Қазақстан • 18 Қазан, 2018

«Ұлттық чемпиондар 2.0» бағдарламасы басталды

376 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

«Бәйтерек» холдингінің мұрындық болуымен «Бәсекеге қабілеттілік көшбасшылары - Ұлттық чемпиондар 2.0» бағдарламасы басталды.  Бағдарлама Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 62-ші қадамына сәйкес жүзеге асырылады.

«Ұлттық чемпиондар 2.0» бағдарламасы басталды

Ұйымдастырушылардың хабарлауынша, халықаралық озық тәжірибелерді есепке ала отырып әзірленген бағдарламаның мақсаты – бәсекеге қабілетті, экспортқа бағытталған және технологиялық өңдеуші өнеркәсіптерді құруға көмектесу.

«Kazakhstan Project Preparation Fund» тарапынан техникалық экономикалық негіздеме жасау, Қазақстанның Даму Банкі мен «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының жеңілдікпен қаржыландырудың және пайыздық мөлшерлемені субсидиялау, сондай-ақ «Kazyna Capital Management»-тің үлестік қаржыландыруының құралдарын пайдалануы, сондай-ақ «KazakhExport» компаниясының қолдау шаралары сынды бірқатар кешенді жұмыстар осы бағдарламаның аясында жүргізілмек.

Бағдарламаға қатысу үшін кәсіпорындар бірқатар критерийлерге жауап беруі тиіс. Оның ішінде өңдеу өнеркәсібіне өтінім беру, штатта 100-ден астам адамның болуы және 300000 АЕК-тің жылдық кірісінің, экспортқа бағдарланған бағытының болуы, нарықта кемінде үш жыл болуы сынды талаптар бар.

Бағдарламаның мерзімі бес жылды қамтуға тиіс. Оның ішінде үш жыл - жүзеге асыруға, екі жыл – мониторингке жұмсалады. Бағдарламаның шарттары мен толық мәтіні, сондай-ақ тапсырыстың үлгісі «Бәйтерек» холдингінің ресми сайтында жарияланғанын айта кетейік.  

Арнұр АСҚАР

«Егемен Қазақстан»