттық банк 15 қазан­да базалық ставканы 9%-дан 9,25%-ға дейін көтеру туралы шешім қабылдаған. Базалық став­ка­ның жаңа деңгейі теңге ак­тив­теріне сұранысты арттырады және қолайлы ақша-кредит жағ­дай­ларын сақтауға мүмкіндік береді.

Баяндамада айтылып өткен­дей, жылдың басынан бастап 16 қазанға дейін валюта нарығында теңге бағамы 10,4%-ға әлсіреген. Теңгенің әлсіреуі сыртқы фактор­ларға байланысты болған. 

Сонымен аталған заң жобасы депутаттар тарапынан бірауыз­дан мақұлданды.

Отырыс барысында Мәжі­ліс Төраға­сы 2018 жылғы рес­публи­калық бюджетке түзету­лер бойынша заң жобасының маңыздылығын айта келіп: «Осы түзе­ту­лер – Елбасымыздың төр­тінші сессия­ның ашылуын­да және биылғы Жолдауда бер­ген тапсырмаларды қаржылан­дыруға алғашқы нақты қадам жа­сауға мүмкіндік береді. Сон­дықтан енді жыл соңына дейін, Үкі­меттің, жергілікті орган­дар­дың осы қаржыларды тиімді пайдалануы өте маңызды болып табылады», деді. Соны­мен қатар Н.Нығматулин тек осы жылға «Бизнестің жол карта­сы» бағдарламасы бойынша кәсіп­кер­лікті қолдау үшін 5,6 млрд, агроөнеркәсіпті дамытуға 19 млрд және халықты қол­жетім­ді әрі сапалы тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін 15 млрд теңге қаржы бөлінгеніне тоқ­талды. Сондай-ақ жалпы Елбасы тапсырмаларын жүзеге асыру және Жолдауда айтылған мақ­саттар үшін тек осы жыл бо­йынша 84 млрд теңге қар­жы қарас­тырылғанын және жаңа Түркістан облысы мен мемле­кет­тік маңызды Шымкент қала­сын нығайтуға 30 млрд теңге бөлінгенін айтты.

Отырыс соңында Мәжіліс Төр­ағасы 2018 жылдың 18-27 қазан аралығында депутат­­тар­дың халықпен кездесу үшін аймақ­тарға баратынын айтты.

Жолдыбай БАЗАР,

«Егемен Қазақстан»