18 Қазан, 2018

Батыс пен Шығыс өзара ықпалдастыққа ұмтылады

701 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Бүгінгі жаһандық әлемде Батыс пен Шығыс, Еуропа мен Азия бұрынғыға қарағанда бір-біріне жақындай түсті. Цифрлы технологиялар және коммуникация екі құрлық арасындағы шартты географиялық шекараны жойып, екі тараптағы мемлекеттер үшін үлкен технологиялық серпіліс жасауға, арадағы алшақтықты қысқартуға және әлемдік экономикаға интеграциялануға мүмкіндік берді.

Батыс пен Шығыс өзара ықпалдастыққа ұмтылады

Қысқартылғанда АСЕМ деп аталатын «Азия – Еуропа» фо­румының атына заты сай деп айтса болады. Бұл бірегей диалог алаңы қазіргі таңда 53 әріптес елдің – 30 еуропа­лық мемлекет пен 21 азиялық мем­­лекеттің, Еуропалық одақ пен АСЕАН-ның басын қо­сып отыр. Жалпы алғанда, олар әлем халқының 60%-ын, жаһан­дық экономиканың 65%-ын, әлемдік сауданың 55%-ын және дүниежүзілік туризмнің 75%-ын құрайды. 

Қазақстан АСЕМ-ге то­лық­қанды мүше болу үшін шақы­рыл­ған 2014 жылғыдай, осы жолы, 18-19 қазанда Брюссельде бола­тын саммитке еліміздің Пре­зи­денті Нұрсұлтан Назарбаев қатысады.

АСЕМ философиясы Мем­лекет басшысының еура­зиялық интеграция туралы басым­дық­тарымен, Азиядағы сенім шаралары бойынша кеңесті шақыру, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезін құру және БҰҰ, ИЫҰ, ШЫҰ, ЕҚЫҰ-да айтылған бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайту туралы аса маңызды басқа да ұсыныс­тарымен үндес. 

Елбасы Брюссель саммитінің бірінші пленарлы сессиясында сөз сөйлейді. Пленарлы сес­сия­ның тақырыбы аса назар ауда­рар­лық, «Еуропа және Азия: жаһан­дық әріптестер жаһандық сын-тегеуріндер үшін» деп ата­лады. Іс-шараның күн тәр­ті­бінде сауда және инвес­ти­ция­дан бастап, өзара қарым-қаты­нас, орнықты даму және кли­маттың өзгеруіне дейінгі, сондай-ақ терроризмге қар­сы күрес және заңсыз миг­рация­дан бастап, теңіздегі қыл­мыс және киберқылмысқа дейін­гі көптеген өзекті мәселелер қамтылған. 

Сонымен қатар форум аясында Мемлекет басшысының Еуропалық комиссияның прези­денті Жан-Клод Юнкермен және АСЕМ мемлекеттері мен үкі­меттерінің басшыларымен кездесуі жоспарланған.

АСЕМ 12-ші саммитінің қар­са­ңында қазақстандық парламен­тарийлердің қатысуымен АСЕМ парламенттік әріптестігінің 10-шы кездесуі өтті. Саммит күні біздің делегаттардың қаты­суы­мен АСЕМ Бизнес-фору­мы және Экономикалық фору­мы ұйым­дастырылады. 18 қазан­нан бастап айдың соңына дейін Брюссельде Еуропа және Азияның әртістері өнер көрсететін ауқымды мәде­ни фестиваль өткізіледі. Мәде­ни бағдарламаның шеңберінде Брюссельдегі Көркем өнер сарайы «BOZAR» сахнасында Қазақ­станның еңбек сіңірген әр­тісі Ерлан Рысқали өнер көр­се­те­тінін атап өту ерекше қуанышты. 

Қазіргі саммиттің және ілес­­пелі іс-шаралардың ұйым­дас­­тырушысы – Еуропалық одақ және оның институттары. Қазақ­стан елшілігі Мемлекет бас­шысының бағдарлама­сын жасауда еуропалық тараппен жемісті жұмыс жасау­да. Еуро­палық өкілдермен күн­де­лік­ті қатынаста олардың Қазақстанға және Прези­денті­мізге құрметі, Қазақстан-Еуропа әріптестігі­нің кемелдігі мен тереңдігі байқалады.

2018 жылғы 2 ақпанда Қазақ­стан мен Еуроодақ арасын­да орнатылған дип­ломатиялық қатынас­тарға 25 жыл толды. Қазақ­стан мен ЕО арасындағы тиімді өзара іс-қимылдарға екіжақты ынтымақтастық құрылымдары – бірлескен кеңестер, комитеттер, кіші комитеттердің берік архитектурасы негіз қалады. Қазіргі таңда Еуропалық одақ Қазақстанның ең ірі сауда әріптесі және негізгі инвесторы екенін атап өткен жөн. 

Алдағы айларда 2015 жыл­ғы 21 желтоқсанда қол қо­йыл­ған Қазақстан мен Еуро­одақ арасындағы Кеңейтіл­ген әріптес­тік және ынтымақтас­тық тура­лы келісім күшіне енуі тиіс. Ол өзара әрекеттестік­тің жаңа сапа­лы деңгейін қам­тып, саяси диалог­тың, сауда-экономика­лық және инвестициялық ын­ты­мақтас­тықтың тереңдеуі­не, Қазақ­стан және Еуропа одағы ел­дері аза­­­маттарының арасында бай­­ланыс­тардың артуына ба­ғытталған. 

