Аймақтар • 18 Қазан, 2018

Қостанай облысында Кәмшат тұрған үйге ескерткіш тақта орнатылды

326 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Меңдіғара ауданындағы Харьков селосында атақты механизатор, Социалистік Еңбек Ері, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, қоғам қайраткері Кәмшат Дөненбаева тұрған үйге ескерткіш тақта ілінді. Оның салтанатты ашылуына аудан басшылары, Қазақстанның Еңбек Ері Сайран Бұқанов, Кәмшат Байғазықызымен бірге жұмыс істеген еңбек ардагерлері, ауылдастары, туыстары мен бала-шағасы қатысты.

Қостанай облысында Кәмшат тұрған үйге ескерткіш тақта орнатылды

«Кәмшат Байғақызының барлық ісі замандастарына, кейінгі ұрпаққа үлгі. Ол кісінің арқасында Харьков ауылын да, осы аттас шаруашылықты да бүкіл Кеңестер Одағы ғана емес, одан да тыс жерлер білді. Кәмшат апаның арамыздан кеткеніне бір жылдың жүзі болды, бірақ біз оны ешқашан да ұмытпаймыз. Оның атын мәңгі есте қалдыру үшін облыста да, ауданда да түрлі шаралар атқарылып жатыр» деді аудан әкімі Ерлан Теменов.

Осы шараны ұйымдастырған «Қарқын» шаруашылығының бұрынғы жетекшісі, Қазақстанның Еңбек Ері Сайран Бұқанов Кәмшат Байғазықызын ұлтымыздың, Қазақстанның мақтанышы деп бағалады.

– Кәмшат Байғақызы ер адамдар шыдай бермейтін жұмысты атқарды. Ерлермен бірдей жүріп жер жыртты, егін екті, астық жинады, мал ызығын дайындады. Жұмыстан депутаттық ісмен съездерге, жиналыстарға барғанда болмаса қалмайтын, жоспарын орындамай тыным болмайтын. Қырдағы жұмысының сытында үй-жайы, малы, бала-шаға қамы бар. Соның барлығына ол үлгеретін.Оның замандастарын таңқалдырған еңбекқорлығы бүгінгі, кейінгі ұрпаққа жетуі тиіс, – деді Сайран Бәлкенұлы.

Харьков ауылының орталығындағы саябаққа бұрынғы «Харьков» кеңшарында, қазіргі «Қарқын» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде еңбек еткен өмірден өткен майталман механизаторлар мен шаруаышықтың білікті мамандарға әрқайсысының аты жазылған мрамордан белгі тастар қойылған.

Ескерткіш тақтаның ашылу салтанатынан кейін ас беріліп, Кәмшат апаның әруағына құран бағышталды.

Нәзира ЖӘРІМБЕТ,

«Егемен Қазақстан»

Қостанай