Күрес • 18 Қазан, 2018

Балуандар Багам аралдарында белдесуде

445 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Атлантика мұхитында орналасқан Багам аралдарының Нассау қаласында дзюдодан жастар арасындағы әлем біріншілігі басталды. 79 мемлекеттен келген 500-ден аса балуан күш сынасып жатқан жарыста Қазақстан құрамасы да өнер көрсетуде.

Балуандар Багам аралдарында белдесуде

Кеше төрт салмақ дәрежесінің жүлделері сарапқа салынды. Ұлдар арасында 55 кило салмақта Дамир Болатбеков бақ сынады. Өкінішке қарай, ол бірінші кездесуде-ақ қырғызстандық Құбанышбек Айбекұлына жол берді. 60 кило салмақтағы Бауыржан Нарбаев алғашқы айналымдарда түркиялық Михрас Аққұс пен гонконгтық Мартин Лауды ұтқанымен, іле-шала жапониялық Генки Когаға есе жіберді. Жұбаныш бәсекесінде қандасымыз румыниялық Лучиан Думитресуді жеңгенімен, бразилиялық Ренан Торреске әлі жетпеді. Дәл осы салмақта белдескен тағы бір спортшымыз Арслан Есенгел екінші кездесуінде ұтылды.

Қыздар арасында 44 келі салмақ дәрежесінде Қазақстанның дзюдошылары күрескен жоқ. Есесіне 48 кило салмақта қос бірдей аруымыз боз кілемге шықты. Ғалия Тынбаева мен Ақмарал Науатбектің екеуі де Украинаның мақтанышы Дария Белодедтен ұтылды. 10 қазанда ғана 18 жасқа толған бұл спортшысы жуырда Бакуде ересектер арасында өткен әлем чемпионатында алтыннан алқа тағынып, айды аспанға шығарған болатын Бұл жарыста да Дарияның үстемдігі еш күмән туғызған жоқ. Жұбаныш бәсекесіне қатысу құқығына ие болған Ғалия Тынбаева алғашында Хайма Эдинариден айласын асырғанымен, келесі белдесуінде испандық Лаура Мартинес Абеланданың осал тұсын таба алмады.

21 қазанға дейін жалғасатын аталмыш жарыста Қазақ елі намысын алдағы күндері мына балуандар қорғайды:  

Ұлдар – Сұнғат Жұбатқан мен Бақытжан Әбдурахманов (66 кило), Аңсарбек Ғайнуллин мен Жанболат Бағытбергенов (73 кило), Ерасыл Болат пен Динахмет Рысымбек (90 кило) және Санжар Жабборов (+100 кило).

Қыздар – Аида Карчаева (57 кило), Мөлдір Нарынова (70 кило), Назерке Тілеуханова (78 кило) және Камила Берліқаш (+78 кило).

Ғалым СҮЛЕЙМЕН,

«Егемен Қазақстан»