Мемлекет басшысының биыл­­ғы 5 қазандағы «Қазақстан­дық­­тардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арт­тыру» атты Жолдауында, сон­дай-ақ «Қазақстанның үшін­ші жаңғыруы», «Төртінші өнер­кәсіптік революция жағ­да­йын­­дағы дамудың жаңа мүм­кін­дік­тері» жолдауларында, «Бола­­шаққа бағдар: рухани жаң­­ғыру» бағдарламалық мақа­ла­­сын­да, «Қазақстан-2050 Стра­те­гия­сында», «100 нақты қадам» Ұлт жос­­парында көрсе­тіл­ген Қазақ­стан­ның стра­тегия­лық жос­пары толығымен жаңа Келі­сімнің мін­деттеріне сәйкес келеді.

Еуропалық одақ пен Орта­лық Азия арасындағы ай­мақ­аралық ықпалдастықты Қазақ­стан толы­ғымен қолдайды. Қазіргі таңда Еуропалық одақ Орталық Азияға қатысты өзінің жаңа Стра­те­гиясын жасауда. Бұл бағдар­ла­малық құжат біздің аймақ­тары­мыздың арасында ын­ты­мақтастықтың берік әрі же­місті негізін қалауға бағытталған.

Брюссельге сапары аясын­да Мемлекет басшысы Бельгия Королі Филиппен елдер­і­міз ара­сындағы екіжақты ынтымақ­тастықтың келешегін талқылау үшін кездеседі. Президентіміз бен Король отбасын жылы дос­тық қатынастар байланысты­ра­тынын атап өткен жөн. Хан­зада кезінде Филипп үш рет Қазақ­станда болған: 2002 жылы – қысқа ғарыштық миссиядан оралған бельгиялық ғарышкер Франк де Виннді күтіп алу үшін, 2009 жылы – оны ХҒС бортын­да алты айлық ғарыштық сапарға аттандыру үшін келсе, 2010 жылы – 70 кәсіпорын мен ұйымнан құрылған бель­гия­лық экономикалық делегацияны басқарып келді.

Король Филипптің ар­қа­­сында қазір қазақстандық на­рық­та бель­гиялық капиталдың қаты­суы­мен шамамен 30 компания жұмыс жасайды. Солар­дың қатарында «Ahlers Bridge» (логистикалық қызметтер), «QWAY Energy Kazakhstan» (жаңғырмалы энергия көздері), «Agfa Health care» (госпитальдер үшін бағдар­лама­лық қамсыздандыру), «Manuchar» (логистика, дистрибьюторлық қызметтер), «Gosselin» (логис­тикалық қызметтер) секілді компанияларды атап өткім келеді. «CMI Energy» компания­ сы ЭКСПО-2017 халықаралық көр­месіне қатысты және қазір де елімізге «жасыл» энергетика саласында өте маңызды шешім­дерді ұсынуда. 

«AWEX» Валлонияның экспорт және шетелдік инвестициялар жөніндегі агенттігі мен «FIT» Фламанд сауда-инвестициялық агенттігінің басшылығы ұйым­дас­тыратын бельгиялық аймақ­тардың Қазақстанға жылдық экономикалық миссиялары дәс­түрге айналды. Келесі осындай бизнес миссияны 2019 жылғы ма­у­сымда күтеміз. 

Бельгия біздің еліміздің бе­рік және тиімді экономикалық әріп­тесі болатынына сенімдімін. Ол үшін нақты жұмыс жасау, келешегі бар салаларды және жауапты әріптестерді табу маңызды. Бұл істе елшілік Қазақстанның облыстарымен және «Kazakh Invest» секілді экономикалық ұйымдармен ықпалдастығына үлкен үміт артады. 

Білім беру саласында да үлкен келешек бар. Биыл бель­­гия­лық 5 универ­ситет әлем­­нің 500 үздік уни­вер­си­теті қата­рына кірді. Бель­гия­да уни­вер­си­тет­тер, ғылы­ми клас­терлер және технопарк­тер ара­сындағы ын­ты­мақтас­тық­­тың жақсы тәжі­рибесі бар. Назарбаев Уни­верситетте әлем­ге әйгілі 5 бель­­гиялық ғалым жұмыс іс­тей­­ді. Бұл жайт акаде­мия­лық ал­­масуға оңды негіз бола алады.

АСЕМ саммитіне оралсақ, бұл іс-шарада өзара байланыс – connectivity туралы көп айтылатын болады. Еуро­па­лықтар үшін өзара байланыс Еуропа мен Азияның көлік­тік қатынасынан бастап, энер­гетикалық жүйелерге дейін, адамдар арасындағы байланыс­тан бастап, сандық жүйелерге дейін сәтті ықпалдастығының басты шарты болып табылады.

Айгүл ҚҰСПАН, 

Қазақстан Республикасының  Бельгия Корольдігіндегі Төтенше және өкілетті елшісі

Соңғы жаңалықтар